Қажымұқан: даңқ пен дақпырт

0
706

Кейінгі кезде, әсіресе әлеуметтік желіде қазақтың ұлттық мақтанышы әйгілі палуан Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында тарығып күн кешіпті, отбасы ашқұрсақ күйге түсіпті, өкімет тарапынан жеткілікті қамқорлық болмапты, ақырында палуан аштықтан өліпті деген қауесет өріп кетті. Бұл тұжырымды айтушылар Қажымұқанның соғыстан кейінгі уақытта Қазақстан басшыларына жазған хаттарын анық дәлел ретінде алға тартады. Бұлар қандай хаттар еді?

1945 жылғы 26 маусымда даңқты палуан, 1927 жылдан «Қазақ даласының батыры» деген ресми атағы ұмытылған Қажымұқан Мұңайтпасұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевқа хат жазады. Бұл хаттың мұрағаттағы түпнұсқасы мынау (ықшамдалып жарияланып келеді):

«Қазақстан өкіметінің Ақсақалы жолдас Қазақбаев Абсәметке қазақтың атақты палуаны Мұңайтбасов Хажмұханнан

Өтініш

Мен 55 (?) палуандық істеп, талай өлімдерден қалып, тек Америкадан басқа елдердің бәрін араладым. 75 жасқа келдім. Тұрмыс нашарлау… 10-15-тей қызыл әскерлер семьяларына да айналамдағы көмектесемін.

Маған Шәуілдір ауданының беріп отырған көмегі қанағаттандырмайды, белгілі продукты жоқ. Анда-санда 1-2 пұттап райторг арқылы берген болады. Қаракөл совхозы, Овцевод совхозы, қатар жатқан Шаян ауданы (секретары Шураев) да көмектеседі. 

Мен өткен жылда Отан қорғауға 100 мың сом ақша жібердім. Осы марттан бастап Отан қорғау пайдасына 3-4 гектардай жүгері егіп, соны  5 жасар Айдар атты баламмен бірге кетпендеп жатырмын. 

Қазақстан өкіметінің 25 жылдық мерекесі құтты болсын.  

Менің төбе құрлы атым шықпады.

Мен сайып келгенде бау-бақшалы, жемісі мол, қалалы жер, тым болмаса көшесінің атын менің атыма қойып тәрбиелер деген оймен Өзбекстанға барғым келеді. Сондықтан маған Қазақстаннан Өзбекстанға өтуге рұқсат етіңіз деп өтініш хат жазған Хажмұхан.

26/VI-45 г.».

Бұдан басқа жәһанторда Қажымұқанның тағы бір хаты жүр. Қажымұқан 1947 жылы 10 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевқа және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновқа жазған бұл хаттың мәтіні мынадай:

«…Менің қазіргі жағдайым болса нашар. Түзу көздеріңізбен маған қарамадыңыздар. Ішерге тамағым, не киерге киімім жоқ. Жасым жетпістің алтауынан жетеуіне шыққан уақытымда осындай жағдайға кездестім. Қызметке жарайтын адамым жоқ. 2-3 жас балаларым бар. Арыс ауданындағы Темірлан селсоветіне, «Ленин туы» колхозына 1946 жылдың 1 июнь күні көшіп келіп едім. Арыс ауданының көрсетіп отырған жәрдемі жоқ.

Басымда үйім жоқ. Үй алып береміз дегендей еді, салып берген үйі жоқ. Бір малханада отырмын. Сізден әлгі жоғарыда айтылғандармен қоса көбінесе сұрайтыным, бір Қажымұқан жайы деген жай салдырып беруіңізді сұранамын. Және 75 жасқа толған мерекемді көрсетіңіз (өткізіңіз).

Сауымға, сүтін ішуге 1-2 бұзаулы сиыр, бір құлынды бие болса.
Басқа айтар сөзім жоқ. Әрі менен сәлем.
Айтқан 500 сом айлығыңызды бермей қойыңыз. Хабарыңызды күтемін.
Қайыр қош деп арыз етуші Қажымұқан.
10 январь 1947 ж.».

