Елімізде алғаш рет Жас зерттеушілер форумы өтті

0
840

Бүгін, 16 мамырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп елімізде алғаш рет Жас зерттеушілер форумы өтті.

Бұл форум – ғылымға, зерттеу мен инновациялық қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын біріктірген бірегей алаңға айналды. Іс-шараның мақсаты – оқушылар арасында ғылыми ойлауды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және ғылыми білімді кеңінен насихаттау.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, әкімшіліктердегі білім басқармаларының басшылары, жетекші жас ғалымдар, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен 400-ден астам республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған дарынды мектеп оқушылары және олардың ғылыми жетекшілері қатысты.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы алғы сөзінде болашақта өз өмірін ғылыми-зерттеу жұмысымен байланыстырғысы келетін, ғылым жолын таңдауға құлшыныс білдірген еліміздің барлық жас таланттарын бүгінгі Форумның ашылуымен шын жүректен құттықтап, жемісті жұмыс тіледі. Мемлекет басшысы тарапынан бүгінгі күні ғылым мен инновацияны дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, Президенттің тікелей бастамасымен қазіргі таңда отандық ғылым жүйесін реформалау бойынша кешенді шаралар қабылданып, соның негізінде ғылымды еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі шара осы реформалардың маңызды құрамдас бөлігі ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерінің отандық ғылымның болашағына деген қамқорлығының шынайы көрінісі болып табылатынын мәлімдеді.

А.Күрішбаев өз сөзінде: «Жас таланттар – отандық ғылымның болашағы! Қазақта: «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген аталы сөз бар. Яғни, біздің ғылымымыздың болашағы – жастардың қолында. Олай болса, қабілетті жас таланттарды тауып, оларды заман талабына сай тәрбиелеп, білім деңгейін шыңдау – біздің қасиетті міндетіміз болмақ.

Сондықтан біз жас ұрпаққа зор үміт артамыз. Олар болашақта біздің елімізді қарқынды дамытуға белсене қатысады деген сенімдеміз. Жас таланттарды қолдаудағы Ұлттық ғылым академиясының алғашқы қадамы – былтыр, тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесінің құрылуы болды.

Келесі жасаған маңызды қадамымыз – мектеп қабырғасынан бастап жас дарындарды ғылымға тарту. Форум – жай ғана біржолғы басқосу немесе сән үшін жасалған шара емес, бұл – ғылым саласын креативті ойлайтын, қабілетті жастармен толықтыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия.

Форум жұмысының нәтижесінде Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас зерттеушілер академиясы құрылып, оның құрылымы мен жұмыс органдары жасақталады.

Бұл Академияның жемісті жұмыс істеуі үшін Ұлттық ғылым академиясы тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, Жас зерттеушілер академиясының жұмысын тиімді бастап жүргізу үшін біздің жас вице-президентіміз Дидар Батрышев жетекшілік жасайтын болады. Академиктермен, Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерімен, мектеп оқушыларымен және олардың тәлімгерлерімен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі мен мектеп өкілдерімен бірлесе отырып, Жас зерттеушілер Академиясының басқару құрылымы қалыптастырылып, қызметі жолға қойылады.

Бүгінгі іс-шара – шын мәнінде тарихи сәт,  ол отандық ғылымды жаңғыртуға бағытталған қосымша құралға айналатыны анық. Расында да, Сіздер үшін төзімділік пен үлкен еңбекті талап ететін ғылым шыңына апаратын мол мүмкіндіктер ашылғалы отыр. Осы жолда барлық қабілеттеріңізді жүзеге асырып, нағыз зияткер тұлға ретінде қалыптаса аласыздар.

Айта кету керек, біз  Сіздерді болашақта халқымыздың біртуар ұлы ғалымдары – Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан сынды қайраткерлердің ізгілікті ісін жалғастыратын, әлемге танымал ғалымдар қатарынан көргіміз келеді. Сіздердің табиғи дарындарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз тынымсыз ізденіспен ұштасып, тек елімізге ғана емес, сонымен бірге бүкіл адамзатқа пайдалы ұлы ғылыми жаңалықтар ашуға негіз болады деп сенемін».

