2025 жылғы 24 маусымда М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 85 жылдығына арналған «Академик Қасқабасов феномені: ғылыми мектептер, теориялар және тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференцияда Сейіт Қасқабасовтың ғылымға және ұлт руханиятына сіңірген ерен еңбегі, отандық және әлемдік фольклортанудағы орны, қалыптастырған ғылыми мектебі жан-жақты талданып, сараланды. Іс-шараға ғалымның отбасы, отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының профессор-оқытушылар құрамы мен жас зерттеушілер қатысты.
Іс-шара академик Сейіт Қасқабасовтың жарқын рухына арналып, бір минут үнсіздікпен ашылды. Бұл – ұлт ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаны еске алу мен құрмет белгісі болды. Конференцияны Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізіп, ғалымның ғылым мен әдеби мұраға деген ерекше көзқарасын, шәкірт тәрбиелеудегі үлгісі мен ұстанымын атап өтті.
Конференция барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хаттары оқылып, табыс етілді.
Сенат депутаты, академик Дархан Қыдырәлі академик Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклортану ғылымындағы көшбасшы рөлін, ұлттық руханиятты жүйелі зерттеу мен ғылыми мектеп қалыптастырудағы ерекше еңбегін ерекше атап өтті.
Пленарлық мәжілісте ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов ұстазының ғылыми парасаттылығы мен интеллектуалдық талаптарын сипаттайтын «Парасат императиві» тақырыбындағы баяндамасын жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев «Дара тұлға» баяндамасында академиктің әдебиетке көзқарасы мен ғылыми адамгершілігін терең талдады. Түркияның Эге университетінің профессоры Метин Екижи онлайн форматта «Сейіт Қасқабасовтың түркі дүниесі фольклортануындағы орны» туралы баяндама жасады. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Серік Негимов ғалымның шығармашылық жолы мен фольклор мен жазба әдебиетті сабақтастырудағы бірегей көзқарасын кеңінен талдады.
Конференция соңында филология ғылымдарының докторлары Кәрімбек Құрманәлиев, Қансейіт Әбдезұлы, Анарбай Бұлдыбай, Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлы, Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр және Моңғолия Ұлттық университетінің докторанты Оргил Бүрэнжаргал сөз алып, академиктің ғылыми мұрасының өзектілігі мен ықпалы туралы пікірлерін білдірді. Ғалым еңбектерінің фольклортану мен әдебиеттану саласындағы жаңашыл бағыттарға негіз болғаны және оның теориялық тұжырымдарының жас зерттеушілер үшін маңызды бағдар екені ерекше аталды.
Сонымен қатар, Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасында Сейіт Асқарұлының жеке және жетекшілігімен жарық көрген еңбектерінен арнайы көрме ұйымдастырылды.
Академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мұрасын арқау еткен бұл халықаралық конференция – қазақ фольклортануы мен гуманитарлық ғылым дамуының жаңа кезеңіне бастар маңызды ғылыми-рухани оқиға болды. Конференцияда айтылған баяндамалар мен пікірлер ғалым қалыптастырған ғылыми мектептің әлеуетін, оның теориялық тұжырымдарының заманға сай маңыздылығын көрсетті. Бұл шара ұлттық ғылымның іргесін нығайтып, рухани сабақтастықты жалғастырудағы іргелі қадамға айналды. Академик Сейіт Қасқабасовтың ілімі мен рухани мұрасы – болашақ ұрпақ үшін сарқылмас қазына әрі зерттеушілерге бағыт-бағдар болып қала береді.