Биыл Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы. Қазақ өнерін аспандатып, музыкасын қастерлеген, ғасырда бір туатын талантты тұлғаның шығармашылығы – бүтін бір ұлттың алтын ғасыры іспеттес. Осы орайда асылдың сынығы Дінзухра Нұрғисақызынан әкесі туралы әсерлі естелік сұрап, сұхбаттасып көрдік. Ол Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған әйгілі «Отырар сазы» оркестрін басқарып отыр. Ұлтына жүзден астам музыкалық туынды қалдырған асыл әкесінің аманатына қиянат жасамаған текті қыз 2009 жылдан бері аталмыш оркестрді алға жетелеп келеді. Әкесі «Динара» деп еркелеткен Қазақстандағы жалғыз дирижер аруды әңгімеге тарттық.
«…ӘКЕМ ЖҰМЫС ІСТЕП ОТЫРҒАНДА МҮЛДЕМ МАЗАЛАМАЙТЫНБЫЗ»
– Дінзухра Нұрғисақызы, әңгімемізді балалық шағыңыздағы естен кетпес естеліктерден бастасақ…
– Мен кішкентайымнан сахнада өстім. Яғни, балалық шақ десе, менің көз алдыма әрдайым концерт алды дайындықтарда, концерттерде сахнаның сыртында ойнап жүретін кішкентай қыз елестейді. Әлі есімде, 8-9 жасымда Халықаралық әйелдер күніне арналған концертте музыканттар вальс ойнады. Сонда әкем мені биге шақырды. Көпшілік көрерменнің алдында билеуге ұялып, басымды төмен салып, артқа шегіне бердім. Соны байқаған әкем менің ыңғайыма қарай баяу биді жалғастырды. Күтпеген биден соң халық біраз уақыт қошемет көрсетті. Қазір ойласам, бұл ұялатын дүние емес екен. Керісінше, әкем мені сол кезден-ақ сахнаға баулыпты.
– Анаңыз жайлы көп мәлімет жоқ. Ол кісі Сіздің өнер жолын таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?
– Менің өнерді таңдауыма анам қарсы болған жоқ. Себебі, анам да музыкадан алыс адам емес. Ол кісі сабақтан келе салып, уақытты бос өткізбей дайындалуым керектігін сәт сайын есіме салып отыратын. Тіпті, шай ішіп отырғанда да бос отырмай, музыка жайлы ойлауыма ықпал жасайтын еді. Бастапқыда скрипка үйреніп жүрдім. Алайда, әкем скрипка үйренуіме қарсы болды. Кейін фортепиано сабақтарына жүйелі түрде қатыстым. Сегізінші сыныпта домбыраға қызығушылығым артты және композиция сыныбына да қоса барып жүрдім. Осының бәріне үлгеріп қана қоймай, мен басқа балалар сияқты ойнауға да уақыт табатынмын. Өйткені, әкем мені «тек бестікке оқуға тиіссің» деп ешқашан қыстаған емес. Ал анам болса, керісінше, сабақ үлгерімімнің өте жақсы болғанын, үлгілі оқушы болғанымды қалады. Дегенмен, «Тілендиевтің қызы болғандықтан бәріне үлгі-өнеге көрсетуің керек» деп қысым жасаған емес.
– Нұрғиса Тілендиев үйде қандай адам еді?
– Марқұм ағам екеуміз бала кезімізден әкеміздің ел танитын, жұртқа сыйлы тұлға екенін сезініп өстік. Ол кісіні жұмыс істеп отырғанда мүлде мазаламайтынбыз. Біз бүкіл қабатты өзіміз иемденген ерекше үйде тұрдық. Қазір ол жер әкемнің мұражай-үйі. Сонда ағам екеуміз өз бөлмемізге өту үшін ұзын дәлізбен жүру керек болатын. Әкеміздің жұмысына кедергі жасамау үшін аяғымыздың ұшымен жүріп, білдірмей өтетінбіз. Ол кісінің төсек үстінде отырып, газет-журналға арналған кішкене үстелге қажет-жарағын қойып жұмыс істеп отыратын бейнесі көз алдымда. Әкемнің тұла бойы тұнған әуен болғандықтан музыкалық аспаптарды аса қажет етпейтін. Әкем кітаптар мен шайдың, шыбынның ызыңы шықпайтын тыныштықтың ортасында отыратын…
«БІЗДІҢ ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫМЫЗ АЗ»
– Дінзухра Нұрғисақызы, Өзіңіз шығарған туындылар бар ма?
– Өзім әзірге ән шығармаймын. Дегенмен, домбыраға арналып жазылған бірнеше туындым санамда тұр. Тек оны жазуға уақыт пен шабыт жетіспей жүр. Қолайлы сәт туса, ол да жарық көретін болар.
– Әкеңіз жайлы аңыздар өте көп. Солардың ішінде қайсысы бірінші есіңізге түседі?
– Талантты жандар жайлы аңыздар көп қой. Әкем жайлы ел білетін, білмейтін оқиғалар да баршылық. Сол аңыздарда әкемнің домбыраны аяғымен де шертетіні жайлы айтылған. Өз көзіммен көрмеппін. Бірақ, әкемнің мұндай қасиетін растайтын көз көргендер бар.
– Білуімізше, есіміңіздің астарында бір сыр бар екен. Сізді көпшілік «Динара» деп те атайды…
– Иә, әкем мені «Динара» деп еркелететін. Біздің отбасымыз Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаевтың отбасымен өте жақын қарым-қатынаста болды. Үйіміз де жақын орналасқан еді. Дінмұхамед Қонаев және оның жұбайы Зухра Шәріпқызының құрметіне менің есімімді «Дінзухра» атаған екен. Ағам екеуміз сол кісілердің үйіне жиі баратынбыз. Димаш атамыз өзге елдердегі сапарынан әкелген тәттілерін бізге беріп, қылығымызды қызықтап отыратын. Ол кезде бір сағыздың өзіне мәз болатын баламыз ғой. Димаш ата бізді ерекше жақсы көрді және қамқорлығын аямады. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанда сол кісі сыйлаған сөмкемен барғаным есімде. Димаш Ахметұлы менің туған күнімде жұбайы Зухра Шәріпқызының қуыршақтар топтамасынан қуыршақ сыйлаған. Ол кезде жұбайы өмірден озған кезі еді. Сол қуыршақ қазірге дейін менде сақтаулы тұр. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғалар да кезінде үйіміздің сыйлы қонағы болған.
– Тілендиевтер әулетінің туыстары көп пе?
– Біздің жақын туыстарымыз аз. Анам отбасының жалғыз қызы. Ал әкемнің қос бауыры болған екен. Бірі ерте қайтыс болса, екінші бауыры соғыстан қайта оралмай, хабар-ошарсыз кетіпті. Сол кісіден туған Лариса әпкем қазір Павлодар қаласында тұрады. Ал өзімнің қызым бар. К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқиды. Болашақта мықты пианист болғысы келеді. Қазір музыканың тереңіне бойлап жүр. Сабақ үлгерімі де жақсы. Өнердің адам болашағына еш зияны жоқ деп ойлаймын. Керісінше, рухани байып, мақсаткер тұлғаға айналатыны анық. Сондықтан, әзірге қызым музыка әлемінде жүргенімен, келешекте нақты мамандығын өзі таңдайды және таңдауынан жаңылмайтынына сенемін.
«РЕПЕРТУАРДЫ ӨЗГЕРТУ ЖАЙЛЫ ҰСЫНЫС МЕНІҢ ТАРАПЫМНАН БОЛДЫ»
– Дінзухра Нұрғисақызы, бүгінде «Отырар сазы» оркестрінің басшысысыз. Бастапқыда қандай әсерде болдыңыз?
– Филармонияны аяқтайтын жылы мен К.Байсейітова атындағы мектепте оркестр дирижері болып жұмыс істедім. Сосын, дипломымды қолыма алғаннан кейін «Отырар сазы» оркестріне бас дирижердің ассистенті болып қабылдандым. Бір жылдан кейін талабымды байқап бас дирижер дәрежесіне көтерді. Мен басқара бастағанда көрермендер мен айналамдағы жандар менен әкемдегідей биіктікті күтті. Сонымен қатар, әкеммен жиі салыстыратын болды. Ал, бала кезден бірге өскен, өзім қатарлас музыканттар сынамай, мінемей, жақсы қабылдады.
