Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардагерім – ардақтым» қайырымдылық акциясы өтті

0
510

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардагерім – ардақтым» қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында Сайым Балмұханов көшесінде тұратын тыл ардагерлері мен жалғызілікті қариялардың ауласында тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараға 40-қа жуық ерікті жас қатысты. Олар қариялардың ауласын тазалап, үй маңындағы шаруашылық істерге қолғабыс етті.

«Бүгін екі тыл ардагерінің ауласында тазалық жұмыстары жүргізілді. Астана ауданы әкімдігінің тізімі бойынша 35 тыл ардагері бар.

Жалпы, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында қариялардың ауласын тазарту, қар шығару жұмыстары жүргізіліп келеді», – деді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы.

Тыл ардагерлерінің бірі – тоқсан жасқа таяған Нини Алаторцева. Ол соғыс жылдары Мәскеу қаласындағы ауруханада аспаз болып еңбек еткен. Кейін Ақтөбеге қоныс аударып, «Сельмаш» зауытында 17 жыл слесарь болған. Қария көмек көрсеткен ерікті жастарға алғысын жеткізді.

«Мұндай акция жастар арасында қайырымдылық пен қамқорлық қасиеттерін қалыптастырады. Сондай-ақ қарттарға деген құрмет мәдениетін арттырады. Биыл 89 жасқа толғалы отырмын. Осы жастарға менің бейнетімді емес, зейнетімді, жасымды берсін деп тілеймін», – деді Н.Алаторцева.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here