Абай университетінде түлектер мен жұмыс берушілердің дәстүрлі жәрмеңкесі өтті

0
565

2025 жылдың 25 сәуірінде Абай университетінде Мансап орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі – 2025» іс-шарасы өтті.

Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс берушілер мен бітіруші түлектер арасында тікелей байланыс орнатып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды айқындау. Осы арқылы білім беру мазмұнын еңбек нарығының талаптарына сай бейімдеу көзделген.

Іс-шара барысында Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысушыларды құттықтап, жұмыс берушілерге ризашылығын білдірді. Ол сонымен қатар түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған жобалар туралы айтты. Мансап орталығының тұрақты түрде түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар бастамалары бар. Олардың қатарында «Жұмыс берушілер айлығы – 2025», «Сұқбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы «Білікті маман туған жерінде» сияқты жобалар түлектердің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Бос орындар жәрмеңкесі – 2025» – түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететін маңызды алаң. Жәрмеңке арқылы білім алушыларымыз болашақ жұмыс орнын табуға, ал жұмыс берушілер білікті мамандарды іріктеуге нақты мүмкіндік алады. Бұл шара тек жұмыс іздеу алаңы ғана емес, еңбек нарығының сұранысын терең түсінуге жол ашатын орта. Алдағы уақытта да осындай іс-шараларды кеңейтіп, түлектердің кәсіби әлеуетін арттыруды жалғастырамыз, – деді Мансап орталығының жетекшісі, PhD Рақымберді Жетібай.

Биылғы жәрмеңкеге 130-дан астам ұйым қатысып, 881 бос жұмыс орнын ұсынды. Алдын ала жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еліміздің түрлі аймақтарынан Абай университетінің түлектеріне арналған 4112 бос жұмыс орны туралы сұраныс түскен.

Іс-шараға қатысқан Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курс білім алушысы Аружан Әбиденова жәрмеңкенің берері мол екенін айтты: «Біз үшін дәл осындай кездесулер өте қажет. Жұмыс берушілермен бетпе-бет сөйлесіп, нақты талаптарын естіп, өзімізге лайық ұсыныстарды қарастыру – үлкен тәжірибе. Бұл жәрмеңке болашақ мамандығымызды сенімді бастауға жақсы мүмкіндік берді», – деді ол.

«Биылғы жәрмеңкеге қатысу арқылы біз жас мамандармен тікелей танысып, олардың әлеуетін бағалау мүмкіндігіне ие болдық. Абай университетінің түлектері заманауи біліммен қаруланған, еңбек нарығына бейімделген мамандар екенін байқадық», – деді Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Кусаинова.

Жәрмеңке бітіруші түлектер мен жұмыс берушілер арасында ашық диалог жүргізуге мүмкіндік беріп, олардың тікелей жұмысқа орналасуына септігін тигізді. Мұндай форматтағы іс-шаралар түлектердің еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби бағыт-бағдарын нақты айқындауына және болашақ мансабын саналы түрде жоспарлауына ықпал етеді. Абай университеті алдағы уақытта да студенттердің табысты жұмысқа орналасуына қолдау көрсететін тиімді алаңдар ұсынуды жалғастыра бермек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here