Ұстаздар ұстаханасында Қуаныш Сұлтановпен тағылымды кездесу өтті

0
294

2025 жылғы 2 маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, кеңестік және қазақстандық саясаткер, дипломат, журналист, саясаттанушы, профессор Қуаныш Сұлтановпен тағылымды кездесу өтті.

Іс-шара басталмас бұрын құрметті қонақ университет музейіне арнайы барып, оқу орнының тарихи дамуы мен жетістіктерімен танысты.

Кездесу аясында профессордың «Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой-толғауы» атты жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа туындыда автор өзі куә болған естеліктерді баяндап, кеңестік тұстағы әділетсіздіктер мен қайшылықтар туралы толғамды ойларымен бөліскен. Ал «Қазақтың Қонаевы» – ұлтымыздың дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ұзақ жылдар ұлт мүддесіне сай атқарған қайраткерлік еңбегіне арналған.

Іс-шараның мақсаты – жастарды ел тарихындағы көрнекті тұлғалардың өмір жолымен таныстыру, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту, сондай-ақ азаматтық ұстаным мен ой еркіндігін дамыту болды.

Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы мен жас ғалымдар қатысты.

Ректор Болат Тілеп құттықтау сөзінде Қуаныш Сұлтановтың мемлекетіміз бен ғылым саласына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, оны жас ұрпақ үшін тағылым мектебі деп бағалады.

«Қуаныш Сұлтанов – ел тарихының бел ортасында жүрген, сан түрлі кезеңдерде халық мүддесін жоғары қойған, ойы терең, сөзі салиқалы қайраткер. Оның еңбектері – өскелең ұрпақ үшін тағылым мектебі. Бүгінгі тұсауы кесілген кітаптары – тәуелсіздік шежіресінің маңызды парақтары ретінде ел жадында сақталады деп сенемін», – деді ректор.

Ал кездесу барысында Қуаныш Сұлтанов тәуелсіздіктің тарихи маңызы, ұлттық сана мен патриоттық тәрбиенің мәні жайлы кеңінен тоқталып, Дінмұхамед Қонаев тұлғасы арқылы ұлт көшбасшысының бейнесін сипаттайтын тұстарға назар аударды. Сонымен қатар, соңғы отыз жылдағы саяси-әлеуметтік өзгерістерге қатысты өзінің авторлық көзқарасын ортаға салды.

Кездесу аясында қатысушылар қатысушылар автор көтерген өзекті тақырыптарды кеңінен талқылап, қоғам дамуына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. 

Кеш соңында профессор Қуаныш Сұлтановқа Абай университетінің ең жоғары марапаттарының бірі – Абай медалі табысталып, ұлттық дәстүрге сай құрметті қонаққа шапан жабылды. Бұл сый-құрмет – мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың ғылым мен қоғам дамуына қосқан сүбелі үлесіне деген жоғары бағаның белгісі болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here