Елімізде дәрігерлердің жалақысында қандай өзгерістер бар?

0
63

Соңғы 4 жыл ішінде бюджеттік ұйымдардың медицина қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңімен арттырылып, нәтижесінде олардың жалақысы 2 есе ұлғайды. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

Атап айтқанда, жыл сайын 84 мың дәрігердің жалақысы 30 пайызға, 189 мың орта медицина қызметкерінің жалақысы 20 пайызға, санитарлардың, техникалық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға артты.

Депутаттық сауалға берілген жауапқа сәйкес, дәрігердің орташа жалақысы 401,5 мың теңге (1-санатты, жұмыс өтілі 13-16 жыл), оның ішінде:

  • ауылда – 445,5 мың теңге;
  • қалада – 357,5 мың теңге.

Ал, орта медициналық қызметкердің орташа жалақысы 222,5 мың теңге (1-санатты, жұмыс өтілі 13-16 жыл), оның ішінде:

  • ауылда – 245,9 мың теңге;
  • қалада – 199,2 мың теңге.

Бүгінгі күні медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілген. Мысалы:

  • ауылдық жерге кемінде бес жыл мерзімге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем;
  • жергілікті атқарушы органдардың тұрғылықты жері бойынша медицина қызметкерлерінің балаларына басым тәртіппен мектепке дейінгі ұйымдардан орын беруі;
  • қызметтік міндеттерін атқару кезінде жарақат алу (жаралану, зақымдану) салдарынан қаза тапқан немесе мүгедектік белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына білім беру грантын тағайындау арқылы конкурссыз оқуға қабылдау;
  • көлік шығындарын өтеу;
  • денсаулық сақтау субъектілерінің қаражаты есебінен медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру моделі енгізілді.

«Осыған қоса, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау мамандарына республикалық бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шаралары айқындалды. 100 еселенген айлық есептік көрсеткішке тең сомадағы көтерме жәрдемақы тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін келген мамандарға беріледі», – делінген Олжас Абайұлының жауабында.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here