Қазақстанның телеарналары Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Тәжікстанда хабар таратады, бұл арналардың паритеттік қатысу тізімі әлі де кеңейеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы II Орталық Азия медиафорумында айтты.
Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия халықтарының бай тарихи және мәдени мұрасын танымал ету – бірлескен жұмыстың маңызды векторы екенін атап өткен еді.
Осы жұмыс аясында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериалын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зияткерлік ойынын атап өтуге болады.
− Мұндай тәжірибені өңірдің ортақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұрасына, туристік мүмкіндіктері мен заманауи жетістіктеріне арналған жаңа бірлескен медиажобалар жасау арқылы кеңейте түскен жөн деп санаймын. Біздің арналар қазірдің өзінде Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Тәжікстанда хабар таратады, біз олармен арналардың паритеттік қатысу тізімін кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, − деді Аида Балаева форумның ашылу салтанатында.
Өңірде мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоспарлы түрде нығайып келеді. Жыл сайын Қазақстанда Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның және Түрікменстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүр.
Дәл осылай Қазақстанның да мәдени күндері аталған елдерде өткізіліп келеді. Соның аясында бірлескен концерттер, кино күндері, жастар форумдары сияқты бірқатар ауқымды іс-шара өтеді.
− Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Орталық Азия елдері үшін ортақ мәдени-тарихи мұраны бейнелейтін біріктіруші оқиғаға айналды. Былтырғы қыркүйек айында Астанадағы 5-ші Көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2 800 қатысушы және 700-ден астам журналист келді. Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсімі мен басқа да спорттық жарыстарды Түркия, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдері жоғары сапада таратты. Бұл шара спорттық жарыс аясынан асып, бүкіл өңірден жүздеген мың көрермен мен туристің басын қосқан көшпелі мәдениеттің тамаша мерекесіне ұласты, − деді Мәдениет және ақпарат министрі.