«Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығында жаңа студенттік жатақхана пайдалануға берілді

0
641

Қазіргі таңда қоғамның басты талаптарының бірі – әр азаматтың өмірден өз орнын тауып, қоғам байлығын еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, өз шаруасына адал, саналы түрде қатысуы екені белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқымызға арнаған Жолдауларында жас ұрпаққа білім берудің мүмкіндігін барынша арттыру, кадрларды елдегі дағдарыс кезеңіндегі экономикасына бейімдей отырып, қайта әзірлеу болып отыр. Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруда, инновациялық өндірісті алға қарай дамытуға қажетті кадрларды дайындайтын бірден-бір оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. Білім ордасындағы үздіксіз атқарылып жатқан жұмыстар білім алушылардың өмірлік бағытын айқындап, тұлғалық қасиеттерін, азаматтық, Отаншылдық сезімдерінің көркейе түсуін қалыптастыруда.

Жақында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Алматы облысының Талғар ауданындағы Байбұлақ ауылында орналасқан «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы жаңа студенттік жатақхананың ашылу салтанаты өтті. Бұл студенттердің іс-тәжірибелерін жетілдіруде үлкен маңызға ие болып отыр. Іс-шараға университет ректоры, Талғар ауданы әкімдігі, университет проректорлары, факультет декандары, департамент директорлары, ғалым ардагер ұстаздармен БАҚ өкілдері қатысты.

Еске сала кетейік, аталмыш оқу-тәжірибелік шаруашылықтың жатақханалары 1973 жылы салынған, соңғы 30 жыл бойы бірде-бір рет жөндеу көрмеген екен. Кезінде шаруашылықтың көптеген жерлері активтен шығарылып кеткендігі және жатақханалардың тозып пайдалануға жарамсыз болып қалғандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет көтеріліп, Мәжіліс депутаттары мен көпшіліктің назарын аудартқан.

Айта кетейік, соңғы үш жыл ішінде университетте жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді кері қайтару жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. 2024 жылы №9 жатақхана да күрделі жөндеуден өткізіліп, жастардың игілігіне берілді. Осындай нақты істердің нәтижесінде, өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанып отыр.

– Өздеріңіз көріп отырған студенттік жатақхананы жаңғырту бізге оңай болған жоқ. Себебі, бұл оқу-өндірістік шаруашылықтың көлемді жерлері, оның ішінде, осы жатақхана орналасқан жер университет балансынан шығарылған. Оқу орнымыздың басшылығы, әсіресе проректор Қуат Сұлтанғазиев пен заңгерлеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында бұл активтер университетке қайтарылып, оқу ордасына тиесілі барлық жерге «мемлекеттік актілер» алынды. Содан кейін ғана жатақхананы жаңғыртуға кірістік. Оның нәтижесін міне, өздеріңіз көріп отырсыздар. Студенттеріміздің теориялық білімдері мен шеберлігін ұштастыратын нағыз тәжірибе алаңына айналсын, – деді ректор академик Ақылбек Күрішбаев.

 Сонымен қатар, соңғы 30 жылда алғаш рет университет аумағында 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі медицина орталығы бар жатақхананың құрылысын салу қолға алынған болатын, ол осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

– Мен өзім осы университеттің «агрономия» факультетінің 1972 жылғы түлегімін. Оқу бітіргелі алпыс жылдан аса ғұмырымды осы қара шаңырақта шәкірт тәрбиелеуге арнап келемін. Бүгін бәріміз үшін, ең бастысы – білім алушыларымыз үшін есте қаларлық тарихи күн. Мұндай жаңа үлгідегі заманауи жатақхана соңғы 30 жылда алғаш рет бой көтеріп отыр. Өзіміздің қара шаңырақтағы осындай игі бастаманы жүзеге асырған университет басшылығына ардагерлер қауымдастығы мен профессор-оқытушылар құрамы және барша білім алушылар атынан зор алғысымызды білдіреміз, – деп лебіз білдірді ардагер профессор Тастанбек Атақұлұлы.

Сондай-ақ, ашылу салтанатынан бөлек елімізде тұңғыш ашылған «Қазақстан-Нидерланды интенсивті бақ» орталығына, «Жеміс дақылдарының көшеттігі» мен «Қазақстан-Корей ақылды жылыжайына» экскурсия жасалып, жатақхана аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Игі шараға қатысушылар 50 орындық студенттік жатақхананы аралап көріп, өз ризашылықтарын білдірді.

– Өткен жылдары осы жерлерге келгенде, бұл жерді жатақхана деп айтуға ұят болатын. Ректор Ақылбек Қажығұлұлы қолға алып, осындай жақсы бір бастама бастап жатыр. Алда үлкен жоспарлар бар, 2 қабатты, 3 қабатты оқу кафедралары ашылады. Балаларға біз жақсы мүмкіндік жасасақ, болшақта үлкен жақсы кәсіби маман болып шығып, елімізді дамытуға үлкен үлестерін қосатын азаматтар болады деп сенемін, – дейді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Ендеше, еліміздегі жетекші университеттің алға жылжып келе жатқаны қуантады. Бұл жақсылықтың нышаны. Тәуелсіз еліміздің тірегі мен тілеуі болар жастарға барлық жағдай жасалып отырғанының тағы бір көрінісі.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here