KazNARU ұжымы мен студенттері жаңаша «Наурыз-думан» мерекесін өткізді

0
477

2025 жылдың 12 сәуірінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жаңғырған Орталық стадионында тамырын тереңнен тартқан, ел ынтымағын бекемдеуге арналған «Наурыз-думан» мейрамы кең көлемде аталып өтті. Қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және жастарға рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған бұл мереке жаңа форматта алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

«Наурыз-думанға» Алматыдағы шетелдік консулдықтар мен елшіліктерінің, аудан әкімдіктерінің өкілдері, университетіміздің Директорлар Кеңесі мен Ақылдастар алқасының мүшелері, Ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, Түлектер қауымдастығының өкілдері, серіктес компаниялар мен ұйымдардың, Іле Алатау ұлттық паркінің басшылығы, оқу ордасының проректорлары, декандар мен кафедра меңгерушілері, көрнекті академик, профессор ғалымдар, ардагер ұстаздар мен білім алушылар қатысты.

Мерекелік іс-шара университеттің «Бірлік. Береке. Ынтымақ» деп аталатын аллеясын ашып, ағаш отырғызудан басталды. Қазақта «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Өмірдің жаңаруын бейнелейтін ағаш отырғызу рәсімі – ұрпақ жалғастығының, береке, бірлік, достық пен ынтымақтастық белгісі.

Салтанатты мерекені ашқан ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, университет Басқарма Төрағасы – Ректор, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы ардагерлерді, қадірлі қонақтар мен қалың көпшілікті Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай отырып, заманауи оқу ордасының бүгінгі даму тынысын, инновациялық жаңғыруын, отандық білім мен ғылымды дамытудағы көшбасшылық рөлін атап өтті.

«Біз әрқашан той тойлаумен қатар, ой ойлауды да ұмытпайтын халықпыз. Жаңару мерекесінде жүз жылға жуық бай шежіресі бар, еліміздің үздік оқу орындарының көшбасшысында тұрған университетіміздің екінші тынысы ашылғанына куә болып отырмыз. Қазіргі таңда бізде 7000 студент, магистранттар және докторанттар оқиды. Студенттеріміз 7 екі дипломдық бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Жаңа оқу жылында 1600 мемлекеттік грант иегерлері қабылданды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен екі есеге көп. Осыған қарап-ақ, ата-аналардың да университетімізге деген сенімінің нығайғанын көреміз», – деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Ректор университетте білім алушылардың 90 пайызы ауыл түлектері екенін және бар қазақтың күре тамыры ауыл болғандықтан, ел экономикасының алтын өзегі саналатын – ауылшаруашылығы үшін білікті кадрлар даярлау басты міндетіміз екенін атап өтті. Өткен жылы тұңғыш рет «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру бағдарламалары үшін шекті балл – 50 балл болып белгіленді. Енді ауыл мектептерінің түлектері үшін аграрлық университеттерге түсуге тікелей жол ашылды.

«Қазіргі таңда білім мен ғылымның сипаты мүлде өзгерді. Бұл талап университетке жаңа міндеттер жүктейді. Біздің ең үлкен мақсатымыз – жоғары оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Аграрлық мамандыққа деген сұраныстың артуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университетімізге ерекше қолдау көрсетіп келеді. Біздің құрылымға 4 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, аз уақытта «Университет – ҒЗИ – тәжірибелік шаруашылық» заманауи зерттеу университеті моделіне көштік. Институт директорлары қазір ортамызда отыр. Дамыған елдердің ең үздік тәжірибесін оң қабылдап, бұл бағыттағы жұмыстарды жоғары деңгейде бірге жүзеге асрып жатқан әріптестерімізге алғыс айтамын», – деді университет басшысы.

Сондай-ақ, екі елдің Президенттерінің қатысуымен KazNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты» ҰЗУ Филиалы құрылды. Мұнда қазір 31 студент білім алуда және олар екі университеттің дипломын алып шығады.

Оқу ордамыз Алматы қаласындағы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанып отыр. Кезінде жеке қолға өтіп кеткен 2 жатақхана мен ұзақ жылға жалға берілген бір оқу корпусы университет құзырына қайтарылды. Қазіргі уақытта 450 орындық 9 қабатты, Медициналық орталығы бар жаңа студенттік жатақхананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Наурыз мейрамы өтіп жатқан Орталық стадион, «Алтын дән» студенттер асханасы, Ветеринарлық клиника, Әскери кафедраның оқу корпустары қайтадан жаңғыртылды. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары университетте соңғы 30 жылда алғаш рет орындалып отыр.

