Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев ресми келіссөздер немесе бейресми кездесулер болсын, жақсы дәстүрге айналып келеді. Алматыда осындай кезекті кездесу өтті. Президенттер екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, өңірлік күн тәртібін талқылады және жасанды интеллект көрмесіне, бірнеше қалалық нысандарға барды. Іле Алатауының баурайында бауырлас екі елдің жақындасуының тағы бір дәлелі болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

ЕКІ ЕЛ БАСШЫЛАРЫ АЛМАТЫДА ҚАНДАЙ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ?
29 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға келді. Мәртебелі мейманды Алматы әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Мемлекеттер басшылары бейресми кездесу өткізіп, қаладағы бірқатар нысанды аралап көрді. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты. Қазақстан мен Өзбекстан президенттеріне Алматы тау шаңғысы кластерін дамыту жоспары баяндалды.
Мемлекеттер басшыларына қала әкімі Ерболат Досаев Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты. Сонымен қатар, президенттерге шетелдік және жергілікті альпинистер мен туристер арасында танымал бағыттар таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев қала әкімінің еліміздегі ең ірі «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты жөніндегі есебін тыңдады. Қазіргі кезде мұнда 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал, шаңғы тебуге арналған трассаның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Былтыр Шымбұлаққа 1,4 млн адам келген.
Мемлекеттер басшылары Алматының туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Олардың пікірінше, әсем табиғат аясында орналасқан және дамыған инфрақұрылымы, сапалы жолы бар тау шаңғысы курорты – Орталық Азиядағы қысқы және жазғы демалысқа лайық ең тартымды орындардың бірі.
Президенттерге Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Бұл Алматы маңайында туристік әлеуетімізді барынша танытатын әлемдік деңгейдегі біртұтас ірі кластер құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев «Медеу» мұз айдынын аралап көріп, тау шатқалында орналасқан бірегей нысанның тарихынан сыр шертетін фотокөрмемен танысты.
Мұз айдынының әлемдік спорт тарихындағы орны ерекше. Президенттерге 1972-1991 жылдары мұнда әйелдер мен ерлер арасында өткен жарыстарда барлық қашықтық бойынша 247 рет рекорд орнатылғаны жөнінде айтылды. «Медеу» әлі күнге Қазақстанның ең танымал туристік нысандарының санатына кіреді. 2024-2025 жылғы маусымда мұз айдынына 460 мың адам келген.
Мемлекеттер басшыларына «Медеуді» орнықты туризм моделі бар әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін жаңа даму жобасы таныстырылды. Кешенді реконструкциядан өткізгеннен кейін сырғанау маусымы айтарлықтай ұзарып, мұздың сапасы жақсарады және конькимен сырғанау спортынан ашық аспан астындағы халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік пайда болады. Ал, спорт нысанынан сәл төмен орналасқан аумақ ашық алаңқайы мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдары бар рекреациялық аймаққа айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев алматылық спортшы Евгений Кошкинмен әңгімелесті. Ол биыл Әлем кубогінің соңғы екі кезеңінде жеңімпаз атанып, Азия ойындарында жүлделі орыннан көрінген болатын. Жуырда өткен Қазақстан спартакиадасында спортшы айқын жеңіске жетіп, 100 метр қашықтықта бейресми әлем рекордын жаңартты (9,31 секунд). Бұдан кейін мемлекеттер басшылары мәнерлеп сырғанау шеберлерінің өнерін тамашалады.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері AlmatyFair.ai көрмесіне барды, Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туындыларын тамашалады.
Жаһандық жаңашылдық немесе еліміз 2029 жылға дейін жасанды интеллектіні қалай дамытады?
БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУДЕ МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫ НЕ ДЕДІ?
Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің бейресми кездесуі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдіріп, мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты.
– Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бауырлас халықтарды жақындастыруға, аймақтың орнықты және қауіпсіз дамуындағы ортақ мақсаттарды ілгерілетуге Шавкат Мирзиёевтің зор үлес қосқанын атап өтті.
– Қазақстандықтар Сізді жақсы таниды және аса құрметтейді. Сіздің мықты әрі абыройлы көшбасшылығыңыздың арқасында Өзбекстан қарқынды дамып келеді. Өткен жылы өзбек экономикасының өсімі 6 пайыздан асқанын білеміз. Экономиканың барлық секторындағы мақсатты көрсеткіштер жоспарға сай атқарылып жатыр. Өзбекстан неғұрлым табысты дамыған сайын, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық та соғұрлым сапалы болады. Сондықтан, бүгінгі кездесуде нақты мәселелер бойынша пікір алмасамыз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Өзбекстан президенті екіжақты байланыстарды нығайтуды көздейтін бүгінгі кездесудің маңызына тоқталды.
