Біріккен Араб Әмірліктерінің Air Arabia Abu Dhabi компаниясы Informburo.kz порталының сұрауына орай, маусымда іске қосылатын Абу-Даби – Алматы бағытындағы әуе рейсіне қатысты мәліметтерді жария етті.
1 маусымнан бастап рейстер аптасына 3 мәрте жиілікпен (сейсенбі, жұма және жексенбі) орындалады.
Алматыдан ұшу уақыты: 15.35. Абу-Дабиге жету уақыты: 19.20 (жергілікті уақыт). Ұшу ұзақтығы: 4 сағат 45 минут
Абу-Дабиден ұшу уақыты: 09.20. Алматыға жету уақыты: 14.35 (жергілікті уақыт). Ұшу ұзақтығы: 4 сағат 15 минут.
«Билеттер қазір сатылып жатыр. Оны әуе компаниясының сайтынан немесе туристік агенттерден және билет сатуға арналған сервистерден алуға болады. Мысалы, 10-20 маусымдағы шамамен 181 долларға тең, оған 10 келілік қол жүгі кіреді», – делінген әуе компаниясының жауабында.
Компания мәліметінше, Абу-Дабидің соңғы жылдары қарқынды дамуы жаңа әуе рейстерін ашуға сұраныс туғызған. Болжам бойынша, алдағы уақытта туристер саны арта түседі. Сондай-ақ, жаңа әуе рейсі Алматыға келетін туристер санының да ұлғаюына оң ықпалын тигізеді.
«Әзірге қазақстандықтар үшін Абу-Даби арқылы ұшып кетуге арналған транзиттік рейстер саны көп емес. Бірақ, өзге әуе компаниялармен әріптестік бойынша келіссөздер жүріп жатыр, таяу уақытта серіктестік тарифтері туралы ресми хабарлаймыз», – делінген компанияның жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Көлік министрілігінің Азаматтық авиация комитеті 1 маусымнан бастап Air Arabia Abu Dhabi әуе компаниясы Қазақстаннан жолаушы тасымалдайтынын хабарлаған болатын. Әуе компаниясы бірінші кезекте Абу-Даби – Алматы бағытындағы әуе рейсін іске қосады.
«Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның әуе тасымалдау нарығына Біріккен Араб Әмірліктерінің Air Arabia Abu Dhabi жаңа әуе компаниясы кіреді. Әуе компания Абу-Даби – Алматы бағыты бойынша аптасына 3 рейс жиілігімен тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр», – делінген комитеттің хабарламасында.