«Осындай инфрақұрылымдарды жаңғырту және білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын шебер үйлестірудің нәтижесінде QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда алтыншы, Қазақстанда үздік бестіктің қатарынан көрініп отырмыз. Заманауи Жаңа Әділетті университет құру жолында бар күш-жігерін арнап келе жатқан әріптестерім – проректорлар мен декандарға, профессор-оқытушыларымызға, университеттің барлық қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Қонақтар атынан лебіз білдірген Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының Ғылым және техника жөніндегі консулы Чжан Вэй екі ел арасындағы аграрлық білім беру мен ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуда KazNARU ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

«Біздің күншығыс елінде де абыройы өте жоғары танымал ғалым, білікті басшы, академик Ақылбек Күрішбаев жетекшілік жасайтын университетпен Қытайдың 40-тан астам білім беру, ғылыми ұйымдары тығыз серіктестік орнатқан. Бұл инновациялық бастамалар болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға, шекаралық өңірдегі агросаланың өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, оларды өндірісте қолдануға мүмкіндік беретіні анық. Осы университетте бірқатар қытай студенттері, ал біздің жоғары оқу орындарында Сіздердің жастарыңыз білім алуда. Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, біз осы бағыттағы ынтымақтастықтың одан ары дамуын қолдайтынымызды білдіреміз», – деді Чжан Вэй.

Қазіргі уақытта KazNARU базасында Қытай аграрлық университеті және Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен бірлесіп, озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін «Қазақстан-Қытай Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығы, Қытайдың Henan Qianlian Landscape Design Engineering Co. қолдауымен «Қазақстан-Қытай ландшафттық инновациялар орталығы», Қытай ауылшаруашылық университеті және Eavision компаниясымен бірлескен «Қазақстан-Қытай ауылшаруашылық дрондарын басқару бойынша зерттеулер мен оқыту орталығы» ашылып, білім алушыларды ғылыми жұмыстарға баулуда.

Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өз құттықтау сөзінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен жасалған Меморандум шеңберінде соңғы үш жылда «Ветеринария және Зооинженерия» факультетінің  300-ден астам студенті шаруа қожалықтарында өндірістік практикадан өткенін айта келіп, өзара байланыстың ауыл шаруашылығы үшін сапалы мамандар даярлауда ықпалы зор екеніне тоқталды.

«Қазіргі уақытта ауданымыздың 20 шаруа қожалығында 70-тен астам студент көктемгі мал төлдету науқанына қатысып жүр. Менің өзім де осы университеттің түлегімін. Сондықтан студенттік өмір маған жақсы таныс, оларға қашанда қамқорлық қажет. Бізде болашақ мамандардың өндірістік тәжірибеден өтуіне барлық жағдай жасалынған, жатын орын, ыстық тамақ, бос уақытта демалуға мүмкіндіктері бар. Ауылда еңбек етіп жүрген қарапайым жандардың атынан осындай білімді, саналы жастар тәрбиелеп отырған университет басшылығы мен ұстаздарға рахметімізді айтамыз», – деді Нұрлан Ертас.

Сондай-ақ, жиналғандар алдында сөз сөйлеген, бар ғұмырын білім беру мен ғылымға арнаған ардагер академиктер мен ұстаздар ақ батасын беріп, KazNARU жастарын Жаңа Қазақстан құру жолында туған елімізге адал қызмет етіп, қоғамды дамытуға шақырды.

Мерекелік іс-шара аясында ректорат департаменттері мен бөлімдері, факультет деканаттары ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлардан этноауыл құрып, іші-сыртын ұлттық нақыштармен безендіріп, халықтың қолөнер қазыналары мен тұрмыстық заттарынан тамаша көрмелер ұйымдастырды.

Факультетаралық ұлттық салт-дәстүрлер мен киіз үйлер байқауы, шеберлік пен заманауи стиль тоғысқан ұлттық киімдер байқауы өткізіліп, садақ тарту, кір көтеру, арқан тарту, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, қол күрестіру сияқты т.б. ата дәстүрден келе жатқан спорттық ойындармен жалғасты. Дефиле барысында университет жастарының брендтік киімдері көрсетілді. Ректордың қатысумен кішкентай сәбидің тұсаукесер рәсімі жасалды.

Әйгілі «Алтын дән» вокальды аспаптар ансамблі, эстрада жұлдыздары, «ONE» және «WayB» би топтары, «Асыл әжелер» ансамблі, республикалық байқаудың лауреаты «Univers» триосы, домбырашылар оркестрі мен көркемөнерпаздар өз өнерлерімен позитивті көңіл-күй сыйлады.

Мереке аясында киіз үйлер байқауы мен ұлттық киімдер байқауының жеңімпаздары, ұлттық ойындарға қатысқан белсенді жастар Ректордың атынан арнайы Грамоталар мен қаржылай жүлделермен, сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, Ақылбек Күрішбаев «Наурыз-думан» мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимовке, проректорлар Қуат Сұлтанғазиев пен Асима Ералиеваға алғыс білдірді.

Қадірлі қонақтар мен университет қызметкерлері, білім алушылар жарастық пейілмен кең дастарханнан Наурыз көже, қымыз-шұбат, бауырсақ, құрт және басқа ұлттық тағамдардың дәм татып, ардагер ағалардың ақ батасын алды.

KazNARU Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here