Жібек жолының жаңа дәуірі: Еуропа Одағы неге Орталық Азиямен байланысты нығайтқысы келеді?

0
610
Қазақстан Еуропа Одағы нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын...

Өткен аптада, 3-4 сәуір күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өтті. Оған Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен және Орталық Азияның бес мемлекетінің президенттері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Президент ерекше қонақжайлық көрсеткен және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Орталық Азия мен Еуропа Одағы қалай ынтымақтасып жатқанына тоқталады.

Самарқандтағы саммитте Брюссель Орта Азия елдеріне құны 12 миллиард еуро болатын «Ғалам қақпасы» инвестициялық пакетін ұсынды…

ТРАНСКАСПИЙ ДӘЛІЗІ: ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ ЕУРОПАҒА ЖОЛ

Қазақстан президенті геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударып, 82 млн халқы бар өңірдің 5 елі мен кәрі құрлықтағы 450 млн халық тұратын 27 елдің басын қосатын саяси-экономикалық одақтың келешектегі күн тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды. Өйткені, Еуропа Одағы – әлемдегі АҚШ пен Қытайдан кейінгі ірі экономика саналады. Еуропа Одағы аймақтың екінші ірі сауда серіктесі және жетекші инвесторы болып қалып отыр. Аймақтағы инвестицияның 40 пайыздан астамы Еуропа Одағынан келеді.

Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағы нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.

Мемлекет басшысы энергетика саласын ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты ретінде атады.

– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен, шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз. Қазақстан жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. «Total», «Eni», «Svevind» секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді президент.

САУДА МЕН ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сирек кездесетін минералдарды игеру саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы зор.

Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар. Сонымен қатар, еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр. Бұл ретте президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын кеніштер, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкіндігі бар деп санайды. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. 2027 жылға қарай жүк көлемін он миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған «Global Gateway» стратегиясына қолдау білдірді.

Қазақстан декарбонизация бастамаларын белсенді жүзеге асырып келеді. Президент еліміздің әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Өткен жылы Қазақстанда Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашылды.

Расында, Самарқандтағы саммитте Брюссель Орта Азия елдеріне құны 12 миллиард еуро болатын «Global Gateway» («Ғалам қақпасы») инвестициялық пакетін ұсынды. Ол екі аймақ арасындағы транспорт байланысын арттырып, маңызды шикізат өндірісі, цифрлық байланыс, су және энергия саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған.

Мемлекет басшысы цифрлық технология мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша тоқталды.

– Қазақстан аталған салаларға инвестицияны арттырды. Жыл басында Президент жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды. Қазір елімізде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама басталды. Астанада «Alem.ai» жоғары технологиялар орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол инновацияны енгізумен, стартаптарды қолдаумен және осы салада зерттеулер жүргізумен айналысады. Бұдан бөлек, біз жасанды интеллект саласының дамуын жеделдету үшін венчурлік қорды іске қостық. Еуропа Одағы «Team Europe» бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда «Astana Hub» базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуропа Одағы еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.

– Мемлекеттеріміз «Erasmus+», «Horizon Europe» бағдарламалары және тағы да басқа бастамалар аясында ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Қазақстанда отыздан астам шетелдік университеттің бөлімшелері ашылды. Бұл елімізде академиялық білімнің өркен жаюына ықпал етеді. Біз гранттар мен стипендиялар санын көбейтуге мүдделіміз. Мұндай бірлескен бағдарламалар бірқатар Еуропа елдерімен жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді президент.

ҚАЗАҚСТАН КЕЗ КЕЛГЕН ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ШЕШІЛУІН ЖАҚТАЙДЫ

Мемлекет басшысы орнықты дамудың басты кепілі саналатын халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанады және барлық мүдделі мемлекеттермен, негізгі халықаралық құрылымдармен, соның ішінде Еуропа Одағымен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Президент жаһандық тұрақсыздық шиеленісе түскен кезеңде әлемдегі күрделі оқиғаларға баға беруде барынша байыптылық танытып, жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ, ол барлық елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді. Ұйымның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.

– Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен, шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді президент.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталықты құру туралы қарарды бірауыздан қабылдағанын айтып, жиын қатысушыларына Қазақстанның бастамасын қолдағанына ризашылық білдірді. Оның пікірінше, Орталық Ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетуге, өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады.

Сондай-ақ, саммитте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

2023 жылдан бастап Батыс елдерінің басшылары Украина соғысы басталғалы қалыптасқан экономикалық және саяси бос кеңістікті пайдаланып, Орталық Азияға мемлекеттік сапармен баруды жиілетті. Көмірсутегі ресурстары мен маңызды шикізат көздеріне өте бай аймақтың бірі саналатын Орталық Азия жаңа серіктес тауып, бұрынғыларымен қарым-қатынасты нығайта түсуге көп көңіл бөлді. Брюссель де, Франция, Германия сияқты жекелеген елдер де аймақпен дипломатияны нығайтуға көшті. Нәтижесінде, Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы сауда бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соңғы жеті жылда тауар айналымы төрт есеге өсіп, 54 млрд. еуроға жетіп жығылады. Бұл – Еуропаның Орталық Азияға деген қызығушылығы артып, өңірді стратегиялық серіктес ретінде қарастыра бастағанының белгісі.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here