Қазақстанда медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында жаңа маңызды өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Республика Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, енгізілген түзетулердің бірі – онкологиялық ауруларға скринингтерді МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан өткізу мүмкіндігі. Енді барлық қазақстандық жас ерекшеліктеріне және медициналық көрсеткіштерге сәйкес тегін скринингтен өте алады. Бұл өзгерістер онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және уақытылы емдеуге жағдай жасайды.
Атап айтқанда, 40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырына қарсы әр екі жыл сайын маммография арқылы тексеруден өте алады. 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойыны обырына скринингтен әр төрт жыл сайын цитологиялық жағынды (Папаниколау тесті) арқылы өтеді. Сондай-ақ, 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жыл сайын колоректалдық обырды анықтау үшін гемокульт-тест тапсырады, қажет болған жағдайда бейнеколоноскопия жасалады.
Барлық скрининг азаматтардың тіркелген жеріндегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.
Сонымен қатар, қабылданған түзетулер мүгедектігі жоқ адамдарды да есту аппараттарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бастама халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Жаңа шаралар онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен денсаулық сақтау жүйесінде қолжетімділікті едәуір кеңейтуге ықпал етеді.