– Мені өзіңіздің туған жеріңіз, атап айтқанда, Алматы қаласында достық пейілмен, екі халықтың дәстүріне сай ілтипатпен қарсы алып жатқаныңызға рақмет. Өзімнің және халқымның атынан ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз – одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Сізді Қазақстанның зор табыстарға жетуімен құттықтаймын. Экономикаларыңыз дамып келеді, жетістіктеріңіз жоғары. Бірінші тоқсанды 5,4 пайызбен қорытындылап отырсыздар. Бүгінгі кездесуіміздің сипаты ресми болмаса да, мен үлкен құраммен келдім. Дегенмен, әрбір осындай бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын жан-жақты талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. Кездесу соңында президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазақстан және Өзбекстан – ортақ тарихи бастауы бар елдер. Құдай қосқан көршілер. Бұған тілдің, мәдениеттің, дәстүрлер мен болмыстың ұқсастығы кепіл. Қазақстанда 620 мыңдай өзбек, ал Өзбекстанда 820 мыңдай қазақ тұрады. Сондықтан да, бауырлас елдер арасында барыс-келіс, алыс-берістің арта бергені қуантады.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Асхат Қасенғали, саясаттанушы:
– Түріктер мен әзербайжандар «бір ұлт – екі мемлекет» дегенді жиі айтады. Расымен де, ұқсас жақтары көп. Тіл, мәдениет тұрғысынан. Қарабақты Баку азат еткен соң, Қарабақтың төріндегі Шуша қаласында «Шуша декларациясы» деген жасалды. Ол не декларация? Қысқасы, екі ел стратегиялық әріптестігін кеңейтті. Жоғары деңгейдегі одақтастық құрды. Ол қорғаныс саласын да қамтыды. Әзербайжанға біреу шабуыл жасаса Түркия, Түркияға біреу шабуыл жасаса Әзербайжан қол ұшын созатыны айтылды. Бұл жалпы алмағайып саяси жағдайдағы қажеттіліктен туған келісім еді. Бір жағынан, сол аймақта Түркия өз ықпалын арттырғысы келеді. Екінші жағынан, Ресей де Кавказдан кеткісі жоқ. Иранның өз ойыны бар. Осы жағдайда Бакуге де, Анкараға да әлгіндей келісім керек-ақ еді.
Енді бүгін бізге Өзбекстан басшысы Мирзиеев келді. Тоқаев екеуі Алматыда бейресми кездесу ұйымдастырып жатыр. Бейресми формат маңызды. Көп дүние журналистер алдындағы форумда емес, шай ішіп, ет жейтін кешкі аста һәм бейресми кездесулерде шешіледі ғой. Хаттамасыз біраз дүние талқыланады.
Бұрын Қазақстан мен Өзбекстан арасында саяси салқындық болғаны жасырын емес. Каримовтың дәуірінен кейін екі ел арасындағы сол салқындық жойылғандай. Соңғы жылдары әріптестік тіпті артты, байланыс күшейді. Тауар айналымы 4 млрд доллар болыпты дейді, алдағы жылдары 10 млрд доллар болуы ықтимал. Осының ішінде негізгі үлес ауыл шаруашылығы екен. Шамамен, 1,7 млрд долларды құрайды. Бұл сауда-саттықтың үштен бірі деген сөз.
Бізден астық, бидай, ұн, өз–ағадан жеміс-жидек. Тауар айналымын арттыру үшін шекарада жаңа өткізу бекеттері ашылады. Сарыағаш – Ташкент бағытында теміржол желісі салынады. Жоба 2027 жылы аяқталуға тиіс. Жаңа бағыт ашылған соң жүк тасымалы жеңілдеп, көлемі арта түседі. Бұның бәрі екі елдің арасындағы, екі ұлттың арасындағы байланысты күшейтеді.
Бұл логистика үшін де маңызды. Мысалы, біз Иранға, Тәжікстанға, Ауғанстанға тауар жеткізу кезінде көбіне Өзбекстан аумағын қолданамыз. Жаңа теміржол тораптары мүмкіндікті арттырады.
Жалпы «Орталық Азияда бес ел бар болса, сол бес елдің жүру бағытын қазақ-өзбек тандемі анықтайды» дегенді сарапшылар жиі айтып жүр. Қазақстан экономикалық тұрғыдан аймақтағы ең қуатты ел және географиялық орналасуына байланысты логистикалық мүмкіндігі мол. Ал, Өзбекстан – аймақтағы халқы ең көп ел. Бұл тиімді әріптестікке жол ашады.
О баста «Шуша декларациясы» дегенді айтып қалдым ғой. Қазақстан мен Өзбекстан да стратегиялық әріптестікті кеңейту құжаттарына қол қойған болатын. Енді екі ел әскери байланысты күшейтіп, болашақта төнуі ықтимал қауіп-қатерге бірлесе қарсы тұратын келісімдер жасаса дұрыс болар еді. Халықаралық құқық аяққа тапталып, шекаралық сызықтарды мойындамайтын елдер бар сәтте, географиялық, тарихи және этникалық жақындығы бар қазақ, өзбек, қырғыз, түркіменнің татулығы, бірлігі қажет-ақ.