Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті қаламгер Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиумға қатысты. Бұл мазмұнды жиынға әдебиеттанушылар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері бас қосты.
Сенатор симпозиум аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаттарын оқып берді.
«Қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегімен келген, әсемдік әлемімен танылған Мархабат аға – соқпағы соны, сонары олжалы, мәдениеті жоғары, жазуы ерек, болмысы бөлек, Қаратаудың шертпе күйіндей күмбірлеген нәзік иірімдерімен ойлы оқырманның жан-дүниесін баураған бекзат жазушы еді. Өлмейтін туындыларымен, өшпейтін мұрасымен ол енді түгел түркінің тұғырлы тұлғаларының біріне айналды. Бүгінгі мазмұнды жиын – соның бір айғағы іспетті», – деді Дархан Қыдырәлі.
Шара барысында жазушының шығармашылық жолы, әдеби мұрасы мен қоғамдық көзқарасы жан-жақты талқыланды. Халықаралық деңгейде өткен бұл симпозиум түркітілдес елдердің қаламгерлері арасындағы байланысты нығайтып, рухани сабақтастықты тереңдете түсті.