«Торғай толғауы»: Белгілі журналист Серік Шайманның жаңа кітабы жарық көрді

0
1167
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

 Қостанайда ардагер журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақ» газетінің 2006 жылдан бергі Қостанайдағы меншікті тілшісі Серік Шайманның «Торғай толғауы» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Іс-шара Серік Әбішұлы бұрын өзі жұмыс істеген Ахаң атындағы университеттің кітапханасында болды. Бұл қаламгердің төртінші кітабы. Таңдамалы жинаққа әдеби әңгімелер мен новеллалар, қоғам және өнер қайраткерлерімен сұхбаттары, әдеби очерктер мен екі повесті топтастырылған.

«Реттік саны бойынша төртінші кітабым. Мұның алдында «Іңкәр дүние», «Дала демі» және «Мезгіл мінберінде» деген шағын кітаптарым шыққан еді. Осы кітапқа бұрыңғы және кейінгі жылдары жазылған дүниелерімді енгіздім. Таңдамалы жинақ болып есептеледі. Үш бөлімнен тұрады, бірінші бөлім «Талбесік тәмсілі» деп аталады. Ол бөлімде екі повесть бар. Алғашқы повест балалық шақтың әсері, ауыл өмірі, соғыстан кейінгі жағдай, өзіме қатысты дүниелер баяндалады. Екінші бөлім – «Тоғысқан тағдырлар». Ол бөлім тікелей Арқалық қаласына арналған. 1970 жылы Торғай облысының ашылуына байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен жас мамандар топтасқан еді. Облыстың ашылуы, қандай жағдайлар болғаны, қызмет істеген адамдар жайлы», – дейді қаламгер.

Ал, үшінші бөлімде очерктер мен суреттемелер топтастырылған. Жалпы, кітапқа екі повесть, жиырма екі әңгіме, сұхбаттар мен эсселер енген.

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

«1992 жылы бірінші рет журналистерді Байқоңыр ғарыш айлағына алып барды. Құрамында мен де болдым. Сол сапардан кейін «Байқоңыр ол қандай?» деген эссе жазған едім. Оны да енгіздім. Академик Кенжеғали Сағадиевтің 70 жылдық мерейтойына байланысты сұхбат жасаған едім. Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркеновамен, Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқановпен жасаған сұхбаттарымды оқуға болады. Негізгі журналистикада оқып жүрген студенттерге, жас тілшілерге оқуға болады», – дейді кітап авторы.

Кітап таныстырылымына Серік Шайманмен бірге кезінде үзеңгілес, қызметтес, сыйлас болған әріптес аға-інілері жиналды. Іс-шараны белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Сансызбай Жиентаев жүргізіп отырды.

«Серік Әбішұлымен ертеден сыйлас, жолдас болып араласып келеміз. Университет қабырғасында жұмыс істегенде біраз шаруаны ақылдасып, пікірлесіп отырып шешетін едік. Бұл кісінің оқу орнында «Жас өркен Қостанай» деген журналды шығаруға сіңірген еңбегі мол. Жазары бар азамат. Шынайы дерекке құралған дүниелерді әркез қағаз бетіне түсіріп отырады. Сол себепті бұл кітап кейінгі жастарға да қосымша білім құралы ретінде оқуға тұрарлық деп айтар едім», – деді Сансызбай Жиентаев.

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Автордың тілі шұрайлы, әңгімелердің желісі ширақ, жеңіл оқылады. Оқырманға ой салатын дүниелер көп. Қаламгердің кейбір әңгімелерінде қазақ қоғамының санасына сыйыса бермейтін ащы өмір шындығы да бар. Белгілі журналист Оразалы Жақсанов сөз алып, қаламгердің шынайы бағасын берді.

«Серік ағаны көптен бері танимын. Екеуіміз де қызметтік жолымызды облыстық «Қостанай таңы» газетінен бастаппыз. Қазақ елінің нағыз патриот азаматы деп айтуға болады. Тек шындықты жазады. Әзілхан Нұршайықов: «Журналистика жазушылыққа бастар жол», – деп айтып кеткен еді. Журналистиканың қара қазанында қайнаған адам жазушылықты алып кетеді. Ағамыз сан емес, сапаға мән береді. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, қай шығармасын алмайық өзіне тән өнері, көркем жеткізе біледі», – деді Оразалы Жақсанов.

Серік Әбішұлы осы кітаптың шығуына демеуші болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, меценат Берік Бейсенғалиевке алғысын жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Ұлт басылымдарының атасы ұлықталды

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here