Қазақша жазылған бұл хаттар өкіметтің жұмыс тілі – орысшаға аударылған. Осы хаттарға сүйеніп Қажымұқан «қартайған шағында ашқұрсақ байғұстың күнін кешті» деген дақпыртқа Қазақстан Орталық мемлекеттік мұрағатының бұрынғы директоры Марат Хасанаевтың 2000 жылғы 21 қарашада «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Одиссея забытого кумира» («Ұмытылған тұлғаның тауқыметі») деген мақаласы түрткі болған. Мұрағаттың басында отырған ол осы Қажымұқан хаттарының қазақша түпнұсқаларына емес, орысша аудармаларына сүйенген. Бұдан басқа Қажекенің туғанына 130 жылдығына арналып 2001 жылы шыққан «Қажымұқан қағанаты» жинағына Қыстаубай Байтуовтың Марат Хасанаевтың әлгі мақаласы негізінде жазылған осы мазмұндас мақаласы еніп кетті. Осындай қауесетті қатты өрбіткен жарияланымдардың бірі – Мая Бекбаеваның «Тайны и судьбы великих казахов. Хаджимукан Мунайтпасов» («Ұлы қазақтардың сыры мен тағдыры. Қажымұқан Мұңайтпасов») деген орысша деректі фильмі. Мая Бекбаева кейінгі уақытта қазақтың айтулы тұлғалары туралы құрастырған осындай дүмбілез дүниелерінен гөрі ана бір кезде елбасыға «Сіз менің жүрегімді жаулап алдыңыз» деп ынтықтығын мәлімдеуімен елдің есінде қалған болар-ау…

Бұл қауесетті нақты құжаттар деректерімен, Қажекенің көзін көрген, араласқан адамдардың естеліктерімен дәлелдеп, бекерге шығарып жүрген зерттеушілер де аз емес. Бірақ, ақиқаттан гөрі аңызға сенуге бейім жұртшылық әрі-сәрі. Бұл жәйтке әр кездері Қажымұқан өміріне ден қойған қаламгерлер, ғалымдар Серік Байхонов, Бекжан Бейсенбай, Әлімқұл Бүркітбаев, Ермек Жұмахметұлы, Бақтияр Тайжан, Мұратхан Тәнекеев, Ғазибек Тәшімбетов, т.б. мән беріп, мәселенің жай-жапсарын анықтауға тырысқан. Біз мақаламызда мұрағат құжаттарымен қатар осы зерттеушілердің еңбектеріне де сүйенеміз.

Бұл орайда отырарлық қаламгер, тиянақты қажымұқантанушы Бекжан Бейсенбайдың айлап мұрағатта отырып, ақиқатты құжаттар негізінде ашуда атқарып жүрген қызметі, жаламен күресі атап айтуға тұрарлық. «Қажымұқан ашықты» деген тұжырымның өрескел қате екендігін дәлелдеген мақалаларын жариялап келеді. Ол Мая Бекбаеваның фильмі туралы: «Фильмсымақта көзді бақырайтып қойып, ашықтан-ашық Қажымұқанды қорлайды. Деректері тіпті жалған» деп қатты сын айтты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне (қазіргі Мәдениет және ақпарат министрлігі) қайта-қайта жүгініп, талқыға салуға, фильмді әлеуметтік желіден алып тастауды міндеттеуге қол жеткізе алған. Бірақ, желсөз тиылар емес, Мая Бекбаеваның фильмі енді «Как умирал Кажымукан? Триуф и трагедия легендарного борца» («Қажымұқан қалай өлді? Әйгілі палуанның даңқы мен қасыреті») деген сияқты басқа атаулармен әлеуметтік желіде әлі жүр… Ал, осы фильмде Қажекеңнің немересі сазгер Бақытжанның да Маяға сеніп қалып бұл жаланы құптаған пікір білдіруі еріксіз қынжылтады.

Жақында белгілі блогер Асланбек Қансарбаевтың әлгі Мая Бекбаеваның ақиқаттан жұрдай фильмі негізінде «Сенсация – Кто убил легендарного Кажымухана? Кому помешал казахский борец?» («Тосын хабар – Даңқты Қажымұқанды кім өлтірді? Қазақ палуан кімге кедергі болды?») деген хабары әлеуметтік желіде тарап, жұртшылық назарын қайта аударды. Көп ұзамай автор елдің наразылығын, оның ішінде қажымұқантанушы Бекжан Бейсенбайдың да дәлелді пікірін ескеріп, жаңылысқанын мойындады, ол хабарын желіден өзі алып тастады.

Сонымен, Қажекең осындай күйінішті хаттар жазарлықтай күйге түсті ме? Қазақстан басшылығы даңқты тұлғаның өтініштерін расында да аяқсыз қалдырған ба? Соғыс жылдары басқа елдерден қаптап босып келгендерді паналатқан, дастарханы жиылмаған кең пейіл қазақ, оның ішінде ырысты, берекелі оңтүстікте соғыстан кейінгі жылдары ел ардақтысы Қажекең жұртшылық ортасында аштықтан қажып қайтыс болатындай, ел бір-біріне қарайласа алмайтындай ауыр ахуал туып па еді?

«Республикалық мұрағатты ақтарып отырып, Қажымұқанның атынан жазылған 4 хатты таптық. Олардың біреуі латын әрпімен қазақ тілінде, енді біреулері кирилл әрпімен қазақ тілінде, ал бір жерлерде орыс тілінде жазылыпты. Қолтаңбалары әр түрлі.  Бұл палуанның хаттарын бір адам емес, бірнеше адам жазғанын білдіреді. Атамыз жазу жағына жоқ болған. Кейде тіпті хаттың мазмұнын Қажымұқанның өзі білмеген де секілді. Себебі, хаттарда Қажымұқан айтуы мүмкін емес сөздер де кездеседі» деген қорытынды жасайды зерттеуші Бекжан Бейсенбай.  

Қалай болғанда да, қарт палуанның басшыларға өкпе-назы мен өтініші баяндалған хатта айтылған мәселелерді шешуді 1945 жылғы 26 шілдеде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев Үкімет – Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа табыстайды. Үкімет аппараты дереу іске кірісіп кетеді.

Тапсырмаға сәйкес, 1945 жылғы 21 тамызда Н.Д. Оңдасыновтың атына Дене тәрбиесі және спорт істері жөніндегі комитеттен нақты ұсыныстар түседі. Осы ұсыныстар негізінде 1945 жылғы қыркүйектің ортасында Үкімет аппаратының жауапты қызметкері Қосубаев Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары А.П. Заговельевтің атына қазақ халқының әйгілі палуаны Қажымұқан туралы ұсыныстар баяндалған қызметтік жазба дайындайды. Онда мынадай шараларды жүзеге асыру көзделеді:

1) Қажымұқанды Қазақ КСР халық артисі атағына ұсыну; 

2) Қажымұқанға 500 сом көлемінде өмір бойғы дербес зейнетақы тағайындау; 

3) Қажымұқанға біржолғы ақшалай көмек беру;

4) Үй-ішілік тұрмысын жақсарту үшін Қажымұқанға біржолғы өнеркәсіп заттарын бөлу;

5) Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетіне Қажымұқан тұрып жатқан колхозда ол үшін үй салып беруді ұсыну;

6) Халық ағарту комиссариаты мен Шәуілдір аудандық атқару комитетіне Қажымұқанның ұлы оқу жасына жеткесін оны интернатқа орналастыруды ұсыну;  

7) Қазақстан Жазушылар одағы мен КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институтына Қажымұқанның өмірі мен қызметі туралы кітап жазуды тапсыру; 

8) Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы Дене тәрбиесі және спорт істері жөніндегі комитетіне Қажымұқанды халықтық-ұлттық спорт түрлерінен өтетін республикалық барлық жарысқа құрметті қазы ретінде шақырып отыруды міндеттеу;

9) Қазақ КСР-інің құрылғанына 25 жыл толуына орай Қажымұқанды үкімет марапатына ұсыну.