Форум оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары мен әзірлемелерін таныстыруға арналған ашық алаңға айналды. Мұнда олардың дайындық деңгейі бағаланып, жетекші ғалымдар мен сарапшылар тарапынан кәсіби пікірлер ұсынылды. Сонымен қатар, STEM білімін дамыту, халықаралық тәжірибені орта білім жүйесіне енгізу және Қазақстандағы мектеп ғылымының болашағы сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Форум аясында келесі шаралар қамтылды:

  • Мектеп оқушыларының ғылыми және инновациялық жобалары мен әзірлемелерінің көрмесі өтті;
  • «Зияткер» атты интеллектуалдық командалық сайыс ұйымдастырылды;
  • Академик Қ.И. Сәтбаев, археология және Қазақстан ғылымы тарихы музейлеріне экскурсия жүргізілді;
  • Отандық және шетелдегі жетекші жас ғалымдар мен академиктердің баяндамалары мен мастер класстары өтті;
  • Жас зерттеушілер баяндама жасап, өз жобаларын таныстырды;
  • Жас зерттеушілер форумы аясындағы байқаулар жеңімпаздары ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Qalan компаниясының арнайы сыйлықтарымен, математика, ағылшын тілі курстарына және Әл-Жәбірдің атасы ғылыми-танымдық журналына 6 айға тегін жазылым сертификаттары табысталды;
  • Шара соңында «Қожа – жаңа саяхат» фильмі көрсетілді.

Форум нәтижесі бойынша ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында Жас зерттеушілер академиясы құрылды.

Жас зерттеушілер Академиясының басты мақсаты – ғылымға қызығушылығы бар дарынды мектеп оқушыларын анықтау және қолдау, олардың бойында зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылыми жабдықтар мен зертханаларға қол жеткізуін қамтамасыз ету, кәсіби бағдар беру және мектеп оқушылары арасында ғылыми білімді кеңінен насихаттау.

Үздік баяндама:

  1. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік баяндама жасағаны үшін 3-дәрежелі дипломмен Нагашибаева Жансая марапатталды. Ақтөбе облысы, Алға қаласының Бестамақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы.
  2. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік баяндама жасағаны үшін 3-дәрежелі дипломмен Белашов Никита марапатталды. Қостанай облысы. Қостанай қаласы № 1 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.
  3. 3. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік баяндама жасағаны үшін 3-дәрежелі дипломмен Жұмаш Азат марапатталды. Астана қаласы, Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінің 10 д сынып оқушысы.
  4. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік баяндама жасағаны үшін 2-дәрежелі дипломмен Мурат Даниял марапатталды. Алматы қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының 10-сынып оқушысы.
  5. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік баяндама жасағаны үшін 2-дәрежелі дипломмен Айдарханова Аружан марапатталды. Алматы қаласы, №165 мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы.
  6. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік баяндама жасағаны үшін 1-дәрежелі дипломмен Жұмабек Қажыкелді және Аманжол Ералы марапатталды. Алматы қаласы, №178 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушылары.

Үздік ғылыми әзірлеме номинациясында:

  1. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік ғылыми әзірлеме номинациясында 3-дәрежелі дипломмен «Жоғары дәлдіктегі, өрттің алдын алатын робот-машина» жобасы Раимжан Алимжан марапатталды.
  2. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік ғылыми әзірлеме номинациясында 2-дәрежелі дипломмен «Kazzai» ғарыш тік ұшағының жерге пайдасы» жобасы Жорабек Зайнаб марапатталды.
  3. І Жас зерттеушілер форумының қорытындысы бойынша үздік ғылыми әзірлеме номинациясында 1-дәрежелі дипломмен «Бионикалық протез және экзоскелет» жобасы Алмазұлы Айбат, Хасен Сұлтан марапатталды.

«Зияткер» білім бәйгесінен орындар:

  1. №52 Жалпы білім беретін мектебі.
  2. ⁠Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандырылған гимназиясы.
  3. ⁠Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандырылған гимназиясы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here