Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев репродуктивті денсаулық мәселесіне айрықша мән беріп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасын атап өтуге болады. Аталған бағдарлама репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында жазды.
Министрдің жазуынша, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсатында 2025 жылғы 12-16 мамыр аралығында елімізде Репродуктивті денсаулық апталығы өтеді. Бұл бастаманың негізгі ұйымдастырушысы – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия.
«Бүгінде бұл мәселелерді ашық, ғылыми негізде және кәсіби деңгейде талқылау бұрынғыдан да маңызды. Өткен жылғы тәжірибе бұл бастаманың қоғам үшін өзекті әрі қажетті екенін көрсетті. Сондықтан біз апталықты жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдадық. Акция аясында халықтың денсаулығын нығайту, адам ағзасына және болашағына саналы көзқарас қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігері біріктіріледі. Кәсіби қауымдастықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамдық пікір көшбасшыларын ақпараттық науқанды қолдауға шақырамыз. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін апталық шеңберінде өтетін іс-шараларды кеңінен жариялап, шынайы әрі пайдалы ақпаратты таратайық», – деп жазды Аида Ғалымқызы.
Министрдің түсіндіруінше, апта аясында еліміздің барлық өңіріндегі жастар денсаулық орталықтарында және бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері, тақырыптық дәрістер, тренингтер, интерактивті сессиялар мен мамандардың қатысуымен онлайн-вебинарлар ұйымдастырылады.
«Денсаулық – хабардарлықтан басталады. Келіңіздер, репродуктивті денсаулықты басты құндылыққа бірге айналдырайық! Іс-шаралар туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады: www.rephealth.kz Апталық хэштегтері: #СалауаттыҰрпақ2025», – деп түйіндеді ойын Аида Ғалымқызы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 10-29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық және профилактикалық көмек, психологтардан, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлерден кеңес алуға мүмкіндік беретін 103 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.