Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі командасы NASA және АҚШ-тың National Space Society ұйымы ұйымдастырған Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауында зор жетістікке қол жеткізді.
Биылғы байқауға әлемнің 25 елінен 26 000-нан астам оқушы қатысты. Алматыдағы NIS-тің қос командасы әртүрлі жобалармен қатысып, бірінші және екінші орындарға ие болды.
Бірінші орын – YURT жобасы.
YURT – Юпитердің орбитасымен қозғалатын, Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясы. Станция 20 000-30 000 адамға арналған, жасанды гравитациямен және толықтай дербес тіршілікпен қамтамасыз ету жүйесімен жабдықталған.
Станция инфрақұрылымына мыналар кіреді:
- Tulpar және Qyran атты жүк кемелері;
- Yu-1 және Yu-2 қосалқы станциялары;
- 30-дан астам флора мен фауна түрі тіршілік ететін агросектор және бірнеше жасанды экожүйе.
Жоба авторлары (1–орын):
Цой Анастасия;
Ким Юлия;
Ертісқызы Камила;
Даулет Ілияс.
Екінші орын – Икарус жобасы.
Икарус – Юпитердің ең ірі серігі Ганимедтің төменгі орбитасында орналасқан ғарыш станциясы. Бұл орналасу станцияны радиациядан табиғи түрде қорғайды әрі пайдалы ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жобаның ерекшеліктері:
- энергия өндіру үшін жел турбиналары мен биореакторды пайдалану;
- 45 000 адамға дейін жасанды гравитацияны қамтамасыз ететін жүйе;
- аэропоника және хлорелла арқылы тағам мен оттегі өндіретін автономды тіршілік ету жүйесі.
Жоба авторлары (2–орын):
Табылды Асан, Темірбулатов Арман, Інкарбек Сабыржан, Құзбакова Томирис, Жапаров Мұхидин;
Әлішер Бағдәулет, Берік Уәли, Нұрсұлтан Айсұлу, Таиров Арлан, Бақыт Аслан.
Жетекші – Сандықбаев Әділ, 12-сынып оқушысы.
Ментор пікірі:
«Қазақстанда алғашқылардың бірі болып зымыран жасау және ғарышты зерттеу ісіне қызығушылық танытқан адам ретінде, соңғы үш жылда бұл салада болып жатқан өзгерістер мені шын шабыттандырады. 2022 жылы Space Settlement Contest байқауына алғашқы жобамызды дайындаған кезде, біз үшін жол көрсететін дайын тәжірибе де, табысты кейс те, қауымдастық та болған жоқ. Біз алғаш болып жол салдық, тәуекелге бардық. Сол жылы біз байқаудағы тұңғыш қазақстандық жеңімпаз атанып, бірден бірінші орынды жеңіп алдық.
2025 жылы Асан бастаған команда біздің мектептен шыққан үшінші жеңімпаз команда атанды. Байқаудағы бәсекелестік жыл сайын күшейіп келеді, сондықтан бұл жетістіктің мәні ерекше. Біз тек білім мен тәжірибені ғана емес, жаңа буынға деген сенімді де жеткізе алдық. Мен олардың бұл істі әрі қарай жалғастыратынына сенімдімін. Олар мектепте де, елімізде де бұл саланы дамыта береді деп ойлаймын.
Оқушы кезімде World Space Olympiad және QazAstroshift секілді олимпиадаларды ұйымдастырдым. Сол байқауларда мен аэрокосмос саласына шынайы қызығушылық танытатын ондаған шабытты жасты кездестірдім. Бұл қауымдастық әлі де кеңейіп, Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуеті одан әрі арта түсетініне сенемін.
Мектепті биыл аяқтап жатқан мен болашақтан қорықпаймын. Керісінше, біз енді ғана бастадық. Алда – жаңа белестер мен үлкен жетістіктер», – Сандықбаев Әділ.
NIS мектебінен шыққан екі команданың NASA байқауында жүлдеге ие болуы – оқушылардың жоғары дайындық деңгейін көрсететін көрсеткіш қана емес, сонымен бірге Қазақстанның ғылыми-инженерлік әлеуетінің артып келе жатқанының дәлелі.
Байқау туралы:
Space Settlement Contest – мектеп оқушыларына арналған халықаралық байқау. Ол америкалық ғалым Джерард К. О’Нилдің құрметіне аталған. Байқау жыл сайын өткізіледі және оның мақсаты – оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін, креативтілігін және тұрақты даму қағидаттарын меңгеруін дамыту. Қатысушылар физика, биология, экология, архитектура және технология салаларындағы білімін пайдалана отырып, болашақтағы ғарыштық қоныстардың жобаларын әзірлейді.