Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде құттықтады. Онда былай делінген:
Құрметті достар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – бірлік пен берекенің және тұтастық пен тұрақтылықтың символы саналатын айтулы мейрам.
Халқымыз «Ынтымақ – игіліктің бастауы» дейді. Қазақ қай кезеңде де осы ұстанымды ту ете білді. Қазіргі таңда кең байтақ жеріміздің достық пен татулық салтанат құрған құтты мекенге айналуы соның нәтижесі.
Баянды болашақ жолында бабалар салған осы ізден айнымай, ырысымызды одан әрі еселеу – маңызды міндет. Бұл ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында белгілеп берген басымдықтар айрықша мәнге ие.
Шын мәнінде, өзара сенім мен құрмет, жауапкершілік пен отаншылдық және диалог пен келісім – қарқынды дамудың кепілі. Әр қазақстандық осы қағидаттарға адал болса, бірлігіміз бекемделіп, елдігіміз еңселене түсері анық.
Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық және әр шаңыраққа шаттық тілеймін!
Әрдайым аспанымыз ашық болсын!