Қажымұқанның еңбек кітапшасының болмауы оған зейнетақы тағайындауға заңдық тұрғыдан кедергі еді. Басшылар ақылдаса келе Қажымұқанға Қазақ КСР халық артисі атағын беру арқылы тұрақты зейнетақы тағайындау амалын табады. Сөйтіп, мынадай құжаттар әзірленеді:

  1. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының көрнекті қазақ палуаны, әлемнің абсолютті чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа Қазақ КСР халық артисі атағын беру туралы Жарлығы;
  2. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің көрнекті қазақ палуаны, әлемнің абсолютті чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа дербес зейнетақы тағайындау туралы Қаулысы;
  3. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің көрнекті қазақ палуаны, әлемнің абсолютті чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа материалдық көмек көрсету туралы Қаулысы.

Үкіметтің аталған соңғы Қаулысында былай делінген:  

Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовқа Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қорынан 10 мың сом көлемінде көмек ақша берілсін.
  2. Қазақ КСР Сауда істері жөніндегі халық комиссариатына (Сапарғалиев жолдас) осы жылдың қазан айында палуан Қажымұқан Мұңайтпасовқа 10 метр қой жүнінен тоқылған мата, 20 метр мәуіті мен 125 метр мақтадан тоқылған түрлі маталарды сату міндеттелсін.
  3. Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатына және Оңтүстік Қазақсан облыстық атқару комитетіне палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұлы Айдарханды оқу жасына жеткесін орта мектептің біріне интернатқа мемлекет есебінен оқуға орналастыру міндеттелсін.
  4. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетіне және Шәуілдір аудандық атқару комитетіне палуан Қажымұқан Мұңайтпасовқа арнап үй салу ұсынылсын.

Осылай қажетті құжаттар жобасы жедел дайын болған соң оларды Үкімет төрағасы Н.Д. Оңдасынов келісу үшін билеуші Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.А. Борковқа 1945 жылғы қыркүйекте мынадай хатпен қоса жібереді (хат орысшадан шамалы ғана ықшамдап аударылып беріліп отыр):  

«Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданында көрнекті қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов тұрады. Қазір оның жасы 75-те. Оның әйелі және бес жасар ұлы бар. Қажымұқан кедей отбасынан шыққан. 20 жасына дейін байларға, кулактарға жалданып жұмыс істеген. Бұл кезде ол алып күшінің арқасында даланың жеңілмеген палуанына айналады. 20 жасында ол Қазан қаласына барды, одан әрі Петербургте, Одессада, Гамбургте күрес өнерін үйренеді. Шамамен 1,5-2 жылдай үйренуден кейін Қажымұқан алғаш рет Киев циркінің алаңына шығады, содан бері кәсіби палуан – Ресей құрамасының мүшесі болды. Бұл өткен ғасырдың 90-жылдары.

Қажымұқан орыс палуандары тобымен бірге Ресей намысын қорғап әлемнің барлық дерлік елінде… болған. Көптеген марапат алған. Іс жүзінде ол әлемнің абсолютті чемпионы болды, өйткені күресте ешкім оны жеңе алмаған. Қажымұқан есімі кезінде Ресей цирк қызметкерлері арасында және шет елдерде кең мәлім болды. Ол өмірінің 45 жылдан астамын күрес өнеріне арнады. Цирк алаңынан жасы ұлғаюынына байланысты кейінгі оншақты жылда ғана кетті. Ол өзінің соңғы өнер көрсетуін 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында ұйымдастырды, содан 100 мың сом жиналған қаражатты қорғаныс қорына берді, сол үшін Сталин жолдастан алғыс алды. Қажымұқан ұзақ ондаған жыл цирк алаңындағы қызметінде ғажап күрес шеберлігін көрсетуімен лайық болса да оның атағы жоқ. Қазіргі кезде оның белгілі бір күнкөріс көзі де жоқ.

Біз күні бүгінге дейін Қажымұқанның тұрмыс жағдайына тиісті көңіл аудармай келгенімізді мойындауымыз керек. Қажет деп есептеймін:

  1. Туғанына 75 жыл толуына орай Қажымұқанды Қазақ КСР халық артисі атағына ұсыну. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1940 жылғы 2 маусымдағы «Қазақ КСР-інің құрметті атақтары туралы» Жарлығымен асқан шеберлігі үшін цирк қызметкерлеріне ондай атақ беру қарастырылған.
  2. Республиканың 25 жылдық мерекесіне орай Қажымұқанды лайықты марапатқа ұсыну.
  3. Қажымұқанға біржолғы ақшалай жәрдемақы тағайындау және оның тұрмыс жағдайын жақсарту үшін өнеркәсіп тауарларын бөлу.
  4. Қажымұқанның ұлын мектеп жасына жеткесін оған оқу мен қатар қажетті дене тәрбиесін беру үшін интернатқа орналастыру.
  5. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетіне Қажымұқан үшін үй салуды тапсыру.

Белгіленген  шараларды жүзеге асыру үшін Сіздің келісіміңізді сұраймын.

«   » қыркүйек 1945 ж.

Н. Оңдасынов». 

Осылайша әлемге әйгілі палуанның азғантай өтінішіне байланысты еліміздің қазақ басшылары Ә. Қазақбаев пен Н. Оңдасыновтың қолға алуымен орындалатын шаралар кешені жедел қарастырылғанымен оған келісім беруге бірінші хатшы Г.А. Борков ықылас таныта қоймайды. 1946 жылдың 3 наурызында Үкімет төрағасының ұсынысын Үкімет қаулысының соңғы жобасын 12 наурызға дейін дайындауға тапсырма берумен қайтарады. Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының Ресейдің Хабаров өлкелік комитетін басқарып жүрген жерінен Қазақстанға ауыстырылып, 1945 жылы 13 шілдеде Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған, бұрын Қазақстанда тұрмаған, қызмет атқармаған Г.А. Борковқа Қажымұқан белгісіз адам еді. Қажекеңнің кезінде Ресей командасы сапында талай күреске қатысып, әлем чемпионы болғаны, Ұлы Отан соғысы кезінде қарт палуан ел ішінде цирк өнерін көрсетіп 100 мың сом қаражат жинағаны, оған ұшақ жасалғаны, КСРО басшысы И. В. Сталиннен сол үшін алғыс алғаны, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 16 қарашадағы Жарлығымен Қажымұқан «Құрмет Белгісі» орденмен марапатталғаны туралы маңызды деген мәліметтерді селқос қабылдайды. Ресейдің даңқын шығарған палуандар көп болған, ал соғыс қорына бүкіл халық қаражат жинады деген сыңайда ыңғай бермейді, ұсыныстарын толық өткізе алмаған қазақ басшыларының меселі қайтады, іш қазандай қайнайды…

Қазақстандағы қызметі бір жылға да жетпей бірінші хатшы Г.А. Борков 1946 жылғы 22 маусымда Мәскеуге қызмет ауыстырады да, Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып осыған дейін екінші хатшы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметов сайланады. Республика бірінші басшыларының үшеуі де қазақ болуы талай ұлттық мүдде мәселесінің, соның ішінде Қажымұқанға қатысты да ойластырылған шаралардың жүзеге асуына жол ашады. Қазір әсіресе Ж. Шаяхметовтің басқару кезеңіне қатысты түрлі сындар баршылық, бірақ сол кезеңдегі басшылардың қайсысы болса да ұлттық мүддеде ұтылмауға қолдарынан келгенше тырысып баққандары анық.

