Санкция салқыны: Ресей Дональд Трампқа не ұсына алады?

0
913

Күллі әлем көз тіккен Кремль мен Ақ үйдің соғысты тоқтату туралы келіссөзі кәдеге асса, Украинамен бірге Еуропалық Одақ та дағдаруы мүмкін. Кәрі құрлықтағы көшбасшыларды бітімнің салдары толғандырмақ. Әлем елдері Ресеймен қайтадан сауда-саттық жүргізіп жатқанда, Еуропалық Одақтың шектеу шараларын күшінде қалдыруы қаншалықты орынды? Санкциялар пакетінен келетін шығындарға шыдауға қаншалықты дайын? Сананы тұрмыс билеп, нарықтың дауылы ұстанымдарынан тайдырмасына кім кепіл? Мәскеу мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық байланыс қайта жанданса, саясатпен ғана шектелмейді. Экономикалық мүдде де алдыңғы орынға шығады. Ресей тарапынан Кирилл Дмитриевтің мәмілегер болуы осының айғағы. Ол Кремль басшысының инвестициялық және экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі. Владимир Путиннің үмітін үкілеген шенеунік осы аптада Ақ үйге іс сапармен барды. Украина соғысы басталғалы Ресейдің бірде-бір жоғары лауазымды шендісі Вашингтонға аттап баспаған еді. Құлабыз елшінің рөлін Кирилл атқарып, америкалық әріптестерімен жүздесті. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында Ресей-АҚШ келіссөздеріндегі қайшылықтарға тоқталады.

САНКЦИЯ ЖАҒАДАН АЛҒАНДА, «ТАҚТАТАС ТӨҢКЕРІСІ» ЕТЕКТЕН ТАРТАДЫ

АҚШ үкіметі Ресейден қандай пайда көруге боларын қарастыруда. Ынтығып отырғандары сол баяғы газ бен мұнай. Онда да бұрын америкалық компаниялар қатысқан жобаларға ғана аңсары ауып тұр. Атап айтқанда, «ExxonMobil» ат салысқан «Сахалин-1» мұнай жобасы мен Кар теңізіндегі бастама және атышулы «Солтүстік ағын-2» газ құбыры.

«Сахалин-1» – 1990 жылдары басталған халықаралық жоба. Ресей Қиыр Шығысындағы теңіз астындағы кенін игеруге жапондық және үнділік компанияларды тартты. Ал, америкалық «ExxonMobil» компаниясы жобада жетекші рөл атқарды. Жүзеге асыру үшін инвестиция құйып, қажетті технологиялармен қамдады әрі стратегиясын түзді. Бірақ, 2022 жылы Ресейге санкция салынысымен, компания ойыннан шығуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен жобаның қарқыны бәсеңдеді. Уақытша мұнай өндіру көлемі күрт төмендеді.

Ұзамай Ресей үкіметі жобаны басқарып отырған компаниялардың құрылымын қайта өзгертті. Жаңадан компания ашып, бұрынғы шетелдік акционерлеріне одан үлес ұсынды. Ал, жобаның тізгінін «Роснефтьтің» еншілес мекемесіне тапсырды. «ЕххоnMobil» басшылары бұл ұсынысқа көнбеді. Енді ресейлік тарап компанияға тиесілі үлесті сатпақшы. Түскен табыстан айыппұл мен салықтардың ақшасын ұстап қалып, қалғанын «ExxonMobil»-дің шотына аудармақ. «Санкциядан соң жол ортада жобадан шыққаны үшін, кейбір шарттарды бұзғаны үшін және салық төлемегені үшін» деген желеумен америкалық компанияны тығырыққа тіремек. Ресейлік қаржыгерлер мен экономисттер есебін жүргізіп те үлгерген. Олардың санауынша, «ExxonMobil»-дің берешегі 150 млрд рубльді құрайды.

Бұл Ресейдің шырғасы болуы бек мүмкін. Формальды тұрғыдан қарағанда ешқандай тәркілеуге жатпайды. Бірақ, есепшоттағы ақшаның көп бөлігін әрнені сылтауратып өздеріне қалдырады. Активтерді сату мәселесі түрлі уәждермен кейінге шегерілуде. АҚШ санкцияларды алып тастаған жағдайда ғана «ExxonMobil» тиісті үлесін алмақ. Әйтсе де, қаржыны жаңа заңдық негізде, жаңа шарттар рәсімдеп қана қайтаруы ықтимал. Түптеп келгенде, бейресми бұғатталған ақшаның әуресі көп. Құдды қақпанға салынған ет тәрізді жаңа міндеттемелер артып, шеңгелін батыра түспек.

Кар теңізіндегі жоба 2010 жылдан бастап қолға алынды. Сол тұста қыл өтпестей тату көрінген «Роснефть» пен «ExxonMobil» бірлесіп, он шақты жобаларды қолға алған еді. Аталмыш жоба солардың ішінде аса маңызға ие болатын. Арктикадағы геологиялық барлау жұмыстары айтарлықтай қарқын алды. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асып келе жатты. 2014 жылы бұрғылау жұмыстары басталғанда, Ресей Қырымды аннексиялап, Донбаста қарулы қақтығыстар орын алды. Ол аздай малайзиялық «Боинг» ұшағы апатқа ұшырап, АҚШ-тың Ресейдің мұнай өнеркәсібіне санкция салуына ықпал етті. Нәтижесінде, «ExxonMobil» бастаманы лажсыздан аяқсыз қалдырды.

Осыдан соң, «Роснефть» әлемдегі ең ірі мұнай кенін тапқанын жарияға жар етсе де, жоба жалғасын таппады. Себебі, Арктикадағы бұрғылау процесі мұнайдың құнды кезінде басталды. Бірақ, бірнеше айдан соң қара алтынның бағасы арзандап, сол күйінше бұрынғы деңгейге көтерілмеді. Жобаға кетер шығын өз құнынан асты. Тіпті, Қырым үшін санкциялар салынбаған күннің өзінде де жоба іске қосылмас еді. Мәселен, «Shell» компаниясы 2010 жылдың басында Алясканың солтүстік қайраңында біршама барлау жүргізіп, ақыры жобаны жауып тынды. АҚШ-тағы «тақтатас төңкерісі» мұнай өндіру саласына бетбұрыс жасады. Бұрын қара алтын жердің терең қатпарларынан немесе мұхит түбінен алынып келген болса, жаңа тәсіл процесті жеңілдетті. Мұнайды жер беткейінен алатын мүмкіндік туып, өндіру құнын арзандатты. Қысқаша айтсақ, тақтатас (сланец) – жер қойнауындағы табиғи минералды жыныс. Термикалық әдіс арқылы тақтатастан мұнай шайырын алып, өңдейді. Сондай-ақ, жақсаң көгілдір отынға айналады. Міне, осы тақтатас жыныстары мен термикалық технология әлемде үлкен төңкеріс жасады. Сәйкесінше, АҚШ-та мұнай өндіру көлемі күрт артты. Шикізаттың молдығы бағаны түсірді. Солайша, ит арқасы қияндағы Арктика сынды климаты қатаң өлкелердегі өндірісті тиімсіз етті.

«ExxonMobil»-дің қаржылық ресурсы АҚШ-тағы тақтатастардан мұнай өндіруге әбден жетеді. Термикалық әдіс тұрғанда ескі соқпаққа түсіп, Кар теңізіндегі жобаға шығынданып қайтсін? Оның орнына Гайананың қайраңынан мұнай өндіруді таңдады. Себебі, мұның өндірістік шығындары алғашқысынан әлдеқайда төмен.

ҮЗІЛГЕН АҒЫН

Көптеген нұсқалар мен жобалардан барқадар таппасын түсінген соң, дипломаттар «Солтүстік ағын-2»  жобасының болашағына қайта үңілді. Аталмыш жоба – Балтық теңізінің түбімен өтетін параллельді екі газ құбырының желісінен тұрады. Әр желі жылына 27,5 млрд текше метр сұйық газ айдауға қабілетті. Құбыр Ленинград облысынан Эстония шекарасының маңынан басталып, Балтық теңізі арқылы Польша шекарасына жақын Германия жағалуына жетеді.

