2025 жылдың 30 сәуірінде Сәтбаев университетінде «Қазақстан Республикасындағы электронды өнеркәсіпті дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Электроника, телекоммуникация және ғарыштық технологиялар кафедрасы ұйымдастырды.
Шара академик Досым Сүлеймен атындағы залда өткен заманауи технологиялар мен техникалық шешімдер көрмесінен басталды. Көрмеден кейін талқылау 252-аудиторияда (ТКҒ) жалғасын тапты. Онда саланың дамуы, импортты алмастыру, жаңа шешімдерді енгізу, университет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық пен кадр даярлау мәселелері қарастырылды.
Іс-шара барысында «NEWTECH DISTRIBUTION» ЖШС цифрлық өнеркәсіп бағытының жетекшісі Сень Станислав, «RTEL Group» қаржы директоры Кужагулов Азамат, «RTEL Group» ғылыми қызметкері Жүніс Ажар, техника ғылымдарының кандидаты, кафедра доценті Абдуллаев Мұхит баяндама жасап, өз салаларындағы заманауи жетістіктер мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, отандық кәсіпорындарға арналған мүмкіндіктер, табысты кейстер мен технологиялық трансформация мысалдары талқыланды. Ұйымдастырушылар белсенді қатысқандарға алғыстарын білдіріп, электронды өнеркәсіптің дамуына қосқан үлестері үшін ризашылықтарын жеткізді.
Талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер Қазақстанда электронды өнеркәсіпті дамыту жолдарын айқындап, университет, бизнес және өндіріс өкілдерінің өзара тиімді әріптестік орнатуына жол ашты. Бұл өз кезегінде отандық технологиялық экожүйені нығайтуға және бәсекеге қабілетті ұлттық өнімдер өндіруге жаңа серпін беретіні анық.
Құттыбаева Айнұр Ермекқалиқызы,
Электроника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры