Түркі әлеміндегі академиялық және мәдени ынтымақтастықты дамытудың жаңа қадамы

0
498

2025 жылғы 27 мамырда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың Самарқандқа «2025 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін беру салтанатына арналған ресми сапары аясында түркі әлемінің бүкіл академиялық қауымдастығы үшін маңызды оқиға орын алды.

Қор Президенті Самарқандтағы «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университеті жанындағы «Жібек жолы» халықаралық ғылыми-зерттеу институтына барды. Сапар аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Институт арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Келісімнің негізгі нәтижесі ретінде Қор қамқорлығымен Институт базасында жұмыс істейтін Түркі мәдениеті және мұрасы орталығының ресми ашылуы жүзеге асты. Жаңа Орталық түркі мемлекеттері арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми зерттеулер мен мәдени алмасуды дамытуға арналған алаң болмақ.

Түркі мәдениеті және мұрасы орталықтарын құру – Қордың ғылыми-білім беру және мәдени қызметін кеңейтуге бағытталған стратегиялық бастамаларының бірі. Мұндай орталықтар қазірдің өзінде Қазақстан мен Қырғызстанда табысты жұмыс істеуде, ал алдағы уақытта оларды түркі әлемінің басқа елдерінде де ашу жоспарланып отыр.

Түркі мәдениеті және мұрасы орталықтары ғылыми бастамаларды қолдауға, мәдени құндылықтарды насихаттауға және түркі халықтарының тарихи мұрасын сақтауға арналған маңызды тірек нүктелеріне айналуы тиіс. Бұл орталықтарда ғалымдар, сарапшылар мен студенттер бірлескен жобаларды жүзеге асырып, академиялық диалогты тереңдетіп, түркі мұрасын жан-жақты зерттеуге бағытталған пәнаралық жұмыстар жүргізе алады.

Самарқандтағы Орталықтың ашылуы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтудың, сондай-ақ түркі әлемінің бай әрі сан қырлы мұрасын халықаралық деңгейде танытудың маңызды қадамы болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here