Ғазымбек Бірімжанов – қоғам қайраткері, қаламгер, агроном, алашшыл азамат. 1896 жылы 29 ақпанда Торғай уезі Тосын болысында дүниеге келген. Ол Орынбордағы реалды училищесін оқып, кейін Орта Азия мемлекеттік университетінің дәрігерлер дайындайтын факультетін бітірген.
Ғазымбек Бірімжановқа қатысты бір тарихи фотосурет бар. 1922 жылы Ташкент-Түркістан сапары алдында Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жастарымен бірге фотосуретке түскен. Фотода солдан оңға қарай отырған Ғазымбек Бірімжанов. Ол оң аяғын сол аяғының үстіне қойып, саусақтарын айқастырып креслода отыр, үстіне ақ жейде, аяғына былғары етік киген, шашы ортасынан екіге бөліп таралған. Бүгінде бұл топтық фотосурет Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіндегі жұмыс кабинеті экспозициясында орналасқан.
Кезінде Ғазымбек Бірімжанов Алашорда атынан Колчак үкіметімен келіссөз жүргізуге қатысқан. Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі қызметін атқарған. Ә. Бөкейханұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы және басқа зиялылармен бірге Алаш партиясының бағдарламасы жобасын түзуге атсалысқан. Бұл туралы «Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедиясында» (Бас ред. Ж. Тойбаева – Алматы: «Қазақ энциклопедия», 2017. -154 б.) айтылған.
1921 жылдан 1922 жылға дейін ол «Ақ жол» газетінде редактор қызметін атқарған. Мақалаларын «Шеген» деген бүркеншік атпен жариялап отырған, Шеген Ғазымбектің арғы аталарының біріне деген құрметі болса керек. Ғазымбек Бірімжанов осы редакторлық жұмысы арқылы қазақ журналистикасының қалыптасуына үлкен үлес қосты. Мақалаларында сол кезеңнің өзекті мәселелерін сөз етіп отырған. Жұрт көзіне түсіп, жұмыс істеп жүрген білімді азамат Ғ. Бірімжановтан ел ағалары да үлкен үміт күтеді.
1922 жылы күзде Ғазымбек Т. Рысқұловтың қолдауымен Түркістан жастарымен бірге Германияға оқуға жіберіледі. Ол Берлин университетінің ауылшаруашылық факультетіне түседі. Өзінің болашағына, еліне кажетті мол білім алады. Берлиндегі университетті 1928 жылы бітіріп елге оралады.
Қамауға алынғанға дейін ол Мемлекеттік сауда басқармасының (Казгосторг) май бөлімінің нұсқаушысы болған. 1928 жылы 30 желтоқсанда Вологда қаласына сүт-шаруашылық институтына іс-сапары кезінде қамауға алынды. 1929 жылы маусымда Ғ. Бірімжанов Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалды. Алғашында ол ату жазасына кесіліп, кейін бұл жаза он жыл абақтыда отыруға алмастырылады. Ә. Бөкейханұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы қатарлы Алаш қайраткерлерімен бірге тұтқындалған ол Карелияның Медвежьегорск қаласында лагерьде отырады. Тұтқында жүргендерді Кеңес үкіметі Ақ теніз-Балтық каналының құрылысына қара жұмысқа жегеді. Ғ. Бірімжанов лагерьде осы каналдың отарлау бюросында агроном болып жұмыс атқарады. Солтүстік өлкенің қиын жағдайына қарамай, лагерьде ол картоп сорттары мен басқа да дақылдарды сынақтан өткізеді. Бұл туралы «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» 1 томында (Құраст: бас. ред. М. Қойгелдиев, З.Б. Мырзатаева, Р.М. Мирзакулова. Алматы: ТОО «LЕМ» баспасы, 2022. – 927 б.) атты еңбекте мол дерек кездеседі. Ауыр еңбек, азапты өмір Ғ. Бірімжановты қажыта алмайды. Оны 1938 жылы ату жазасына кеседі. Мәскеу облысы, Коммунарка полигонында жерленген.
Оның ұшан-теңіз білімін халық игілігіне жаратуға тағдыры мүмкіндік берген жоқ. Алаштың асыл азаматы азаттық жолында құрбан болды.
Ш. БОЗДАҚОВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚҚ
А. Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері