Өрісте жүрген төрт түлік малдарыңызды кене шағып, жұқпалы ауру таратпасын десеңіз, жаз жайлауда көбірек кекілік құсын өсіріп, далаға жіберіңіз. Бір кекілік 3-4 жылдық қысқа өмірінде 1 миллионға жуық кене жейді екен. Ауылыңызда кене көбейіп кетсе, кекілік құсының азайып не жоқ болып кеткенін білдіреді.
Кекілік – орташа денелі тауық тұқымдастардың өкілі. Қара жолақпен жиектелген, ақ тамақты, екі бүйірі ақ және қара қиғаш жолақты ашық өңді құс.
Кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмейді. Бірақ, ауру кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті. Оның салдарынан адам кенелік энцефалит және Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтыруы мүмкін.
Кене шаққан кезде вирус жұқтырса, адамның басы қатты ауырып, дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтеріледі. Дене қалтырап, тері бөртіп қызарады. Бұлшық ет ауырып, адамның тыныс алуы қиындайды. Адамның тамаққа деген тәбеті жоғалып, жиі шаршайды.
Теріге жабысқан кенеге вазелин жағып немесе өсімдік майын кененің басына тамызу керек. Бес минуттан кейін пинцет немесе жіп көмегімен кенені жұлып алуға болады. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, бірден дәрігерге бару керек. Кенені теріден алған соң, оның орнын йодпен немесе спиртпен сүрткен жөн. Қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені, кене қан сорған кезде оның жұқпалы вирустары денеде қалып қою мүмкін. Кенені денеден алған соң, оны өртеп жібер не қайнаған суға салу керек. Аурудың белгілері анықталған жағдайда, бірден дәрігерге тексерілу қажет.
Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Бопай ханым жоғарғы медициналық колледжінің
хирургия, анестезиология және реанимация пәнінің оқытушысы,
ардагерлер кеңесінің төрағасы.