Түрік дүниесінің Х халықаралық поэзия және музыка фестивалі биыл сәуір айында Алматыда өтті. Әл-Фараби, Әбу-Сина, Бируни, Физули, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Дулати, Руми, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Ұлықбек, Абай, Науаи, Мақтымқұлы, Тоқтағұл, Ғабдолла Тоқай, Алтынсарин сынды ғұламалардың ізгі істерін жалғастырушы қаламгерлер Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Алтай, Мажарстан, Тәжікстан және басқа елдерден келді. Құрметті қонақтар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары мұражайында және ҚР Ұлттық кітапханасында бас қосып, көптеген іс-шараларға қатысты, жаңа кітаптардың тұсауы кесілді, суретшілер көрмесін тамашалады.
Олар ақындар мен батырлар еліне Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшысы, Цзинь империясына қарсы соғыста әскери тактиканың керемет үлгісін көрсеткен, биыл туғанына 855 жыл толған Мұқалы Баһадүрдің еліне келді. Осыған орай атақты қазақ батырының құрметіне ғылыми конференция ұйымдастырылып, Әміре Әріннің «Әлем мойындаған Мұқалы» атты тарихи кітабының тұсаукесері өткізілді. Қазақ мемлекетінің қалыптасуының 800 жылдығы дегенде Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейін Алтын Ордаға айналғаны белгілі. Шыңғыс хан тұқымы жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен тұрмысына икемделіп, қыпшақ тілінде сөйледі.
Мұхтар Мағауинның сөзіне сүйенетін болсақ, «Еуразиялық ұлы мемлекет Алтын Орданы негіздеген Шыңғыс хан – Жошы хан әулеті Қазақ Ордасының да шаңырағын көтерді және барлық уақытта елдің тірек, ұйытқысы болды. Осы тақырып та фестивальда әңгіменің алтын арқауына айналды.
Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин қаласында Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде: «Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухәббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!.. Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан, ер халық.
«Кімнен таяқ жегендей,
Біздің түріктің баласы.
Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек!..» – деп тебірене сөйлеген болатын.
Құлақпен естігеннен көзбен көрген артық. Түрік жерінде жүргенде Мағжанның «Түркістан ер түріктің бесігі қой, Түркістан екі дүние есігі ғой» деген жолдары ойға оралды. Ақынның Ататүрікке арнап жазылған, «Алыстағы бауырыма» деп аталатын өлеңі түрік тіліне аударылып, үлкен таралыммен тарайтын журналдарда түрік және орыс тілдерінде жарық көріпті. Оның түрік тіліндегі нұсқасы «Ұзаққа, алыс сапар шеккен қардашым» деген жолдардан басталады. Қардашым қазақ тіліндегі қарындас деген сөзбен бірдей, бауырым, қандасым дегені. Түркі мен түріктің арғы аталарының бір екеніне ешкім таласа қоймас. Түріктердің өздері де түбіміз Түркістан деп айтып отырғанын талай естідік. Жалпы түркі деген атауды бізге орыстар таңған. Шын мәнісінде, барлығымыз да түркі емес, түрік тектес халықтармыз. 1071 жылы қыпшақтар Кіші Азияға жетіп, осман түріктерінің негізін қалағаны тарихтан белгілі. Бауырлас, тамырлас түрік елінде қазақ елін білмейтін адам жоқтың қасы. Түріктердің көпшілігі қазақ жерін атажұрт, ал өздері қоныс еткен жерді анажұрт деп есептейді. Анатолы түбегінің атауын да олар анамыздай ықылас көрсеткен жер, киелі топырақ деген ұғыммен байланыстырады.
Түріктермен тілдесе қалсаңыз, тілмашсыз да түсінісесіз, түрікше айтсақ, не дегенін андайсыз. Қазақ айтып жүрген Қожанасыр әңгімелері оларда да сол қалпында айтылатынына куә боласыз. Қорқыт ата, Әбу-Насыр әл-Фараби, Әбу-Сина, Ахмет Иассауи секілді асылдарымыздан қалған қымбат қазына түркі тілдес халықтарға ортақ мұра екенін түйсінгенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Қалай болған күнде де бес ғасыр бойы дәурен сүрген селжұқтар мен алты ғасыр жасаған Осман империясының мұрагері болған бүгінгі түрік елі қазақпен тілі бір, діні бір жұрт екенін бұған дейін Түркияны мүлде көрмеген, танып-білмеген қарапайым кісі де бірден байқайды. Кейінгі кездері екі ел арасында орныққан қарым-қатынас игі жемісін беріп жатқаны даусыз. Зия Көкалыптың:
«Мешіт – біздің қазармамыз,
Шатыр – біздің дулығамыз.
