Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен құттықтады. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
– Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, биылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Атаулы күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтады, – деді Руслан Желдібай.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Ұлттық кітап күні – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн екенін атап өтті.
– Биыл алғаш рет аталып жатқан Ұлттық кітап күні құтты болсын! Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады, – делінген құттықтауда.