– Сіздің балалық шағыңыздағы оркестр мен қазіргі оркестрдің арасында айырма бар ма?
– Әрине, бар. Тіпті, айырмашылық жер мен көктей. Әкем өмірден озған соң «Отырар сазында» көптеген өзгерістер орын алыпты. Мысалы, құрамында адамдар азайған. Мен басшылыққа келген соң он адам қосылды. Қазір оркестрімізде 66 музыкант жұмыс істейді. Біз әйгілі оркестрдің деңгейін, абыройын, кәсіби шеберлігін және аспаптардың қадір-қасиетін жойған жоқпыз, барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Қазіргі кезеңде «Отырар сазы» тек ұлттық аспаптарды қолданатын Қазақстандағы жалғыз оркестр екені көпке мәлім.
– Өзіңіз оркестрге қандай өзгерістер енгіздіңіз?
– Біріншіден, біздің репертуарымыз аздап өзгерді. Онда заманауи ізденістерді, өзгерістерді қостық. Яғни, бұрыннан бері келе жатқан қазыналарымызды заманға сай әрлеп, өңдеп халыққа ұсынып жатырмыз. Бұрын оркестрге көбінесе жасы үлкен кісілер келетін болса, қазір көрермендердің басым көпшілігі жастар. Жастардың рухани азық іздеп, ұлттық құндылықтарымызды тануға ұмтылуы көңіл қуантады. Репертуарды өзгерту жайлы ұсыныс менің тарапымнан болды. Бастапқыда «Қалай болар екен?!» деп сенімсіздік танытқаным рас. Дегенмен, осы қадамыма қазір ризамын. Өйткені, бір ғана бағытпен, бір сарындылықпен көрерменді жалықтырып алуымыз әбден мүмкін. Қазіргідей ақпарат пен жаңалықтар сансыз көп заманда біз де заман ағымына сай жұмыс істеуге тиіспіз. Ұжымымызға жастар да қосылды. Консерваторияны енді ғана бітірген жастарды жұмысқа алдым. Әкемнің көзін көрген, тәжірибелі, тәлімі мол жандар да бар. Ұжымның ұйымшыл болғаны, бір-бірімен тәжірибе алмасып, алдыңғы буын кейінгі буынға үлгі болғаны керемет емес пе?! Репертуарға енген өзгерістерді ұжым да жақсы қабылдады. 2013 жылы болған «Оркестрлер парадында» «Шахерезада» балетін біздің оркестр сүйемелдеді. Сондағы халықтың қошеметін көріп, репертуар жайлы күмәнім толықтай өзгерді.
«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ДИРИЖЕР ӘЙЕЛМІН»
– Дінзухра музыкант болмағанда, Сізді басқа қандай саладан көруіміз мүмкін еді?
– «Музыканы, өнерді бекер таңдаппын» деп ешқашан өкінген емеспін, өкінбеймін де. Өйткені, музыка мені таңдады ғой. Ол менің – тағдырым. Елордаға қоныс аударып, басқа салаларға үлес қосуға аса ынталы емеспін. Себебі, «Отырар сазы» – әкемнен қалған асыл мұра, аяулы аманат секілді. Оның жолын жалғау маған парыз әрі зор жауапкершілік. Тыңдармандар тек эстраданы ғана емес, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін әсем әуенге де құмартса ғой деп армандаймын. Ол үшін әрбір ата-ана перзентінің бойына ұлттың асыл қасиеттерін жастайынан сіңіру керек. Мәдени іс-шараларға жиі апарып, баланың көңіл көкжиегін кеңейткен кезде ұлттың музыкасына да жанашыр ұрпақ қалыптасатын болады.
– Дінзухра Нұрғисақызы, ТМД елдерінің ең жас дирижерісіз. Жас басшы болып қана қоймай, әйел дирижер болу оңай емес шығар…
– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Сенім артып, жауапкершілік жүктеген жандарға алғысым шексіз. Бірақ, менен кейін көптеген оркестрлердің басшылығына жастар тағайындалды. Қателеспесем, соның ішінде Қазақстандағы жалғыз дирижер-әйел менмін.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен:
Әлия ІҢКӘРБЕК,
«Qazaq» газеті
(Суреттер the-steppe.com сайтынан алынды)