ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қаныш Сәтбаевтың шығармаларының толық жинағының салтанатты тұсаукесеріне қатысты.
Шараға қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық ғылыми мұрасымен танысты. Басылымға 1923-1963 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектер, оның ішінде монографиялар, мақалалар, баяндамалар, геологиялық барлау есептері, карталар, ғылыми-техникалық жобалар және рухани мұра саласындағы жұмыстар енген. Барлық материалдар хронология және тақырып бойынша жүйеленіп, заманауи ғылыми және баспа стандартына сәйкес жасалған. Жинақта академиктің ғылыми мұрасының ауқымы және оның отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі жан-жақты қамтылған.
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов салтанатты жиын барысында атқарылған жұмыстың маңызы мен оның болашақ ұрпаққа құндылығын атап өтті. Ол Қаныш Сәтбаевтың есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылғанын айта келіп, оның ғылыми және адамгершілік мұрасын кеңінен жария ету – біздің ортақ азаматтық міндетіміз екенін жеткізді.
Алтынбек Нухұлы өз сөзінде ұлттық ғылым, тарихи зерде мен ұрпақтардың рухани сабақтастығын сақтауда жобаның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, академиктің еңбектері – бұл жай ғана ғылыми мұра емес, жастардың отандық ғылымға және оның негізін қалаушыларға деген мақтаныш сезімін қалыптастыратын ұлттық кодтың бір бөлігі.
«Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағы – бұл ұлы ғалымның ғылыми жолының көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға қосқан маңызды үлесі. Оның әрбір еңбегінде терең ой, стратегиялық көзқарас және өз еліне шексіз берілгендік бар. Бұл жинақ – ғалымдардың жаңа ұрпағына кең көкжиек ашатын, жастардың ғылымға деген ынта-ықыласын арттыратын және болашақ алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыратын білімнің ең құнды көзі. Оның мұрасы ғылымды одан әрі дамыту үшін берік негіз болып табылады және жас қазақстандықтарды туған жерін зерттеуге, ашуға және оған қызмет етуге құлшындырады», – деп атап өтті депутат.
Шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және білім саласындағы жетекші мамандар қатысты.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінен қолдау тауып, «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығымен жүзеге асып отыр.