Бекжан МЕЙІРБАЕВ: «ҚазҰУ болашаққа жол ашты»

0
1491

Ғылымға серпіліс керек. Әсіресе отандық ғылымның өрге басуында үздіксіз дайындық пен табанды ізденістің алар орны айрықша. Елбасы бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндігін қолданған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев білім нәрімен сусындатқан факультеті мен альма матерін әлемде сұранысқа ие бренд, жаһанның маңдайалды ғылым мен білім орталықтарының бірі әрі бірегейі болуына үлес қоссам дейді. Осы мақсатқа жету жолында озық халықаралық білім беру жүйелері мен тәжірибелерін зерттей отырып, Әл-Фараби университетін алдыңғы шептегі ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялауға бір кісідей атсалысуда.

Мазмұны терең бағдарлама

Бекжан Берікбайұлы ел іргесін бекемдеуде «Болашақ» бағдарламасының мазмұны терең екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде бағдарлама түлектері өркениеттің ұлы ойшылы, отандасымыз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өнегелі ісін, аманатын жалғастырушы ғалымдар болары сөзсіз. Кейіпкеріміз әңгімесінің әлқиссасын осындай пікірлерімен бастады.

Жас ғалым 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында «Халықаралық қатынастар және жаһандық дамудың саяси мәселелері» мамандығы бойынша Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетінің Салыстырмалы саясаттану кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өткен.  

«Болашақпен» ғылымдағы жолын даңғылға айналдырған кейіпкеріміз «Әрбір стипендия иегері өз тәжірибесі мен білімін қоғам пайдасына жаратып, өзгелерге үлгі болуы тиіс. Ал қасиетті қарашаңырақ –  ҚазҰУ болашаққа жол ашты» деген ойын жеткізеді. Ол «Болашақ» брендінің әрбір лайықты иегері мәдениеттің, этиканың, кәсіби шеберліктің индикаторы болуы тиіс екенін әрі тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетуде жастар әлеуетін дамытуға күш салатынын атап өтті.

Мәскеулік ғылыми мектептің әлеуеті

Бекжан Берікбайұлы бағдарламаның мүмкіндіктері арқылы адами капиталды жетілдіре отырып, мемлекетіміздің XXІ ғасырда озық елдер қатарынан көріну әлеуеті артатынын жеткізді. Бұл Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілетімен айқындалады» деген сөздерін еске түсіреді. «Болашақ» бағдарламасы осы бағытта талапкерлерге білім саласы озық елдерде оқып, тәжірибесін игеріп, тағылымын алуға мүмкіндіктер берді.

Кейіпкеріміз тағылымдама барысында өзге ғылыми кеңістікпен біте қайнасып, өзіндік қолтаңбасы бар мәскеулік ғылыми мектептің ортасында жүріп, етене зерделеуге барын салды. Онжылдық ұстаздық тәжірибесі мен ғылыми дәрежесі болғанына қарамастан, жаңа ортадан алары көп болды. Ресей халықтар достығы университетін посткеңестік кеңістіктегі халықаралық академиялық ұтқырлықтың бірден-бір жарқын мысалы деуге де әбден болады. Әлемнің сан алуан мемлекеттерінен келген студенттердің арасындағы достық пен татулық оқу, тағылымдама аяқталған соң да түрлі ғылым мен білім саласындағы тығыз қарым-қатынасқа берік негіз қалайды. Аталған университеттің қабырғасынан бастау алған ынтымақтастық әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Көшбасшы университет тәлімі

Бекжан Берікбайұлы тағылымдамадан өткен Салыстырмалы саясаттану кафедрасын халықаралық және салыстырмалы мәселелерді зерделейтін іргелі орталық, Франция, Германия және Қытаймен бірлескен қосдипломдық магистрлік бағдарламалар аясында жоғары білікті саясаттанушылардың буынын даярлаған ұстахана деуге болады. Ізденуші тағылымдама барысында халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, танымал ғалымдармен жүздесіп, жаһандану процестері аясында исламның әлеуметтік-экономикалық доктринасының діни және саяси аспектілерін қарастыру мәселесі бойынша құнды кеңестер алады. Тағылымдама мамандығы аясында «Жаһандану үдерістері контексіндегі исламның әлеуметтік-экономикалық доктринасының діни-саяси аспектілері» тақырыбын зерделейді. Ғылыми тағылымдама нәтижесінде ізденушінің «Ислам әлеуметтік-экономикалық жүйесінің негіздері» оқу құралы шетелдік ғалымдар алқасында талқылаудан өтіп, Ресей халықтар достығы университетінің баспасынан жарық көрді. Ғылыми кеңесшісінің ұсынысымен «Жаһандану процесі жағдайындағы діни бірегейлік мәселелері» докторлық зерттеудің тақырыбы ретінде бекітіледі. Бұл оның тағылымдамадағы ғылыми бағытының мазмұнды екенін айғақтайды.  

Ұлы ұстаз жолы

– Әл-Фарабидей ұлы тұлға, ғұлама дүниеге келген елде ғылым мен білімнің деңгейі қандай және келешекте қандай болмақ деген заңды сұрақ туады. Сондықтан да отандық ғылым мен білімді фарабилік биіктікке көтеру стратегиялық мақсатымыз болуы тиіс. Әл-Фарабиді жан-жақты тану білім мен ғылымға деген көзқарасты жаңа сапалық деңгейге көтереді.  Әсіресе жастардың бойына әл-Фарабиден жеткен таным мен тағылымды сіңіру арқылы болашақ Фарабилерді даярлау өте маңызды. Осы орайда, әл-Фарабидің «Әр адам ұстазға мұқтаж» деген сөзі қоғамның өркендеуі мен кемелденуіндегі ұстаз рөлінің қаншалықты биік екенін көрсетеді. Ендеше ұстаз мәртебесіне ерекше мән беруіміз керек. Өйткені ұстаздың қоғамдағы беделін көтермей, өркениетті ел болуымыз екіталай. Шындығында, қазіргі уақытта елімізде кемеліне келген  азаматтық қоғам қалыптастыру үшін Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам идеяларының өзектілігі айқын білінуде, – дейді Бекжан Берікбайұлы.

Айырылып қалған төл құндылықтарымызды жандандырып, нағыз ұлттық болмысымызды қалыптастыру – бүгіннің өзекті тақырыбы. Бұл тұрғыда философия және саясаттану факультетінің деканы, философ-ғалым Бекжан Берікбайұлы шетелдік тағылымдамадан жинаған білімі мен білігін өз қарашаңырағының дамуына жұмсайды. Осындай ғалымдарымыздың үлгілі іс-әрекеті мен тәрбиесі тәуелсіз ұлт жастарының жарқын болашағына кепіл болатын ғылыми көшбасшылыққа бастайды.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here