Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті

0
1923

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті. Турнирге 10-нан астам мемлекеттен, еліміздің әр өңірінен келген балуандар 10 салмақ дәрежесінде белдесті.

Рәсімге Тәйімбет Көмекбаевтың ұлы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Бағбан Тәйімбетов, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Аймақ басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірдің спорт саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталды.

«Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңіріне қош келдіңіздер!

Баршаңызды Кеңес Одағының батыры, даңқты жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнирдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі», – деген болатын.

Сыр өңірінде соңғы үш жылда 18 спорт кешені салынып, іске қосылды. Өткен жылы «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд. 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық орталық стадион салынуда. «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы ел игілігіне табысталады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы мамыр айында бірқатар спорттық үйірмені қоса қамтитын «Шығармашылық академиясы» ашылады.

Спорт – мемлекетіміздің мерейін үстем ететін, тұрғындарды салауаттылыққа жетелейтін маңызды сала. Бүгінгі халықаралық жарыс өздеріңізге қарап бой түзейтін жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеп, спорттағы бәсекелестікті қалыптастыруға, татулықты нығайтуға септігін тигізетін дода болады деп сенеміз. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, шын мықтыларға жеңіс тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, батырдың ұрпағы Ардашер Шайымбетов сөз сөйледі.

Жарыстың қадірлі қонағы, қырғыздың атақты балуаны, Әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола медальдарының иегері Ақжол Махмудовқа дәстүрге сай иығына шапан жабылды.

Айта кетейік, Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар өткізіліп келеді. Биылғы еске алу шарасының ерекшелігі – грек-рим күресінен халықаралық турнир тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұған дейін батыр ұрпақтары үйлестіріп келген турнир биылдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық деңгейде өтті.

Сонымен, екі күнге созылған Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Боз кілемде белдескен балуандар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың ішінде мақтанышымыз Айдос Сұлтанғали да бар. Бұл туралы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлады.

Жарыс қорытындысы төмендегідей:

60 кг салмақта:

І орын – Айдос Сұлтанғали (Қызылорда облысы);

ІІ орын – Ғалым Қабдунасаров (Жетісу облысы);

ІІІ орын – Асламджон Әзизов (Тәжікстан);

ІІІ орын – Айбек Сабырбеков (ШҚО).

67 кг салмақта:

І орын – Ержет Жарылқасын (Жамбыл облысы);

ІІ орын – Төлеген Әмірханов (Жетісу облысы);

ІІІ орын – Yildirim Mustafasafa (Түркия);

ІІІ орын – Диас Әскербай (ШҚО);

77 кг салмақта:

І орын –  Emrebasar Yunus (Түркия);

ІІ орын – Жамол Жумабоев (Өзбекстан);

ІІІ орын – Эрлан Марсуулу (Қырғызстан);

ІІІ орын –  Әбдиазим Қарабаев (Шымкент қаласы).

87 кг салмақта:

І орын – Радик Кулиев (Беларусь);

ІІ орын – Тимур Оспанов (Қостанай облысы);

ІІІ орын – Артыкбек Алымбекуулу (Қырғызстан);

ІІІ орын – Айдын Әбілда (Ақтау қаласы).

130 кг салмақта:

І орын – Bozkurt Fatih (Түркия);

ІІ орын – Самаган Орманов (Қырғызстан);

ІІІ орын – Әлімхан Сыздықов (Шымкент қаласы);

ІІІ орын – Олжас Сырлыбай (Қызылорда облысы).

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here