Үкіметтің тапсырмасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сәлкен Дәуленов Қажымұқанға «Шымкентке көшіп келіңіз, үй салып береміз» деген ұсыныс айтады. Бірақ, палуан «Қалада тұра алмаймын, ауасы жақпайды» деп бас тартады. Басшылар Қажымұқанмен ақылдаса келе Қажекеңді облыс орталығына жақын Темірланға көшіріп, осында үй салып беруге келіседі. Осы уәде бойынша Қажымұқан отбасымен 1946 жылдың жазында Темірлан маңындағы Нұралы бұлағының басына көшіп келіп жайласады. Үй құрылысы 1946 жылы басталып, Қажымұқан отбасымен осы жаңа үйге кіреді, өмірінің соңғы екі жылдай кезеңін осы үйде өткізеді. Қажымұқан қайтыс болғаннан кейін де бұл үйде ұрпақтары 58 жыл тұрған. Тек 2006 жылғы су тасқыны кезінде үйге зақым келгендіктен ол үй бұзылып, орнына жаңа үлкен жай салынған.     

Н. Оңдасынов КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институтына Қажымұқанның өмірі мен қызметі туралы кітап жазуды тапсырады. Өйткені, алып палуанның ел аузындағы аңыздан басқа жүйелі жазылған өмірбаяны жоқ екені осы шараларды ойластыру кезінде белгілі болады. Академия филиалының басшысы Қаныш Сәтбаев бұл істі тындыруды Ғабит Мүсіреповке, ал ол Әуелбек Қоңыратбаевқа аманаттайды. Сол кезде академияның Тіл және әдебиет институты қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты (кейін докторы) Әуелбек Қоңыратбаев Қажекеңнің өмірбаянын жазудан басқа тағы бір астыртын тапсырманы орындау үшін екі жұмысты бір жұмыс етіп палуанды іздеп Шәуілдірге, Шілікке барады. 1946 жылдың 15-25 мамырында он күн Қажекеңнің қасында болып емен-жарқын әңгімелескені, даңқты тұлғаға ел-жұрттың қошеметі, оның тұрмыс жағдайы, серілігі ғалымның «Баһадүр палуан» естелігінде жан-жақты жақсы баяндаған, ол естелік Әуелбек Қоңыратбаевтың көп томдық жинағына енген.

1951 жылы Қалмақан Әбдіқадыровтың әйгілі «Қажымұқан» повесі жарияланады. Қажымұқан 1941 жылдың көктемінде Алматыға Қалмақан інісін арнайы іздеп барып, үйінде 23 күн жатып өмірбаянын айтып берген еді. Алайда, соғыс басталып кетеді де, Қалмақан өзі сұранып майданға аттанады, палуан ағасы туралы кітап жазылмай қалады. Соғыстан аман оралған жазушы осы кітабын жазуға отырады. Бұл шығарма ұлт мақтанышы палуан өмірін білгісі келген оқырмандар үшін тартымдылығы сондай, осы күнге дейін талай мәрте қайта басылып келеді, біраз тілге аударылды. Солардың ішінде «Қажымұқанның» қырғыз тіліндегі басылымы қырғыздың белгілі қаламгері Қымбатбек Укаевтың аударуында 1986 жылы жазушы Қалмақан мен кейіпкер Қажымұқанды туысқан халыққа таныстырған менің алғысөз мақаламмен Бішкекте (ол кезде қала атауы Фрунзе) жарияланып еді. 

