Нағыз патриоттар мекені

0
1088

Жыл сайын 23 маусымда елімізде Қазақстан полициясы күні аталып өтеді. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Осынау жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған Қостанай заң академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәрменовпен ашық әңгімелескен едік.

ОҚУ ОРНЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Сұхбатыңызды Өзіңіз тізгінін ұстап отырған академияның тарихын қысқаша баяндаудан бастағанымыз жөн секілді. Оқу орнына қазақтан шыққан тұңғыш милиция генералы Шырақбек Қабылбаевтың есімі қашан берілді?

– Аталмыш оқу орнының тарихы 1971 жылғы 1 қарашада кіші және орта басшы құрамды даярлайтын Қостанай облысаралық мектебінен басталды. Ол өзінің дамуы барысында колледж, жоғары мектеп, заң институты, академия секілді сатылардан өткендігін ерекше ықыласпен айтқым келеді.

Әрине, артта қалған жылдарда оның қалыптасуына қаншама өз саласының майталмандары қомақты үлестерін қосты. Ал, 2014 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Қостанай заң академиясына ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың есімі берілді.

Білім ордасының алаңында оған орнатылған ескерткіштің алдында салтанатты жиындар өткізіліп, гүл шоқтары қойылады. Бұл енді дәстүрге айналды. Мұның жаңадан оқуға қабылданған курсанттарға тағылымы мол.

 – Бұл күндері академияның болашақ полиция қызметкерлерін дайындауда алар орны ерекше. Сондықтан осындағы профессор-оқытушылар құрамының алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталып өтсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, академиядағы барша қызметкерлер мен білікті мамандардың алдында тұрған міндеттер орасан зор. Өйткені, өзіміз күнделікті қызметімізде тәрбиелеп жатқан курсанттардың және түлектердің сапалық деңгейі еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша орын алатынын жете түсінеміз. Ал, басты мақсатымыз – тәуелсіз еліміздің нағыз патриоты болып табылатын, біліктілігі жоғары, білімі терең, кәсіби жағынан әбден шыңдалған, халқына адал қызмет етуге әрдайым дайын, шынайы да шыншыл, жаңа технологияларды меңгерген нағыз мамандарды даярлау екендігі белгілі. Ол үшін интерактивті оқыту әдістерін де батыл енгізіп келеміз.

Қостанай академиясы – еліміздің негізгі ведомстволық жоғары оқу орындарының бірі. Біз үш деңгейлі білім беру жүйесін – бакалавриаттан докторантураға дейін жүзеге асырамыз. Сонымен қатар, оқу кезінде біздің курсанттар теориялық білімдерін тәжірибемен тығыз ұштастыруға көп көңіл бөледі. Жоғары оқу орнының полигондарында арнайы жаттығудан өтеді. Сондай-ақ, полиция саласында қызмет атқарып жатқан білікті офицерлер дәріс беріп, болашақ әріптестеріне бай тәжірибелерін үйретеді. Міне, мұндай әдістердің де жастарға берері мол.

Курсанттар оқу бағдарламаларын жан-жақты игеріп, өздерінің кәсіби пәндерінде тиянақты білімдерін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, академияның өміріндегі ғылыми және зерттеу жұмыстарымен шұғылдануларына да толық мүмкіндіктері бар. Бұл аралық аттестациялардың қорытындысында игі жемісін беруде.

Өздеріңізде жаңадан кафедра ашылды деп естідік. Сол жөнінде бірер сөз.

– Биыл академияда цифрлық трансформацияға сенімді қадам жасалып, киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар кафедрасы ашылды. Киберқауіптердің өсуі жағдайында бұл бағыт басымдыққа ие. Біз ақпараттық ресурстарды қорғауды ғана емес, сонымен қатар киберқылмыстардың алдын алуды, анықтауды, тергеуді білетін мамандарды дайындаймыз.

БҮГІНГІ КУРСАНТ – ЕРТЕҢГІ БІЛІКТІ ОФИЦЕР

Курсанттарға білім ордасының қабырғасында таңдаған мамандықтарын терең игеруден басқа да бойларындағы қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктері бар емес пе? Академияның атын шығарып жүрген талантты спортшылар мен топ жарған дарын иелері жөнінде де білсек…

Әрине, Қостанай академиясында курсанттардың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалған. Олар мұнда мамандықты игеруден басқа, қолдары бос уақытында үйірмелер мен клубтарға белсене қатысып, өздерін жан-жақты көрсете алады. Мәселен, оқу орнының жанында ғылыми үйірмелер, пікірсайыс клубтары құрылған. Олар табысты жұмыс істеуде. Жақында Қарағанды шаһарында өткен турнирде білім ордасының пікірсайысшылар командасы жүлделі бірінші және екінші орындарды иеленді. Сондай-ақ, шахмат клубы, тапқырлар сайысы, әдеби үйірме, спорт секциялары да бар.

Курсанттардың арасында табиғи дарынды музыканттар, сөз өнеріне құштар жастар мен спортшылар баршылық. Академияда баспасөз орталығы қызмет етеді. Олар оқу орнының ғана емес, қалалық іс-шаралар мен қоғамдық-мәдени өмірге атсалысады.

Спорт кешенінде жастардың жауынгерлік самбо, қоян-қолтық жекпе-жегі, еркін күрес, шағын футбол, волейболдан жаттығуларына барлық жағдай туғызылған.

Шәкірттердің арасында халықаралық деңгейде көрініп жүрген спортшылар біздің мақтанышымыз. Мысалы, Арай Төлеубай – Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстанның чемпионы, Ташкенттегі Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол күз айында Индонезиядағы әлем чемпионатына қатысады. Айта берсек, спортты өздеріне серік етіп, салауатты өмір салтын берік ұстанған талапкерлер аз емес.

– Курсанттар бос уақытын қалай тиімді өткізеді? Ол үшін қандай қолайлы жағдайлар жасалған?

– Олар сабақтан бос уақыттарын барынша мазмұнды өткізіп, рухани жан дүниелерін байытуға арнайды. Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Болашақ мамандар демалыс күндері облыс орталығындағы музейлерге, көрме залдарына, театрларға, кинотеатрларға барады.

Академияда курсанттардың жан-жақты дамуына ықпал ететін ата-аналар комитеті жұмыс істейді. Қостанай шаһарында өткізілетін қазақтың ақындары мен жазушыларының мерейтойлық кештеріне қатысуға толық мүмкіндік жасалған. Өйткені, елдің болашақ тірегі болып табылатын білікті мамандар өз мемлекеті мен халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлы тұлғалары мен көрнекті қайраткерлерін білуге тиісті. Өткенді білмей, болашақты болжай алмайсың.

Былтыр түлектеріміздің бастамасымен кейінгілерге үлгі болу мақсатында жасыл шыршаларды отырғызу дәстүрі қолға алынды. Келешекте курсанттар өз балаларын немесе немерелерін ертіп келіп, бір кездері өздері еккен шыршаларды көрсетулері әбден мүмкін емес пе.

Биыл оқу орнының аумағында өскелең ұрпаққа ғибрат боларлық тағылымды шараны жүзеге асырғалы отырмыз. Бейбіт өмірде ел азаматтарының құқығын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан бұрынғы төрт түлектерімізге арналған стеланың алғашқы кірпішін қалау жоспарланды. Бұл оларға деген құрметтің белгісі болып табылады.

ЖАН-ЖАҚТЫ МАМАН АТАНУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Білім нәрімен сусындап жатқан курсанттардың сүйікті орнына айналған кітапханаларыңыз жайлы да тоқталып өтсеңіз…

 – Кітапхана кез келген оқу орнында ерекше орын алатындығы ақиқат. Біз де шәкірттеріміздің оқу-тәрбие процесін және ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ететін бұл парасат ордасын оқулықтармен толық қамтамасыз еттік. Мұнда Қазақстан Республикасының ұлттық, мемлекеттік мерекелер және басқа да атаулы күндер бойынша түрлі шаралар өткізіледі. Ол үшін жаңа заманауи техникалық жабдықтар тиімді пайдаланылады. Оның жанында курсанттардың назарын классикалық және қазіргі заманға сай көркем әдебиетке аудару мақсатында «Әдебиет толқынында» деген клуб жұмыс істейді. Оқу залына заң ғылымдарының докторы, профессор Айдарқан Байдекұлы Сқақовтың есімі берілді. Ол еліміздегі жоғары білім мен ғылымды дамытуға айтарлықтай үлес қосқан азамат.       

Сіз осы саладағы білікті маман әрі үлгілі офицерсіз. Осы кезге дейін талай жауапты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, генерал дәрежесіне дейін көтерілдіңіз. Өмір жолыңыз кейінгі жастарға өнеге. Сондықтан Өзіңіз жайлы таратыңқырап айтып берсеңіз…

– Мен Қостанай облысына қарасты Меңдіқара ауданының Боровской поселкесінде дүниеге келдім. Жас кезімде өзге замандастарым секілді елім мен халқыма пайдамды тигізетін мамандықты игеруді мақсат етіп қойдым.

 «Талапты жетер мұратқа» деген аталы сөз сөз бар емес пе. Арманыма жету үшін алдымен Алматы жоғары мектебіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтадым. Содан кейін еңбек жолымды өзімнің кіндік қаны тамған аудандағы ішкі істер бөлімінде қатардағы тергеушіліктен бастадым. Кезінде осы академияда оқытушылық қызмет те атқардым. Осылайша, қаншама жауапты жұмыстарда болып, кәсіби жағынан шыңдалдым. Ғылымға ден қойдым. 2010 жылы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі академиясының докторантура кафедрасының доценті болдым.

