Жетісу университетінде «Заманауи ұстаз: интеллект, шабыт, шеберлік» ХVI республикалық пәндік олимпиадасы өтті

0
655

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Заманауи ұстаз: интеллект, шабыт, шеберлік» атты ХVI республикалық пәндік олимпиада өтті.

«6В013 – Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау» бағыты бойынша өткен білім сайысына еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарынан 18 команда қатысып, бақ сынады. Олимпиаданың ашылу салтанатында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің әр өңірінен келген студенттерге сәттілік тіледі.

Республикалық пәндік олимпиада төрт кезең бойынша ұйымдастырылды.

«Заманауи ұстаз келбеті» атты алғашқы айналымда командалар өздерін таныстырса, «Күш – білімде!» атты теориялық кезеңінде болашақ педагогтардың кәсіби білімі мен тапқырлығы тест тапсыру арқылы сынға түсті.

«Мұғалім – білім сиқыршысы» атты үшінші кезеңде командаларға шығармашылық тапсырма берілді. Онда сайыскерлер сындарлы ойлау, шығармашылық ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын көрсетті.

«Педагогикалық симфония» кезеңінде ашық бейне сабақтар өткізіліп, болашақ маман ретінде шеберліктерін шыңдай түсті.

Олимпиада қорытындысы бойынша Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Ustaz Nation» командасы үздік деп танылып I орынды жеңіп алды.

Абай атындағы ҚазҰПУ – «AbaiStar’s» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Syrwave – «Сыр толқыны» командалары II орынды иеленді.

III орын Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті – «Yessenov Jastary», Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті – «Samruk», ҚазҰҚызПУ – «Inside» командаларына берілді.

Университет қабырғасында алған теориялық білімдерін тәжірибемен шебер ұштастыра білген өзге де командалар «Шабыттандырушы ұжым: интеллект және шеберлік», «Зияткерлік көшбасшылар», «Педагогикалық ғажайып жасаушылар», «Заманауи білім майталмандары», «Жаңа білім шеберлері», «Білім мен шабыттың ұжымы», «Инновациялық тәсілдердің шебері», «Кәсіби шеберліктің үлгісі», «Көрермен көзайымы», «Үздік педагогикалық тәжірибе», «Креативті сабақ», «Ең шығармашыл команда», «Педагогикалық шабыт» номинациясы бойынша марапатталды.

ХVI республикалық пәндік олимпиадасы студенттердің болашақ мамандығына қызығушылығын арттырып, кәсіби қабілетін ашуға, білімді жастарды  қолдауға бағытталып отыр.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here