Қажекеңе қамқорлық жөнінде көзделген шаралардың ішінде палуанға зейнетақы тағайындауға негіз болатын Қазақ КСР халық артисі құрметті атағы Г.А. Борковтың қарсы болуымен берілмей қалады. Бірінші хатшы қарсы болды екен деп қазақ басшылар қарап қалмайды. Қажымұқанға тұрақты зейнетақы тағайындау ісін шешу үшін енді Н. Оңдасынов пен Ә. Қазақбаев ақылдаса келе халықтың ұсынысымен, қолдауымен шешуді жөн деп табады. Сол үшін олар Қажымұқан тұрып жатқан Шәуілдір ауданының Шілік ауылдық кеңесі мен «Ақтөбе» колхозынан бастап төменнен жоғары қарай ұсыныс түсірту амалына кіріседі.        

Республика басшыларының осы құпия тапсырмасын жеткізген Әуелбек Қоңыратбаевтың ұйымдастыруымен Шәуілдір аудандық атқару комитетінің төрағасы Шегебай Жұмабаевтың атына Шілік ауылдық кеңесінің төрағасы Төле Талдыбаев пен «Ақтөбе» колхозының төрағасы Махан Мыңбаев қол қойған ұсыныс 1946 жылы 19 мамырда жазылады. Осы төменнен тікелей халық арасынан шыққан бастама негізінде Шәуілдір аудандық атқару комитеті мен аудандық партия комитетінің бірлескен шешімі шығады. Ауданның ұсынысына Қажекеңді іздеп ел ішіне келгендегі тапсырмасының астарында осы шаруаны да жедел ұйымдастырып жатқан Әуелбек Қоңартбаев та КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының өкілі ретінде қол қояды. Қажымұқанға ай сайын 500 сом өмірлік зейнетақы, ал балаларына мектеп бітіргенше ай сайын 200 сом жәрдемақы тағайындауға арналған ұсыныс Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хабир Пазиковке, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сәлкен Дәуленовке жолданады. Бұған облыстың спорт комитеті мен жазушылар ұйымы да үн қосады. Осылай жымдастырылған бұл ұсыныстар енді облыс атынан жылдам 1946 жылы 3 маусымда Алматыға Үкіметке – Н. Оңдасыновқа жетеді. Бұл кезде әлі Қазақстанда партиялық басшы Г.А. Борковтың қарсылығын қазақ басшылар осылай айналып өту амалын тауып еді.

Осы құжаттар негізінде Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің еңбек зейнетақысын тағайындау комиссиясы Қажымұқанға 1946 жылғы 1 шілдеден өмір бойылық ай сайын 500 сом зейнетақы тағайындауға шешім шығарады. Қажымұқанға №1253 зейнетақы кітапшасы тапсырылады. Қажымұқанның зейнетақысын 1946 жылдың 1 қазанынан бастап 500 сомнан 700 сомға көбейту туралы 1947 жылғы 13 қаңтарда №1 қосымша қаулы да қабылданады. Балалардың жәрдемақысын Қажымұқан қайтыс болған соң да ұлдары – Айдархан 1961 жылы 21 жасқа келгенше, Жанәбіл 1970 жылы институт бітіргенге дейін алып тұрған екен.

Құжаттарға негізделген бұл деректерге қарағанда Қажымұқан, оның отбасы ешқандай қаржылай да, материалдық та таршылық көрмеген. Қажымұқанның қасында болған, көзімен көрген адамдар Қажымұқанның еш нәрседен кемдік көрмегенін зерттеушілерге айтып кеткен.

Қажекеңнің өз аузынан естіген өмірбаянын «Қажымұқан» деген көркем шығармаға айналдырған жазушы Қалмақан Әбдіқадыров, «Баһадүр палуан» деген естелік жазған ғалым Әуелбек Қоңыратбаев та палуан жұтамай өмір сүргенін баяндайды. Ә. Қоңыратбаев сол естелігінде:

«Сөйтіп отырғанымызда, бір жылқышы төрт қой, құлынды бес биені айдап әкелді. Палуан далаға шығып:

– Бұл кімнің малы? – деп сұрады.

