2025 жылғы 6 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Ерлікке тағзым» атты салтанатты концерттік бағдарлама өтті.
Іс-шараға университеттің Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп, проректорлар, факультет декандары, кафедра және бөлім меңгерушілері, профессорлық-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар мен студенттер қатысты.
Шара барысында университет ректоры Болат Тілеп жиналған қауымды Жеңіс күнімен құттықтап: «Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерейлі мереке қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейді. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Ардагерлерімізге мықты денсаулық және бақ-береке тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!», – деп ардагерлердің Отан үшін жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын ерекше атап өтті.
Салтанатты кеш аясында Жеңістің 80 жылдығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 33 жылдығына орай Абай университетінің Әскери кафедрасында жоғары нәтижелер көрсеткен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда, лаборатория меңгерушісі Роза Имангазиева мен оқытушы Марат Умаровқа «Үздік қызметкер» төсбелгісі табысталса, цикл басшысы Ерен Баймағанбетов пен аға оқытушылар Шалқарбек Исмаилов және Бекмұхан Құрманалиев Алғыс хатпен марапатталды.
Концерттік бағдарламада Өнер факультетінің студенттері шырқаған «Қара бауыр қасқалдақ» әні тыңдаушылардың жүрегін тебірентіп, көпшіліктің көзіне жас үйірді. Сонымен қатар, университеттің «Шың» студенттік театры ұсынған поэзиялық дуэль көпшілік көңілінен шықса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан келген Үрмелі аспаптар ансамблінің орындауындағы туынды көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кеш «Жеңіс күні» әнімен қорытындыланды.