14 маусымда студенттер қалашығының кітапханасында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті аясында екінші халықаралық академиктер форумы өтті. Жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қытайдың Сиань Цзяотун университеті бірлесіп ұйымдастырды. Шараның алға қойған мақсаты – жаһандық жылынудың себептерімен күресу, демографиялық өсім мен кедейлік сынды үдерістерге ғылыми тұжырым жасап, жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
Форумның шымылдығын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. Ол өз баяндамасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елордаға іссапармен келетінін құлағдар етті. Ал 17 маусымда «Орталық Азия – Қытай» саммитінде өңір басшылары бас қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, ҚазҰУ сейсенбіде өтетін Астанадағы кездесуде үш маңызды келісімге қол қоюды жоспарлауда. Атап айтқанда: TusHoldings корпорациясымен бірлескен стартап-инкубатор ашу; «Huibo» заманауи цифрлық интеллектуалдық шеберханасын іске қосу және жердегі спутник бекетін құру жайлы мәмілені бекіту.
Бірінші сессияда спикерлер өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына, жасыл энергетиканың өзектілігіне баса назар аударды. Мәселен, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Сиань декларациясының ғылыми ықпалдастық үшін маңызын атап өтіп, «Орталық Азия биоалуантүрлілігі жөніндегі кеңес» құруды ұсынды. ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқыған вице-министр Динара Щеглова да «Бір белдеу – бір жол» аясындағы «Жасыл Жібек жолы» тұжырымдамасының болашағына үңілді. Сонымен қатар, Сиань университетінің вице-президенті Би Чжаохун, Қырғызстан ұлттық ғылым академиясының президенті Қанатбек Абдрахматов, Тәжікстан ғылым академиясының вице-президенті Саидмұхамед Ибадов мінберге шығып, құттықтау сөздерін арнады. Бірінші отырыстың соңында ҚР ҰҒА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Сиань Цзяотун университетінің, Қырғызстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының, Қырғызстан халықаралық университетінің және Самарқанд мемлекеттік университетінің өкілдері жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Алматы хартиясына қол қойды.
Екінші сессияда ғалымдар жасыл энергетикаға көшу үдерісін тездетуге қатысты бойынша тұжырымдарын ұсынып, құнды ойларымен бөлісті. Қытай ғылым академиясының академигі Тао Вэнцюань «Энергетикалық революция және сутегі – болашақтың жасыл энергиясы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым энергияның тарихи даму кезеңдеріне тоқталып: «Жаңа энергетикалық дәуірдің басты үміткері – сутегі. Ол – табиғатта ең көп таралған элемент, энергия тығыздығы жоғары, ал жану өнімі – тек су. Сондықтан біз сутегіні энергетикадағы үшінші төңкерістің символы ретінде қарастырамыз. Бұған дейін «ағаш – көмір – мұнай» тізбегі болса, ендігі бағыт – сутекке негізделген энергетикалық архитектура. Сутегі – таза, қуатты және кең ауқымды қолданысқа ие энергия көзі. Оның жылу энергиясы көмірден 4 есе, жанармайдан 3 есе, табиғи газдан 2,6 есе артық. Сутегі көлік, өнеркәсіп, жылыту жүйелері мен химиялық өндіріс үшін де қолайлы», – деп түсіндірді. Одан әрі: «Қытай соңғы жылдары жасыл энергетиканы дамытуда айқын бетбұрыс жасап келеді. Біз 2030 жылға дейін жасыл сутегі шығарындыларын шарықтау шегіне жеткізіп, 2060 жылға қарай климаттық қауіпсіздікке жетуді көздеп отырмыз. Бұл жайында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы өкілі, Мемлекеттік кеңес премьерінің орынбасары Дин Сюэцянь 2023 жылдың 30 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында өткен БҰҰ климаттық саммитінде (COP28) атап өткен болатын. Жасыл энергетиканы дамыту тек ұлттық мүддеміз ғана емес, ғаламшар алдындағы климаттық жауапкершілік. Осы себепті сутегі энергетикасына инвестиция мен ғылыми-зерттеуді кеңейту – стратегиялық міндетіміз», – деп түйіндеді.
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан Ғылым академиясының толық мүшесі Қадыр Гуламов «Орталық Азияда жасыл экономикаға көшуге арналған бірлескен зертхана құру туралы» тақырыбында келелі ойларын айтты. Академик бауырлас елдердің климаттық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын еске салды. Кіндік Азия мемлекеттері жасыл экономикаға көшу үшін ортақ ғылыми тұжырымдар мен шешімдерге мұқтаж екенін алға тартты. Гуламов ұсынысын теориялық тұрғыдан дәлелдей отырып: «Қазақстан киік популяциясын сақтап қана қоймай, тамаша өсім көрсетті. Бүгінде саны 1,9 миллионнан асқанын жақсы білеміз. Қазақстандық киіктердің шекарадан өтіп, Ресейдің егін алқаптарын таптап кеткенін ғаламтордан көріп отырмыз. Бұл нені білдіреді? Ғылымда шекара жоқтығын айғақтайды. Мәселе киік санын көбейтуге қатысты мемлекет аралық ғылыми ұсыныстар мен бірлескен шешімдердің болмағандығынан туындады. Сол себептен де бізге жасыл экономикаға қатысты ортақ зертхана қажет. Әр елдің ғалымдары ортақ ғылыми шешімге келіп, оны үкіметімізге ұсынсақ, мемлекет аралық ынтымақтастық тиімді жолға қойылады», – деп қорытындылады.
«Орталық Азия – Қытай» II халықаралық академиктер форумы табысты өтті. Алматы хартиясының қабылдануы – жасыл энергетиканы дамытудың алғышарты. Біріншіден, Орталық Азия елдері мен аспан асты елі арасындағы ғылыми және технологиялық серіктестікті жүйелі дамытуға жол ашылды. Екіншіден, жасыл экономика, климаттық қауіпсіздік пен баламалы энергия көздерін дамытуда бірлескен зерттеулер жүргізіп, технология алмасуға мүмкіндік туды. Үшіншіден, көршілес мемлекеттер экологиялық проблемаларын бірігіп шеше алатын деңгейге жетеді.
Фараби СӘЙКЕНОВ