Бішкектегі № 33 мектепке білім ошағының түлегі Кемел Тоқаевтың есімі берілетін болды. Бұл туралы Қырғыз республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлім етті.
Аталған ақпаратты Қырғыз республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев те растап, Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырды.
– Президент Садыр Жапаровтың бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі Бішкектегі мектеп-гимназияға берілді. Кемел Тоқаев – 1923 жылдың 2 қазанында Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Қазақ жазушысы, қазақ прозасындағы детектив жанрының негізін қалаушы, – деді ол.
Садыр Жапаровтың Президентінің кеңесшісі Кемел Тоқаев пен аталған мектепті не байланыстыратынын былайша түсіндіреді.
– Ұжымдастыру жылдарында және соның соңын ала келген ашаршылық кезеңінде Кемел Тоқаевтың отбасы туған отанын тастап, қоныс аударуға мәжбүр болған және бірнеше жыл сол Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек – ред.) тұрған. Кемел Тоқаев осы жерде отбасынан айырылды. Жетімдер үйінде тәрбие алды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тағдыр оны екінші мәрте Қырғызстанға келтірді. Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесінде (қазіргі № 33 мектеп-гимназия) білім алып, сол жерден майданға шақыртылды, – дейді Койчиев.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Президенті әкесі оқыған мектепке автобус сыйлағанын еске салады.
– Ол жауынгерлік ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылды. Бірақ қандайда бір себептермен ол атақ бұйырмады. Жуықта Қасым-Жомарт Тоқаев № 33 мектеп-гимназияға автобус сыйлады. Бұл сыйлық соғыс қаһармандарына, әкесі оқыған мектепке құрмет белгісі ретінде табысталды. Сондай-ақ, осы мектептің үздік түлектеріне Алматыдағы Қ.Сәтбаев университетінен ақысыз оқу үшін үш орын берілетіні мәлім болып отыр, – дейді Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі.