«Қобда, Нева суларын сүйіп өскен…» – осы бір сөздермен басталатын рухты өлеңді, әсем әуенді тыңдаған сайын тұла бойым шымырлап, көзіме еріксіз жас тығылады. Әннің басы баяу әуенмен бірқалыпты басталып, барған сайын жүйрік аттай күш алып, қайырмасына келген сәтте ерекше қарқынмен адамның рухын көтерердей ұрандап сала береді. Талай адамның жүрегінде жатталып қалған осы бір туындының шыққанына елу жыл өтсе де, әлі өз биігінен түскен жоқ. Халық арасында әлі де шырқалып келеді. Қаумалаған қазақтың рухын көтеріп, жігіттердің намысын қайрап, нәзік арулардың ұранына айналған осы бір ән несімен құнды? Несімен қуатты? Несімен рухты?.. Әрине, бұның бәрі – батыр қыз, батыл қыз Әлиямен байланысты. Сол үшін де құнды, қуатты және рухты.
Әлия – осы бір төрт әріптен тұратын есімде қандай ерекшелік бар? Әлде Әлия деп аталғандар көп пе? Жоқ! Әлия – жалғыз. Тек оның атымен аталған Әлиялар көп. Ол осы жалғыздығымен ерекше.
Әлия есімі аталған кезде көз алдыма ең алдымен қайсар да батыл, жанкешті әйел бейнесі елестейді. Әсілінде, бұл есім аталған кезде жалғыз менің ғана емес, дүйім қазақ жұртының есіне Ұлы Отан соғысында жанкешті ерлігімен есте қалған қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлова оралары анық. Басқаша болуы мүмкін емес. Ол – қазақта біреу-ақ. Ол тіпті әлемде де біреу-ақ. Себебі бүгінгі біздер, тәуелсіз елдің ұл-қыздары, бала күнімізден Әлия Молдағұлованың есімі мен оның атақ-даңқына қанып өстік. Әлия – қазақ қыздары үшін нәзіктік пен батырлықтың бірегей символы. Біз Әлиямен мақтанамыз. Батыр Әлия. Батыл Әлия. Жауынгер Әлия. Қазақтың батыр қызы… Қалай атасақ та, Отанын қорғау жолында жанын берген өрімдей жас қыз үшін жарасатын теңеулер.
Алайда бір ескерерлік жағдай – ең алдымен, Әлия батырлығынан бұрын қазақ халқы үшін аяулы перзент. Ол – туған халқының алақанында тал шыбықтай майысып, еркелей өскен нәзік ару. Ол қару ұстап сапта тұрмаса да, халқының алдында айыпты болмас еді. Ол ержүрек ерлерге арқа сүйеп, өз туғандарының қасында болса да, оны ешкім сөкпес еді. Себебі ол – әйел заты. Ол – нәзік жаратылыс иесі. Оған жаумен шайқасу парыз емес. Алайда осындай нәзіктігіне, өрімдей жастығына қарамастан, ол өз отанын қорғау жолын таңдады және сол жолда асқан ерлік көрсетіп, қаза тапты.
Бәлкім, бұл жолды таңдамаған кезде біз бүгін Әлияны білмейтін де едік. Жау жағадан алып, қиын-қыстау күн туғанда оның кесте тігер нәзік саусақтары қатқыл үнді мылтық ұстады. Ол халықтың жадында осындай ерлігімен мәңгі сақталып қалды.
Әлия 1944 жылы небәрі 18 жасында, көктемгі жауқазындай ерте солды. Қан майдан да оның тәні өлгенмен, рухы өлмеді. Оның есімі мен атақ-даңқы уақыт өткен сайын жаңғырды. Оның бейнесі халқынан алыстаған сайын асқар таудай айқын көріне бастады. Талай ақындар Әлияға өз өлеңдерін арнаса, талай жазушы оған арнап шығарма жазды. Әлі де талай мәрте айтылар, жазылар. Қазақ барда – Әлия мәңгі жасай береді. Халқы оны сағынады, еске алады. Ол халқын сүйді және халқы да оны сүйе береді.
Биыл батыр Әлиямыздың туғанына 100 жыл болыпты. Бір ғасыр бұрын Қобданың жағасында туылған ару қыздың төрт әріптен тұратын есімі бүгінде төрткүл дүниеге жайылып кетті. Әр қазақтың шаңырағында Әлиядай батыл рухты, отанын шексіз сүйетін қыздар туыла берсін.
Ер есімі – ел есінде. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Серікбол НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы