Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен сабақтағанда, бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты. Атаулы дата қарсаңында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті.
ЕЛЕҢ-АЛАҢДАҒЫ БАЯНДЫ БАСТАМА
Қазақстан аумағында ғасырлар бойы әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтың тағдыры тоғысқан. Сөйтіп тарихи үрдістің нәтижесінде елімізде 100-ден аса этнос қалыптасып отыр. Еліміз өз тәуелсіздігін алған уақыттан бастап, қоғамды үйлестіру, төзімділік пен этносаралық достыққа шақырған қоғам құру идеясын өмір сүрудің негізгі шарты етіп қоя отырып, құқықтық мемлекет құруды қолдады.
Шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді алған тұстағы елең-алаң шақтан-ақ мемлекетіміз этносаралық қарым-қатынасқа, азаматтық қоғам құруға бағытталған ел екенін дүние жүзіне жариялады. Бұл қағида біздің Конституциямызда бекітілді.
Алдымен ҚХА-ның қандай мақсатта құрылғанын айтар болсақ, бұл институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Ассамблея құрылған 1995 жылы елдегі қазақтың саны 50 пайыз шамасында ғана болған еді. Осы кезде түрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанған Қазақстанда ұлтаралық татулықты сақтап, жағдайды тұрақтандыру үшін Ассамблея қажет болды.
Бұл бастама мәдениетаралық диалогті нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт еді. Отыз жылдық төл тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерісті бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің ерекше үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды.
АССАМБЛЕЯНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Бүгінде Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Бұдан бөлек, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады.
Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды.
Мерейтойлық сессияда Мемлекет басшысы Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келе жатқандығын астын сызып атап өтті. Бұл – мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті сұхбат, яғни, диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр.
«ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірнеше жылдан бері ҚХА құрамындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде. Ал, «Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құрылымдар мыңдаған жастарымыз үшін нағыз бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне айналды. Осы қозғалыстардың әрқайсысы елімізде жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып жатыр.
Президент өз сөзінде этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиация институтына тоқталып өтті. Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр.
«ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бекем бірліктің тамаша үлгісін көрсеткеніне назар аударды. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты.
Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. Бұдан былай ел арасында татулықтың айқын үлгісін танытып жүрген жандарға Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалатын болады.
ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ СИМВОЛЫ
Сессия барысында Президент Ассамблея алдындағы бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды.
«Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңыздылығына да назар аударылды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет.
«Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда және басқа да қалаларда ұйымдастыру маңызды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қарап, Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы керектігін атап өтті.
АБЗАЛ ЖАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Ассамблея сессиясында «Вайнах» чешен және ингуш қауымдастығының тең төрағасы Ахмед Мурадов, ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи, «Келет» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Мажар мәдени орталығы төрағасының орынбасары Александр Папп, Парламент Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, Республикалық Неміс драма театрының бас режиссері Наталья Дубс, «Ядролық физика институты» РМК Астана филиалының директоры, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Максим Здоровец, ҚХА Журналистер клубы төрағасының орынбасары, «Ассамблея жастары» РҚБ төралқасының мүшесі Алла Гаврина сөз сөйледі.
Сондай-ақ сессия барысында Мемлекет басшысы отандастарымыздың береке-бірлігін нығайтуға үлес қосып келе жатқан бір топ азамат жоғары дәрежелі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, халықтар арасындағы бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген азаматтар «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Ел бірлігі», «Құрмет» ордендерімен және «Шапағат» медалімен марапатталды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Сөзімізді ел Президентінің тағылымды сөзімен түйіндесек: «Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. Мен баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ел игілігін арттыруға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін».
Жандар АСАН, саяси сарапшы