«Солтүстік ағын-2» жобасының тұжырымдамасы Дмитрий Медведев президенттік лауазымда болғанда әзірленген еді. Құрылыс жұмыстары 2014 жылдан кейін басталды. Украина бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Тіпті, АҚШ-ты араға салып, Германияны ықтыруға тырысты. Берлинге қысым жасатып, жобадан бас тартуға итермеледі. Нәтижесінде, жобаның 49 пайызын иеленуге тиісті еуропалық энергетикалық компаниялар шешімдерін өзгертті. Олар геосаяси жағдайларға байланысты жобаға акционер ретінде қатысудан бас тартты. Сөйтіп, «Газпром» Германияда тіркелген жобалық компанияның жалғыз акционері болып қалды. Әйтсе де, іс жүзінде еуропалықтар жобадан шеттелмеді. Акция сатып алмағанымен, сол көлемдегі ақшаны несиеге беріп, жобаны қаржыландыруға көмектесті. Сырт көзге арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін қадам болып көрінді. Құбыр тарту жұмыстарына швейцариялық-нидерландтық «Allseas» компаниясын жалдады. Алайда, 1200 шақырымдық құбырдың көбі салынып, азы қалғанда Украинаның табанды талабы өз жемісін берді. 2019 жылдың соңында АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп Киевтің қолайына жағатын әрекетке барды. Ол «Солтүстік ағын-2» құрылысына қатысқан компанияларға санкция енгізу туралы Конгресс мақұлдаған заңға қол қойды. Бұл негізінен құбыр құрылысын аяқтауды қиындатуға бағытталған шара еді. Әйткенмен, «Газпром» жұмысқа қажетті кемелерді тауып, дер кезінде жабдықтап, істі мәресіне жеткізді. 2021 жылдың жазына қарай құбырды газға толтырды. Енді тек құбырдың шүмегін ағыту үшін қажетті ресми құжаттардың рұқсаты ғана керек еді. Польша үкіметі юрисдикциялық пункттерді қолданып, барынша қарсылық танытты. Еуропа соттарына шағымданып, құбыр жұмысын тоқтатуға әрекеттенді. Антимонополиялық баптарға селкеу түскенін алға тартып, аттай тулады. ЕО заңдарына сәйкес, өз нарықтарында бір ғана компания сауда жүргізбеуі тиіс. Олар сол саладағы басқа да бәсекелес ұйымдардың болуын қадағалайды. Себебі, монополистер бәсекелестікті жойып, нарыққа жеке дара үстемдік етеді. «Солтүстік ағын-2» компаниялық жобасының жалғыз акционері «Газпром» болғандықтан, Польша үкіметі мұны монополия деп таныды. Бір ғана компанияның тұтас Еуропаға газ жеткізуін құптамады. Бірақ, мұның астарында саясаттың барын да жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, дәл сол уақытта Түркиядан Италияға дейін созылған ТАР құбыры іске қосылып, тек қана азербайжандық газ тасымалданды. Бұл ағын ешкімді алаңдатқан жоқ.

2022 жылдың басында Ресей қалың әскерін Украина шекарасына жинай бастағанда Германия «Солтүстік ағын-2» жобасына санкция салды. Берлин үкіметі осы арқылы соғысты тоқтатуға тырысты. Ал, соғыс басталардан бір күн бұрын АҚШ «Солтүстік ағын-2 AG» деген компанияны санкциялық тізімге қосты. Бұл компания құбыр жобасын жүргізген басты фирма еді. Құбыр толық салынып, сақадай сайланғанымен, сол күйінше қосылмады. Бір текше метр газ айдамастан қаңсыды.

АҚШ-ҚА «СОЛТҮСТІК АҒЫН-2» ҚҰБЫРЫН ЖАҢҒЫРТУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ?

АҚШ ресейлік газ тасымалының артуына қалай қарайды? 2019 жылғы Украинаның келтірген уәждері орынды болатын. АҚШ расымен де өзінің сұйытылған газын Еуропаға сатуға мүдделі. Ресейлік газдың кәрі құрлыққа мол мөлшерде ағылуы тиімсіз. «Goldman Sachs»-тің болжамына сүйенсек, 2026-2030 жылдары нарықтағы газ көлемі тұтынушыларға қажет көлемнен асып түспек. Ал, мұндай жағдайда көгілдір отынның құны арзандайды. Оның үстіне Ресей газын Еуропаға көп мөлшерде әрі арзан бағада берсе, АҚШ-тың сұйытылған табиғи газын (СТГ) ешкім алмай қоюы мүмкін. Сол себептен АҚШ-қа Ресейдің газ экспортын дер шағында ауыздықтамаса болмайды.

АҚШ-тың өз экспортын саябырлатып, Ресейге жол беруіне Еуропадағы сұраныстың қатысы жоқ болуы да мүмкін. Бір ғана мысал, бүгінде АҚШ жасанды интеллектіні дамытуға білек сыбана кірісуде. Тиісінше, дата-орталықтардың электр қуатына деген сұранысы күрт артуы ықтимал. Мұндай жағдайда, АҚШ өз газын экспорттаудан гөрі көгілдір отынды электр станцияларына жұмсауды жөн көреді. Яғни, газды Еуропаға саудалаудан бұрын ішкі қажеттіліктерін өтейді.

Тағы бір сценарийді қарастырып көрелік. Трамп әкімшілігі ел ішінде газ бағасы шарықтап кетпеуі үшін тұтынушылардың талабына құлақ асып, экспортты шектейді. Бұрын осыған ұқсас сценарий орын алған. Вашингтон үкіметі дәл осы себепті көп жылдар бойы өзінің шикі мұнайын шетелге сатуға тыйым салған еді. Егер тарихи цикл қайталанса, онда АҚШ-қа ресейлік газдың экспортын бақылауда ұстап, одан түсер транзиттік табыстан пайда көру маңызды болар еді. Дегенмен, бұл нұсқаның орындалу ықтималдығы әзірше аса жоғары емес.

УКРАИНА ҰТЫЛА МА, ҰТА МА?

