Өмірлік жолы өнеге болған ардагер

0
637

Нүрпейісов Қайыр Нүрпейісұлы 1918 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген. Бүкіл өмірі қазақ халқының тағдырының айнасы сияқты. Балалық шағы қазақ халқының басына туындаған аумалы-төкпелі заманның қатыгез кезеңдеріне тап болды. Азамат соғысы кезіндегі ақтар мен қызылдардың қазақ халқына жасаған қырғыны, 1921-1922 жылдардағы аштық, өз табиғи дамуымен келе жатқан халықты күштеп озбырлықпен кеңестендіру, ұжымдастыру, 1930-1933 жылдардағы ел аманда қолдан жасалған ұлы аштық, ол аздай әкеден ерте айырылу Қайыр атаны ерте есейтті, шыңдады.

ХХ ғасырдың 20 жылдары 4 сыныптық мектептер ғана болды, сол себептен төрт сыныптық мектепте білім алып, еңбекке ерте араласты. Кеңестік индустрияландырудың жемісі – ауданға алғашқы тракторлар келе бастады. Қайыр атамыз ауылдағы ағайынның алғашқылары болып тракторды меңгеру курсын оқып, 1937 жылдан тракторда жұмыс істеп, ауылдағы қызу еңбектің бел ортасында жүрді. 1938 жылы 15 қыркүйекте әскер қатарына шақырылып, Қызыл Армия бөлімдерінде әскери тәсілдерді меңгерді.

Фашистік Германиямен соғыс басталған 1941 жылы 22 маусым күні әскер қатарында еді, сол күні 3177 атқыштар полк құрамында шұғыл түрде қан майданға аттанды. Кейін 1074 атқыштар полк құрамында атқыш ретінде Карел майданында Ленинград аймағы, Ладога көлі өңіріндегі Лодейное поле қалашығы жанындағы батпақты ормандарда немістермен қосылуға асыққан фин әскерімен қиян-кескі шайқастарға қатысты. Ленинградты азат ету шайқастарының бірінде жараланып, әскери госпитальға түседі. Госпитальдан шыққан Қайыр ата қайтадан майданға аттанады. Осы кезде ол танкист болуға өтініш жазып, 1942 жылдың 1 қаңтарынан 124 танк бригадасына механик-жүргізуші болып жазылып, Ленинград майданында болды. Сұрапыл шайқастардың алдыңғы қатарында жүріп, оңтайлы сәттердің бірінде өз танкісімен жаудың қорғаныс шебін бұзып, біздің жаяу әскерге шабуыл жасауға жол ашып береді. Осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.

1943 жылдың ақпан айында шегінген жауды одан сайын күйрету шайқастарының бірінде танкісі жау минасына жарылып, күйген танкіден шыға бере екінші рет жараланып, 1943 жылдың маусым айына дейін әскери госпитальда емделеді. 1943 жылы маусымда сауығып шыға сала қайтадан соғыс майданына сұранады. 10 танк полкінде сержант механик-жүргізуші болып ірі шайқастарға қатысты. 1944 жылы маусым айында 1-ші Прибалтика майданы басқа майдандармен бірлесе отырып, Витебск-Оршан операциясын бастап, Витебск қаласын азат етуге кірісті. Қалаға шабуыл барысында Қайыр ата жаудың екі танкісін қиратып, шабуылдаушы жаяу әскерге жол ашып, алғашқылардың бірі болып түнде қалаға кіреді. Қаланың тар көшесінде жаудың атқан оғы танкіге тиіп, Қайыр атамыз аяғынан жараланады. Жанындағы радисі оны лапылдап жанып жатқан танкінің ішінен сыртқа сүйреп шығарып аман алып қалады. Витебск қаласын азат етудегі ерлігі үшін атамыз 3-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Германиямен соғысты аяқтағасын Қайыр атамыз Кеңес Одағының Жапониямен соғысына қатысады. Забайкалье майданының құрамында жаумен соғыса отырып, Кіші Хинган қыратынан өтуде атамыз әскер басшылығына жаңа соғыс тәсілін ұсынады, басшылық талқылай келе бұл ұсынысты қабылдап, қолдануға рұқсат береді. Аталған тәсілді іске асыруды өз басқаруымен жүргізіп, биік таудың жарлы келген бетінен төмендегі көз алдында жапон әскері орналасқан жазыққа бес танкіні темір арқанмен түсіріп, мұндай шабуылды мүлде күтпеген жауға ту сыртынан аз күшпен шабуыл жасайды, сол сәтте келісім бойынша кеңес әскері жапондарға ту маңдайдан соққы береді. Кенеттен екі жақтан бір уақытта берілген батыл шабуыл жапондар арасында күшті үрей туғызады, қалың жау әскері абдырап, соңы жаппай бей-берекет қашуына әкеледі. Осы ерлігі үшін Қайыр ата 2-ші дәрежелі Даңқ орденінің иесі аттанады. Ақыры 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапония дізе бүгіп, атамыз 1945 жылы 27 қарашада әскер қатарынан босатылып, елге осы жылдың желтоқсан айында оралады. Осылай үш жыл әскерде, төрт жыл соғыс ошағында болып, жеті жылдық ғұмырын елін қорғауға арнайды.

Туған жерге келісімен соғыс зардаптарын жоюға, келешек бейбіт жарқын өмірді құруға қызу кіріседі. Халықтың еңсесі енді көтеріле бастағанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталып, Қайыр ата оған белсене қатысады. Жігерлі жігіттің ерен еңбегін байқаған ауылдастары 1957 жылы сәуірде бөлімшенің трактор бригадасы бригадирінің көмекшісі қызметіне сайлайды. 1959 жылы жазда Кеңес ауылы «Бұлақ» совхозына беріледі. Көп ұзамай сол жылы қазан айында ауылдастары Қайыр атамыздың іскерлігін бағалап, трактор бригадасының бригадирі қызметіне көтереді.

1959-1966 жылдар аралығында «Бұлақ» совхозында трактор бригадасының бригадирі болды, 1966-1974 жылдары механик қызметін атқарды, 1974-1976 жылдары машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, 1976-1978 жылдары совхоздың №1 бөлімшесінің механигі қызметін ойдағыдай атқарып, 1978 жылы зейнеткерлікке шықты.

Еңбек майданында адал да өнегелі қызметі Қадыр атаны ел қадіріне бөледі. Жемісті еңбегі үшін Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістігінің көрмесіне (ВДНХ) барды, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, «Коммунистік еңбектің екпіндісі» белгісімен, «Социалистік жарыстың 1973 жылғы жеңімпазы» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «В.И.Лениннің 100 жылдығына байланысты ерен еңбегі үшін» мерекелік медалімен марапатталып, бейбіт өмірде ел игілігі үшін ерлікке пара-пар адал қызмет еткенін іспен көрсетті.

Соғыстағы ерлігін мемлекет ескере отырып, соғыстан кейін де әрқашан құрмет көрсетіп отырды, соның айғағы ретінде марапаттары – Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 40 жылдық мерекесіне байланысты көрсеткен батырлығы, қайсарлығы үшін 3-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының Қарулы күштеріне – 50 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығы» мерекелік медальдерімен ардақталды.

Халқымыздың ұлттық қасиеттерін өмірлік ұстаным қылған Қайыр атаның бүкіл өмірі өнегеге толы болды, өскелең ұрпаққа ісімен көрсеткен тәрбиесі зор болды. Ес білгесін өмірінің саналы жолын өзі айқындап, абыроймен жүріп өтті. Ел есінде батыл да қарапайым, сенімді де адал азамат ретінде қалды. Артында қалған ұрпағына өз бойындағы игі қасиеттерді дарытты. Адамзаттың жауы болған фашизмді жеңген ата-әкелеріміздің Ұлы Жеңісінің 80 жылдығы қарсаңында Қайыр атаның осы Ұлы Жеңіске, кейінгі бейбіт өмір сүруімізге қосқан үлесі зор деп санаймыз және ел жадында әрқашан батыр да ел тірегі болған ер тұлға ретінде сақталады.

Амантай АЙДАРХАНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here