Мұнаралар – көк найзамыз,
Құлшылықты құп аламыз.
Құдайдың әскері, жүректе өз діні.
Алла ұлы! Алла ұлы!» – деген жолдары біздің ойымызды да тап басқандай.
Түрік тілдес халықтардың ән және жыр фестивалі әуелі Түркияда Анкара және Адана қалаларынан бастау алған екен. Кейін Түркиямен іргелес жатқан Солтүстік Кипрде Түркия Республикасының 100 жылдығына арналған 8-ші Халықаралық Түрік әлемі поэзия және музыка фестивалі ұйымдастырылған еді. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Түркия, Ирак, Түркіменстан секілді елдерден қаламгерлер қатысқан. Қырғыз елінде осындай бас қосулар жалғасын тапқан болатын.
Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, түрік ақыны, Чукурова халықаралық әдебиетшілер ұйымының басшысы Халиса Текбаш, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, өзбек шайырлары, «Шарқ юлдузи» және «Звезда Востока» журналдарының бас редакторы Рауф Сиражиддин, Дильбар Хайдарова мен Гүлзира Шарипова, әзербайжан ақындары Ильгар Тюркоглы, Елли Атажұрт, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайнулдин, «Казан утлары» журналының бас редакторы Рустем Галиуллин, Башқұртстан Жазушыар одағының төрағасы Айгиз Баймұхамбетов, Азиядагы «Яңги Овоз» еларалық жазушылар және тарихшылар одағының Бішкектегі тең төрағасы Жолдошбек Монолдоров, қазақ ақыны Ержан Алаштуған біздің түрік қаламгерлерінің жиындарын ұйымдастыруға белсене ат салысты және ақындар бас қосуының көркі болды.
Биыл ұлы Абайдың туғанына 180 жыл. «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» – деген жолдарында қайраткердің ұлы мақсат асуындағы мұраты жатыр. Единица – көш бастаушы, қазақы ұғыммен айтар болсақ, қой бастайтын көсем серке. Адасқан халыққа жол көрсетуші, жөн сілтеуші. Единица қисық кетсе, дүние бүлінеді. Единица тура жүрмесе, арттағы нөлдер есепке алынбайды. Единица болмаса, басқа сандар есепшотқа салынбайды. Яғни, единица дегеніміз – халық қамын ойлаған хакім. Абайдың өзін де единица деуге болады. Ақын айтқан единица-бірлік осы күнгі тірлікке жеткізіп отыр. Единица – сағат тіліндей мезгілді дәл көрсетуі керек, уақыттан қалып та қоймауы керек, озып та кетпеуі керек.
Абайдың қоғам қайраткері есебіндегі тағы бір үлкен ерекшелігі, оның қанша ғасыр өтсе де, айтқан ой-толғамдарының келешекке нұсқа болуы дер едік. Өз заманының мінбесінен ғана сөйлеген, белгілі бір кезеңде ғана өзіндік орнын алатын тұлғалар аз емес. Арада біраз уақыт өткен соң олардың өздері де, сөздері де ұмыт болады. Өйткені, олардың мезгіл шеңберіне сәйкес іс-әрекеті ұзаққа шаба алмайтын жүйрік секілді алысқа апара алмайды. Абай қоғамның озып туған, қимылы адам ғұмырына жетер-жетпес қайраткерлерден оқ бойы озық тұрған қасиетті тұлға. Фестивальға қатысқан көптеген ақындарға «Абай хакім» медалі табыс етілді. Конференцияда арнайы баяндама жасаған бізге де ұлы ақын атындағы медаль бұйырды.
Ұлы ғалым, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың туғанына да биыл 190 жыл. Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан халықтарының тарихын және мәдениетін зерттеуші ретінде қазақ әдебиеті тарихына енген оның еңбектері публицистика жанрында да ерекше орын алады. Шоқан қырғыздың «Манас» жырын орыс тіліне алғаш аударған аудармашы.
Шоқанның: «Есть круговая жертва-айналмақ, жертва три раза обходит существо, для которого люди (это) делают. Так, схватывают птицу, окружают три раза вокруг головы и отпускают. Она берет все мое несчастье и болезни на себя. Для выражения любви они говорят айналайын-обойду вокруг», – деген жолдарын оқығаннан кейін барып Олжас ақын «Айналайын» өлеңінде:
«Кружись, айналайн, Земля моя!
Как никто
Я сегодня тебя понимаю,
Все болезни твои
На себя принимаю», – деп азаматтық асқақ үнін шығарған болатын.
Түрік шайырларының бас қосуы бауырлас халықтар арасындағы алтын көпір іспетті болды. Фестиваль алдағы жылы да көршілес елдерде жалғасын таппақ.
Ақылбек ШАЯХМЕТ,
Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.