Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда өтіп жатқан еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы XІІІ жазғы Универсиадада Жетісу университетінің студенттері спорттың 11 түрінен бақ сынап жатыр. Бақ пен бабы қатар сыналатын бұл байрақты бәсекеде Жетісу университетінің спортшы студенттері жекелей және командалық есепте жүлделі орындардан көрініп келеді.
Универсиаданың жеңіл атлетика бойынша қорытындысында білім ордасының қыздар командасы жүлделі ІІ орынға ие болып, университет қоржынын 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен толықтырған болатын.
Осы жарқын жеңістің жалғасы ретінде, 28 мамыр – 4 маусым аралығында Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өткен қыздар арасындағы волейбол жарысында Жетісу университетінің командасы чемпион атанды!
Волейбол – әлемдік деңгейде кең таралған, жоғары техникалық шеберлікті қажет ететін командалық спорт түрі. Жетісу университетінің волейболшы қыздары ойын техникасы мен комбинацияларын жоғары деңгейде меңгергендерін көрсетті. Күнделікті жаттығудың, табандылық пен командалық ауызбіршіліктің нәтижесінде олар финалдық кездесуде Қазақ спорт және туризм академиясының командасын айқын басымдықпен жеңді (1-сет – 25:17, 2-сет – 25:16).
Республикалық деңгейдегі жарыстарда тұрақты түрде үздік нәтиже көрсетіп жүрген Жетісу университетінің студенттері – тек оқу орнының ғана емес, тұтас Жетісу өңірінің де абыройын асқақтатып келеді. Олар елімізде бұқаралық спорттың дамуына да сүбелі үлес қосып жүр.
Айта кетейік, XIII жазғы Универсиада ойындарына Жетісу университетінің спортшылары жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, баскетбол, волейбол, дзюдо, таэквандо, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс және футзал сынды спорттың 11 түрі бойынша қатысуда.