Бүгінгі мерейтойдың иесін білмейтін қазақ кемде-кем болар. Жалпақ жұртқа таныс есім дегеніміз жөн болар.
Ол – қазақтан шыққан алғашқы фармацевтика ғылымдарының докторы.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Медицина академиясының академигі.
Атақ-марапатын тізе берсек, бір басына жетіп-артылар жетістіктері жетерлік.
Демек… Өзі де кесек, сөзі де кесек, атқарар ісі де кесек кім болды дерсіз.
Ол – Кеңес Үшпаев!
Және Кеңекең жөнінде өз кезегінде баспасөз беттерінде көптеген мағыналы мақалалар жарық көрді, әлі де жазылуда. Бұдан түйер ойымыз: айтулы тұлғаның өмір белестері мен алған асулары тек тәлім мен тағылымға тұнып тұрғандығы. Көпті көрген кең мінезділігін аралас-құралас болған жандардың дені біледі.
Біздер екі дәуірдің дәмін қатар татып, екі дәуірдің қызығы мен қуанышын, қиындығы мен азабын қатар көріп, өнеге мен тәрбиенің озығы мен тозығын да бір адамдай басынан өткерген, өткеріп келе жатқан буынның қатарынан боламыз.
Құдайға шүкір, ұрпақ сүйіп, ұл-қыз тәрбиелеп, шама-шарқымыз жеткенше ұлтқа, ұлттың бірлігі мен бүтіндігіне Кеңекең де, менің таудай азаматым, өмірлік қосағым, марқұм Кенжекең де бір кісідей қызмет еткен біртуар жандар.
Халық дейтін әділ сыншы мұндайда «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын…» деп, азаматының жүріс-тұрысындағы, ел басқару ісіндегі өрісі кең өнегелі тұстарын тілге тиек етеді. «Халық айтса, қалп айтпайды» деген ежелгіден жеткен есті сөз осындайда туған болуы тиіс.
Мен білетін Кеңес Үшпаев – ардақты азамат дейтін үлкен биікке еңбегімен, табандылығымен, абыройлы істерімен, сабырлы мінезімен, халықшыл қалыбымен көтерілген, ел жүрегіне жол тапқан сондай жарқын жүзді азаматтарымыздың бірі, бірегейі.
Кеңесті келіп жеткен 85 жасымен құттықтай отырып, тілек-сөзімді бұдан 35 жыл бұрын бастау алған таныстығымызбен өрбітсем деймін.
Кеңес Үшпаевты отбасылық жолдасымыз, балалар дәрігері, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаған академик Камал Сәруәрұлы Ормантаевтың мерейтойының ақылдасу шайында бірінші рет көрдім. Сол «ақылдасу шай» дегенді ойлап тапқан да осы Кеңестің өзі болатын.
Кенжекең келіп: «Камалдың жақында мерейтойы, соны өткізу жөнінде Кеңес деген жігіт ақыл шайға шақырды», – деді. «Ақыл шәйға» бардық. Барғаным сол, бір қап-қара сұрықсыздау жігіт алдымнан шығып қарсы алды да: «Әй, қатын, мен сені білмеймін, бірақ, байыңды жақсы көремін», – дегені… Мынадай «кедір-бұдыр» сөзді құлағым бұрын-соңды естімеген, оның үстіне басымнан сөз асырмайтын мінезім тағы бар. Бірақ әлгі жігіттің «бетің бар, жүзің бар» демей, айтып салатын өткір мінезіне сүйсіндім бе, әлде тосыннан айтылған сөзден тосылдым ба, әйтеуір, «оны уақыт көрсетер» дегеннен артық уәж қайыра алмағаным есімде.
Міне, кірер-кірмес есіктің табалдырығынан басталған біздің осы таныстығымыз – достыққа, одан – туыстан артық сыйластыққа жалғасты. Кейін талай отбасылық басқосуларда бір дастархан басында қатар отырдық. Содан уақыт өте келе өзім білген, өзім көрген Кеңес туралы айтатын күндерге де жеттім.
Мен Кеңесті білген сайын, оның реңі қара болса да, ішкі жан дүниесінің апақ қардай кіршіксіз тазалығын, адамгершілігі мен азаматтығын қатар ұстанатын азамат екендігіне күн өткен сайын көзім жете түсті.