– Мынау сойысыңыз, батыр, мыналарды сауып ішерсіздер, – деді әлгі жылқышы.

Байқай келсек, бұл «Ақтөбе» колхозының беріп жіберген малдары екен» – деп жазады.

Бұл бір ғана мысал. Мұндай естеліктер аз емес.

Қажекеңнің шөпшегі Меруерт Ескермес әжесі Мінайдың Қажекең: «Елімде болса – менікі, менде болса – елімдікі! Дүние жинайтын болсам, ендігі алтыннан үй тұрғызар едім. Басқалар тоңып отырғанда, менің тойып отырғаным кімге керек?» деп үйіне келген малды ауылдағы жетім-жесірлер мен мүгедектерге таратып беретінін деп айтып отыратынын жазды.

Қажекеңнің үйінен іздеп келетін адам үзілмеуі, 1945 жылдың күзінде өзі 75 жасқа толуына арнап бірнеше аудан халқын шақырып, облыстан басшылар қатысқан ұлан-асыр той жасалуы, 1946 жылы Бибіжанға үйленуі, одан 1948 жылы Жанәбіл кенже ұлын сүюі ашқұрсақ адамның тірлігі емес, әрине. Сол 1945-1948 жылдары Қажекең елімізде өткізілген ірі шараларға, соның ішінде Абайдың 100 жылдығы тойына құрметті қонақ болып шақырылып, оларға ризалықпен қатысқан, күрестерге төрешілік еткен.

Ғалым Мұратхан Тәнекеев «Палуанның алғашқы және ақырғы өтініші» мақаласында 1945 жылғы 26 маусымда Ә. Қазақбаевқа жазған хатында «палуан өзіне шақтылық күнкөріс қаражаты, яғни зейнетақы тағайындау үшін үкімет көмегін сұраған» деп пайымдайды.

Қ. Мұңайтпасұлының Ә. Қазақбаев пен Н. Оңдасыновтың атына тұрмысының нашарлығы жөніндегі арыздануының себебі қазақтың «Батыр аңғал келеді» деген нақылына сүйенсек, ол кісіге кейбіреулер: «Сіз – әлемге әйгілі тұлғасыз. Сізге үкімет барлық жағдайыңызды жасап беруге міндетті. Күнімді көре алмай отырмын деген пәшінде арызданыңыз», – деп қайрап салуының салдары да болуы мүмкін-ау деп топшылайды базбір зерттеушілер. Белгілі болып отырғанындай, палуанның бұл хаттарын бірнеше адам жазған, ал Атамыз жазу жағына жоқ болған.

Қажекең «Ленин туы» колхозына көшіп келгеннен кейін Арыс аудандық партия комиетінің бірінші хатшысы Мырзахан Шораев Темірлан ауруханасының бас дәрігері Ахмет Бектаевқа Қажекеңінің денсаулығын қадағалап жүруді тапсырады. Міне, осы дәрігер Қажекең қан қысымы көтерілу науқасынан өз үйінде 1948 жылы 12 тамызда қайтыс болғанын жазады.

Осылай құжаттар мен естеліктерге сүйеніп және соғыстан кейінгі жылдары оңтүстік өңірде ғана емес, күллі елімізде ашаршылық ахуал болмағанын, ал оңтүстік қашанда тоқшылық, халқы меймандос өлке екенін негізге алсақ, батырдың аңғал хаттарынан оның азаматтық болмысына, халқының құрметіне шәк келтіру арзан тірлік деп пайымдаймыз. Ұлт мақтанышы Қажекеңнің аруағын қорлау – халқымызды қорлау! Қажымұқан – елінің еркесі, халқының мақтанышы, абыройы, оның қадыр-қасиетіне күйе жұқпайды.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері

АСТАНА  

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here