Абай университетінің өкілдері Қытай халықаралық білім көрмесіне (СIEET-2025) қатысып жатыр

0
913

2025 жылдың 11 сәуірінде Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Қытай халықаралық білім беру көрмесі (CIEET-2025) басталды. Аталған шараға РHIHUA халықаралық білім беру технологиялық орталығының арнайы шақыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен ректордың кеңесшісі, Баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Байбосынов пен Филология факультеті қытай тілі және қытайтану кафедрасының меңгерушісі Гулия Алиханқызы қатысып жатыр.

Халықаралық білім беру көрмесі алдында (CIEET 2025) «Сапа, сенім және қауіпсіздік: шетелдегі білім берудің тұрақты әрі орнықты дамуы» атты халықаралық форум өтті. Оған әлемнің 200-ден астам жоғары оқу орнынан келген мыңнан астам делегат қатысты.

Форум негізінен студенттерге халықаралық білім беру саласындағы үш негізгі элемент – сапа, басқару және қауіпсіздікке назар аударып, білім беру жүйесін жақсартуды, студенттерді бағалау жүйесін, студенттердің қауіпсіздігін, оқу мен жұмысты байланыстыруды талқылайды. Сонымен қатар білім алмасудағы қиындықтарды шешуді, жаһандық білім беру басқаруына қатысуды нығайтуды көздейді.

Қытай Халық Республикасының Білім министрлігінің қолдауымен CIEET шетелде білім беру бастамаларының сапалы дамуына ықпал етуге, сондай-ақ Қытайдың білім беру саласындағы ашықтығын жеделдетуге және кеңейтуге бағытталған маңызды шара саналады. Ал халықаралық білім беру көрмесін (CIEET 2025) дәстүрлі түрде Қытайдың Ғылыми алмасуға қызмет көрсету орталығы (CSCSE) ұйымдастырып келеді. Бұл көрме Қытайдағы ең ықпалды және ауқымды халықаралық білім беру көрмелерінің бірі болып есептеледі.

CIEET-2025 көрмесі Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, екі елдің білім мен ғылымның дамуына ықпал етуге және Абай университетінің білім саласындағы мықты жақтарын көрсетуге және шетелдік талапкерлерді тартуға мүмкіндік береді.

Ғылыми алмасуға қызмет көрсету орталығының өкілдері мен көрмені ұйымдастырушылар Абай университетіне осы іс-шараға қатысқаны үшін арнайы алғысын білдірді. 

Айта кетейік, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультетіндегі қытай тілі және қытайтану кафедрасының «Шығыс және ағылшын мұғалімі» мамандығы бойынша қазіргі уақытта 118 студент, ал «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша 173 білім алушы оқып жатыр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here