Қазақта «Тікен гүлін қорғайды, ара балын қорғайды, жаман малын қорғайды, жақсы арын қорғайды» деген мақал бар. Иә, расында Кеңес арлы жігіт, табысты да жігіт. Бірақ тапқанын астына басып жейтін қорқау емес, шашып жейтін, қолындағы барын жолдастары мен туыстарына, жоқ-жітік, жетім-жесірлермен бөлісетін, тіпті, басына іс түскен кей жандардың жанынан дер кезінде табылып, қолдан келсе көмегін аямай беретін жомарттығына да талай куә болғаным бар. Алдына келгеннің бетін қайтарып, жүзін сындырмайтын бір сөзділігіне де қайран болған кездерім болды.
«Дүниеде жоғын іздемеген, жоғалтқанын сағынбаған жұмыр басты пендеден қатерлі де қауіпті адам жоқ» деген. Ал, Кеңес өз атасын іздеп, көше бергізіп, сонымен қатар ауылына жаңа мешіт салғызып, жаңа ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуге мұрындық болумен қатар өзінің де, елдің де жоғын жоқтап жүрген зор құрметтің иесі. Адамдардың қам-қарекетін ойлайтын бұл парасаттылығын заманның қалпынан тыс қалмаған даналығы деуге болады.
«Ер жігітті ер үстінде таны» дейді дана қазақ. Үшпаев қайда жүрсе де елдік мінезі мен кісілік қалыбынан жаңылды дегенді естіген жоқпын.
…Кеңестің кейде болатын «тентектеу» мінезі де өзіне жарасып тұрады. Жұрт осынау ісін «теріс» деп түсінбейді, қайта көп сызылғаннан шаршап, сондай жарқын мінезін әр кез өзіміз де сағынып тұрамыз.
Қай бір жылдары марқұм Қоғабай Сәрсекеев қатты науқастанып, Америкада емделді. Содан елге келгенде, біздер, бәріміз Қоғашты аэропорттан күтіп алуға бардық. Оны ұшақтан қарсы алып, арнайы нәселкемен алып келеміз. Бәріміз не айтып, не дерімізді білмейміз, қабағымыз түсіп, көзімізге жас үйірілген. Біздердің жабырқаған түрімізді көріп, Қоғашымыз қиналғандай болды… Сол кезде досы (екеуі үнемі қалжыңдасып ойнайтын) Кеңес: «Ей, Қоғабай, бұл не жатыс?! Бізге еркелеп жатырсың ба? Бәріміз саған арнайы келгенде, шалжимай орныңнан тұрсайшы!» – дегені. Не күлерімізді, не жыларымызды білмей, бәріміз теріс айналдық, көзімізде көлкілдеген жас та әп-сәтте тиылды. Қоғаш құрдасының қалжыңын қабыл алғандай бойындағы бар күшін жинап езу тартып, күлімсіреп жатыр. Біздер де қуанып, жымиғандай болдық. Сол сәтте қысылып тұрған бәрімізді, Кеңес бір қара түнектен суырып ап шығарғандай болған еді. Кеңестің талай әңгімеге арқау болатын мұндай өткір де орнымен айтқан қалжың аралас «деген»-дері көп. Солардың бір-екеуін сөз арасында орайын тауып айта отырайын.
Жалпы Кеңестің өзі арғындарға жиен боп келеді, шешесі арғынның қызы. Өзі «арғындардың бәріне жиенмін» деп қалжыңдап жүреді.
Бірде бір үлкен кісі қайтыс болып, жаназаның басы-қасында Кенжекең (Кенжеғали Сағадиев) ұйымдастыру жұмыстарын атқарып әрі басқарып жүрді. Қайтқан адам жасы келген кісі болған соң, «арты той ғой» дейтініміз бар емес пе. Дегенмен, өлімнің аты өлім.
Бәріміз отырғанбыз. Кенет Кеңес тұрып: «Ей, арғындар!» деді дауысын көтеріңкіреп сөйлеп. «Мынау тағы бұл не бүлдіргелі тұр» деп абдырап қалдық. Ол болса: «Ей, арғындар, сендер, өздерің өлгеннен кейін, артымнан жақсы шығарып салсын десеңдер, Кенжекең тірі тұрғанда өліп алыңдар» дегені. Бұл сөзіне не дейміз? Ашуланамыз ба? Сөз астары мықты. Біразы күліп алды.
Оның осындай мінезі өзіне жарасымды әрі шындықты айтады. Дәл осы сөзді басқа біреу айтса, жұрт қабылдамас еді. Ал, Кеңес айтса, ешкім ренжімейді, себебі оның мінезін жақсы білгендіктен болар. Ара-тұра өтетін басқосуларымызда ортамызда болмаса, «Кеңес қайда?» деп іздеп отыратынымыз да рас.
Айналайын Кеңес, өзіңмен ағайындас болып араласқаныма Құдайға рахмет айтамын. Адам ғұмырының ұзақ болуының бір көрсеткіші – жақсы адаммен жанасу. Мүмкін, мұнша өмір сүруіміздің себебінің бірі жақсы жандармен көңілді, қатар өмір сүргендігіміз болар.
Марқұм Кенжекең өзіңді жаны, жүрегі елге жақын, жаратылысынан қазақилығы басым қазақуар тұлға деп, туған бауырындай, өз інісіндей сыйлайтын, көзі тірі болғанда осынау торқалы тойыңда шешіліп те, көсіліп те сыр толғап, жүрекжарды тілегін ол басқаша жеткізер ме еді, кім білсін…
Осы бір тік тұрып, тік сөйлейтін, ойын да жасырмай тура айтатын, үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей қарым-қатынаста жүріп, қызметіне де, ағайын-туыс, дос-жарандардың ортасында да абырой-қадіріне шаң қондырмай ғұмыр кешіп келе жатқан осы бір ардақты жанның бейнесі әркімнің көкірек-көзінде әрқилы, әралуан болып сақталуы ғажап емес. Ал жаны жомарт, жүрегі мәрт, кесек бітімді тұлғаның Кісілік келбетін өз басым осылай елестетемін.
Ер мінезді азамат қандай ортада, қандай қоғамда, тіпті қандай құрлықта жүрсе де, өз жолын тауып, еліне деген міндеті мен парызына көлеңке түсірмесі анық.
Ол – тәуелсіздік дәуірі тұсауын кесіп, тұғырға қондырған сондай ұлтжанды, кесек бітімді, тау мінезді тұлға.
Мен өзім көрген, өзім білетін Кеңес Үшпаев туралы айтып отырмын…
Ендеше, Кеңес, ақылы мен ажары бір бойына үйлескен аяулы жарың – Гүлназың мен алтын асықтай перзенттерің бар, солардың қызығын қызықтап, Алланың берген баянды өмірін бұдан кейінгі ғұмырыңда да мәнді, мағыналы қалпыңнан жаңылмай, жалғастыра беруіңе шын жүректен тілекшімін!
Нағытай ӘБІТАЙҚЫЗЫ
МЕРЕЙТОЙҒА ЖЫР ШАШУ
Атойлап ат ойнатып, қиқулатқан,
Бабаң батыр Әлібай жауға шапқан
Тектіден текті туар деген сөз бар,
Сен де шықтың суырылып қатарында.
Перзентсің ана сүтін ақтаған,
Азаматсың елдің мұңын жақтаған.
Қилы-қилы замандарда тайғанақ
Достарыңды нәпсі үшін сатпаған.
Сен айбынды Алатауда туыпсың,
Алланың да назарында болыпсың.
Қорған болып туыстарға-туғанға,
Ел-жұртыңның ақ батасын алыпсың.
Болмсаң да біздің елдің түлегі,
Біз дегенде қатты соқты жүрегің.
Кенжекеңнің тумаса да туғандай,
Адал досы, інісіндей болыпсың.
Жас кезіңде ағын судай тасыпсың,
Махабаттың жалынына жаныпсың.
Адалдық пен антыңнан да аттамай,
Ләззатың шоғына сен шарпылдың.
Партияның қаһарынан қымсынбай,
Хас батырдай атыңда да тұрыпсың.
Қадіріңді бағалаған Гүлназың,
Жас жүрегін жас жігітке сыйлаған.
Пәктік пенен адалдықтан таймаған,
Гүлназ жандай бар ма адал ғазиз жан.
Жақсылардың талайынан бата алған,
Өнегеңе үлкен-кіші таң қалған.
Кеңесжанды ақылыңмен аялап,
85-тің өркешіне мінгіздік.
Алдыңда тұр асулар,
90 менен 100 деген.
Аман болса, Гүлназжан,
Алып шығар олардан
Арқасына мінгізіп!
Аузыма салған тілекті
Алла қабыл ете гөр,
Әумин!