«Солтүстік ағын-2» арқылы газ тасымалдау Украинаға қаншалықты қолайлы болмақ? Біріншіден, бұл бағыт Украина арқылы өтпейтіндіктен, Киев үкіметі транзиттік табыстан қағылады. Сондай-ақ, Ресей мен Еуропаны жалғайтын стратегиялық позициясынан айырылады. Мұның экономикалық және саяси себептерін алдыңғы мақаламызда тарқатқан едік. Алдыңғы кезекте сөзсіз транзиттік табыс пен Ресейге ықпал етер көзірінен айырылады. Бұл картамен блефт жасап алысқа бара алмайтындарын соғыс көрсетті. Ал, жылдар бойы алып келген әр текше метр үшін төленетін ақының жөні бөлек. Ел экономикасына елеулі із қалдырады. Бірақ, «Солтүстік ағын-2» Украинаны майлы жіліктен айырса да, сорпасы бұйырмақ. Себебі, осының салдарынан газ бағасы біршама төмендеуі кәдік. Тасымалдау көлемі артса, нарықтағы құны бәсеңдейді. Бұл игілікті Украинада көрмек. Қорыта айтқанда, аталмыш жобаның Украинаға пайдасы мен зияны қатар тимек.

РЕСЕЙ КЕЛІСЕ МЕ?

Тағы бір маңызды сауал туындайды: Ресей газын жеке америкалық инвесторлар бақылап, әмірін жүргізетін құбыр арқылы сатуға келісе ме? Әлде, «Солтүстік ағын-1» құбырын қалпына келтіруге тырыса ма? Ал, егер АҚШ «Солтүстік ағын-2» құбырын жеке кәсіпкер Стивен Линч арқылы сатып алса, Кремльдің ұтары шамалы. Себебі, Ресей бағытқа иелік ету құқығынан айырылып, АҚШ-тың энергетикалық ықпалы артады.

Құлаққағыс ете кетейік, америкалық кәсіпкер Стивен Линч «Солтүстік ағын-2» құбырын сатып алуға құлшынып отыр. Осы құбыр арқылы АҚШ-тың Еуропадағы стратегиялық позициясын нығайтпақ ниетте. Жалпы, Линч бұған дейін де Ресейдің санкцияға ұшыраған активтерін бірнеше рет сатып алған. Мысалы, 2022 жылы Швейцариядағы Сбербанктің филиалын еншісіне байлаған болатын. Әйткенмен, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Газпром» компаниясының құбырды Линчке сатуға құлықсыз екендігін мәлімдеді. Әзірге, Ресейдің қай жолды таңдарын кесіп айту қиын. Ресей мен «Газпром» Еуропаға газды АҚШ-тың бақылауындағы құбыр арқылы тасымалдауға көнуі де мүмкін. «Жоқтан жақсы» деген пессимистік қағидаға мойынсұнуы кәдік. Дегенмен, Мәскеудің халықаралық беделін алдыңғы орынға қоярын қаперден шығармағанымыз абзал. Стратегиялық позициясынан айырылғысы жоқ.

Тағы бір айта кетерлігі, «Солтүстік ағын-2» құбырын қыруар қаражатқа алайын деп отырған Линч те жоқ. Бұл саудадан Ресей жыртығын жамамайды. Кәсіпкер АҚШ үкіметінен санкцияға ұшыраған тараптармен келіссөздер жүргізуге рұқсат сұраған. Ол құбырды банкроттық аукционда арзан бағаға сатып алудан дәмелі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Солтүстік ағын-2» газ құбырының болашағы көптеген саяси, құқықтық және экономикалық факторларға байланысты. Ресей, АҚШ және Еуропалық Одақ арасындағы келіссөздер көп қырлы сипатқа ие болып келеді. Әр тарап өз жағына тартқан сайын жағдай шиеленісіп барады. Қос тараптың амбициясын тежеп, құрлықтағы энергетикалық ахуалды теңгерімде ұстауда Германияның маңызы зор болмақ. Әзірге, Берлин үкіметі тасадағы ойыншы. Түптеп келгенде, барлық игілікті Германия көреді. Құбырға АҚШ иелік етсе де, Ресей иелік етсе де, айналып келгенде Германияның Еуропадағы позициясы нығаяды. Себебі, Берлин үкіметі мемлекетті құрлықтағы энергетикалық хабқа айналдыруды көздеп отыр. Қай тарап жеңіске жетсе де ұпайы түгел. Десе де, елеулі тәуекелдер бар. Мәскеу тағы да санкцияға ұшыраса, энергетикалық кіріптарлыққа тап болады. Егер жер асты қоймаларында бірнеше жылдық газ қорын жинап үлгерсе, мұртын балта шаппайды. Оған қоса, танкер арқылы АҚШ-тан газ тасымалдау мүмкіндігі де бар.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here