Уақыт өте екі жыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кембридж университетінде «Сот билігі, құқық қорғау органдары, құқық қорғау қызметін ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алдым. Оның бәрі сайып келгенде, біліктілігімді көтеру мен бірқатар жауапты да лауазымды қызметтерді атқаруыма септігін тигізді. Бертін ішкі істер министрлігі кадр саясаты департаментіне жетекшілік етіп, Қарағанды академиясының бастығы қызметінде шыңдалдым. Маған үлкен сенім артылып, қазіргі лауазымды міндетіме тағайындалдым.

БАТЫЛДЫҚ ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚ – ЖІГІТКЕ ТӘН ҚАСИЕТ

Басшы ретінде Өзіңізді қандай мәселелер толғандырады? Болашақ жұмыс жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Академия ұжымының алдында үлкен асқаралы асулар тұр. Оны жүзеге асыру жауапкершілікті, тың ізденістерді, терең білім мен біліктілікті қажет етеді. Осы биік мақсаттарға тоқталатын болсам, ол – әлемдегі жетекші полиция академиялармен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, озық тәжірибелермен алмасу. Болашақта жаңа білім беру технологияларын енгізу мен ғылыми-зерттеу қызметін дамытып, практикалық дайындаудың жүйесін жетілдіре бермекпіз.

Академия 2015 жылдан бері халықаралық полиция академиялары қауымдастығының мүшесі. Бүгінгі таңда 30-дан астам келісім жасалды. Еуропа, Азия және ТМД жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастық орнаттық. Былтыр академияда Қырғыз Республикасының 58 қызметкері тағылым алды. Үстіміздегі жылы Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан білімін жетілдіретін қызметкерлер келмек.

Ең бастысы, түлектерімізге өз саласы бойынша кәсіби біліктіліктерін жете меңгерулеріне қолдан келген барлық жағдайды туғызу. Сонда олар ел қауіпсіздігін нығайтып, мемлекеттің гүлденуіне өздерінің лайықты үлестерін қосатын болады. Бұл бағытта ұжым қызметкерлері заман талаптарына сай аянбай еңбек ете беретіндіктеріне ешқандай шүбә келтірмеймін.

Өзіңіз басқаратын заң академиясын жұртшылық нағыз патриоттар ордасы деп босқа айтпайды. Бұған жақында оқу орнында ұлтымыздың мақтанышы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толғанына орай өткізілген «Жеңіс ұрпақтары» деп аталатын әскерилендірілген кросстан Қостанай облысының чемпионаты барысында көзіміз әбден жетті. Осы тағылымды жарыс жайлы пікіріңізбен бөліссеңіз…

– Есімі аңызға айналған дара тұлға, қайталанбас батыр атамыздың көрсеткен ерлігі мен батылдығы еліміздегі барша ер азаматтарға, кейінгі Отан қорғаушыларға өнеге. Сондықтан биыл да оның 115 жылдық мерей тойына байланысты есте қаларлық шара ұйымдастырдық. Ол барлық талаптарға сай жоғары деңгейде өтті. Оған өңірімізден 12 әскери-патриоттық клубтар қатысып, өздерінің біліктіліктері мен қабілеттерін, ширақтықтары мен ептіліктерін жарқырата көрсетті. Өзіміздегі «Томирис» командасының шеберлігі баршаны тәнті етті. Ерекше жиынды көзбен көріп, көңілдеріне түю үшін құрметті қонақтар шақырылып, жастарға ұлағатты сөзін арнады. Бұлардың қатарында Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Бегатаров және басқа да көпшілікке сыйлы азаматтар болды.

Қысқасы, осы сайыстарда қатысушылар сан қырларымен танылды. Мұндай жарыстар алдағы уақытта да дәстүрге айнала бермек. Өйткені, Отан сүйгіштік сезімі болашақ офицерлерді жігерлендіріп, бойларында нағыз патриотқа тән қасиеттерді қалыптастыратындығы даусыз.

Ақынқали Дәуітбайұлы, полиция қызметкерлерінің төл мерекесіне де көп қалған жоқ. Республикамыздағы әріптестеріңіз бен Өзіңіз тәрбиелеп жатқан курсанттарға басылым арқылы қандай ізгі тілегіңізді білдірер едіңіз?

– 23 маусым – Қазақстан Республикасының полиция күні. Осынау біздің кәсіби мереке кезінде бейбіт уақытта еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге және арамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Өзім күллі әріптестерімді және ертеңгі білікті офицерлер болып табылатын курсанттарды шын жүректен құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық тілеймін.

Әңгімелескен: Оразалы ЖАҚСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here