Бүгінде Түркістан облысында заманауи су үнемдеу технологиясы қарқынды ендіріліп жатыр. Жалпы еліміздегі суармалы жердің төрттен бір бөлігі, яғни 552 мың гектар жер облысқа тиесілі. Сондай-ақ, облысқа қажетті судың 70%-ы көрші мемлекеттерден келеді. Өткен жылы су үнемдеу технологиясы өңірдегі 55 мың гектарға енгізілген. Биылғы жылы қосымша 59 мың гектарға көбейтіп, жалпы аумағын 114 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Су үнемдеу технологиясына қолжетімділікті арттыру мақсатында өткен жылы 3 өндіріс орны ашылған болатын. Биыл қосымша 3 нысанды іске қосу көзделуде. Одан бөлек, су нысандардарын қалпына келтіру мақсатында «Ислам даму банкімен» келіссөз жүргізіліп, І кезең аясында 136,8 млрд теңгеге 25 жобаны қаржыландыру мақұлданған. Сонымен қатар, ІІ кезеңге 120 жобаның құжаттарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылып, су нысандарының тозуы 76%-дан 50%-ға төмендейді.
Айта кетейік, облыста «Бәйдібек ата» суқоймасының құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде. Нысан Түркістан қаласы мен оның аумағындағы 6 ауданды 113 млн текше метр сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі