22 сәуірде І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесу өтті. Кездесуге Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, университеттің оқытушылары мен ғалымдары және студенттері қатысты. Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев Жетісу өңіріне Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы бастамаларын түсіндіру бойынша қызметтік сапармен келгенін жеткізді.
Елімізде төртінші рет өткен Ұлттық құрылтай отырысы туралы тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Гүлбану Ишкалова баяндама жасады. Ол баяндамасында қазақ мәдениеті мен руханияты, азаматтық қоғамның дамуы, білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жан-жақты талдау жасады. Сондай-ақ, тарих мамандығының 3-курс студенті Қаламқас Жұмаділ жастар арасындағы жүгенсіздік пен тәртіпсіздікке қойылған тосқауылдарды жастардың құптайтынын айтып, өз ойын білдірді.
Кездесуде Мәлік Отарбаев Ұлттық құрылтай қызметінің негізгі мақсатына тоқталып, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдер азаматтық қоғамды нығайтуға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсуіне негіз болатынын айтты.
«Ұлттық құрылтай 2022 жылдан бері елдің болашағын айқындайтын стратегиялық институттың біріне айналып келеді. Оған дәлел алдыңғы Құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып жүзеге асырылуы. Биыл да Ұлттық құрылтайда қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар айтылды», – деді Президент кеңесшісі.
Сонымен қатар, Мәлік Нұржанұлы студенттерге мемлекетті нығайту, сыртқы және ішкі саясат, Әділетті Қазақстанды құру, ұлттық болмысты сақтау, адами құндылықтар жөнінде мазмұнды дәріс оқып, жастарды мықты маман, адал азамат болуға шақырды.
Жиынды қорытындылаған ректор Ермек Әбілтайұлы Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлына мазмұнды кездесу үшін алғыс білдірді.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Баспасөз қызметі