7 мамыр – Отан қорғаушы күні Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам салтанатты іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.
Мемлекет басшысы парадта сөйлеген сөзінде Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлемге үлкен сабақ болғанын атап өтті.
– Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Парадқа Қазақстан Қарулы күштері құрамында және басқа да құрылымдарда қызмет ететін 4 мыңнан аса адам қатысты. Сондай-ақ 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшағы көрсетілді.
Бас алаңға 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың ішінде соғыс және тыл ардагерлері, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, еліміздің әр аймағынан келген делегаттар, әскери-патриоттық клубтардың жас сарбаздары бар.