Азияның аспанмен таласқан ғимараттары

0
5991

Азияда биіктігі 300 метрден жоғары 91 ғимарат, атап айтқанда, Қытайда – 43, Біріккен Араб Әмірлігінде – 25, Гонконгта – 6, Сауд Арабиясында – 4, Малайзияда – 3, Тайвань, Тайланд, Оңтүстік Кореяда – 2, Кувейт, Вьетнам, Солтүстік Корея және Катарда – 1 ғимарат бар. Оның ең алғашқысы 1989 жылы Гонконгта салынды. «Bank of China Tower» ғимаратының биіктігі – 315 метр, 70 қабаттан тұрады. 1989-1992 жылдары Азияның ең биік ғимараты саналды. Қазір бұл ғимарат биіктігі бойынша Гонконгта – 4, Азияда – 25, ал әлемде – 32-орын алады. «Qazaq» газеті төменде биіктігі 600 метрден асатын Азия құрлығындағы аспанмен таласқан ең биік 4 ғимаратқа тоқталады. 

  1. Burj Khalifa. БИІКТІГІ – 828 МЕТР

Burj Khalifа – әлемдегі ең биік ғимарат. Биіктігі – 828 метр, 163 қабаттан тұратын алып ғимарат Біріккен Араб Әмірлігінің ең ірі қаласы – Дубайда орналасқан. 6 жыл бойы салынған ғимарат 2010 жылы 4 қаңтарда салтанатты түрде қонақтарға есігін айқара ашты. Қонақ үй, пәтер, кеңсе және сауда орталықтары орналасқан ғимараттың құрылысына 1,5 миллиард доллар жұмсалды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл – бір жылдық Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан бюджетінен сәл аз, Гренландия, Мальдив бюджетімен бірдей, Сирия, Монако бюджетінен көп көрсеткіш.

  1. Shanghai Tower. БИІКТІГІ – 632 МЕТР

Shanghai Tower – Қытайдың Шанхай қаласында орналасқан нысан. 2008-2015 жылдары салынған ғимараттың биіктігі – 632 метр, 121 қабаттан тұрады. Биіктігі бойынша әлемдегі екінші ғимарат саналады. 

  1. Makkah Royal Clock Tower. БИІКТІГІ – 601 МЕТР

Makkah Royal Clock Tower (Меккедегі сағат мұнарасы) – әлемдегі ең биік әрі ең үлкен қонақ үй. Оның биіктігі – 601 метр, 120 қабаттан тұрады. Алып кешенде биіктігі 240-260 метр болатын тағы 5 ғимарат қосарланып салынған. Ғажайып нысанның құрылысы 2004 жылы басталып, 2012 жылы аяқталды. Қонақ үй барша мұсылмандардың қасиетті қаласы – Меккеде орналасқан. Бұл ғимаратқа бір уақытта 100 мың адам сияды. Тікұшақ қонатын екі алаң, жердің астында 800 көлікке арналған тұрақ бар. Ғимараттың ұшар басындағы алтын жалатылған ай бейнесінің салмағы – 107 тонна, диаметрі – 27 метр, жалпақтығы – 43 метр. Сағат тілінің ұзындығының өзі 17 метр болса, секунд тілінің ұзындығы – 22 метрді құрайды. Бұл – әлемдегі ең биік әрі ең үлкен сағат. Ол Меккенің кез келген нүктесінен анық көрінетіндей етіп жасалған. Сағат қасында азан шақыруға арналған 160 дауыс зорайтқыш қойылған. Оның дауысы 7 шақырымға дейін жетеді.

  1. Ping An International Finance Centre. БИІКТІГІ – 600 МЕТР

Ping An International Finance Centre – Қытайдың Шэньчжэнь қаласында орналасқан халықаралық қаржы орталығы. Құрылысы 2009 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған нысанның биіктігі – 600 метр, 115 қабаттан тұрады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде Азия құрлығында биіктігі 300 метрден асатын 24 ғимарат салынып жатыр. Сол елдердің қатарында біздің Қазақстан да бар. Айталық, НұрСұлтан қаласында салынып жатқан Abu Dhabi Plaza көп функционалды кешеннің құрылысы 2010 жылы басталды. Биіктігі – 382 метр, 75 қабаттан тұратын кешеннің пайдалануға қашан берілетіні белгісіз. БұлҚазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болады. Ал, Джидда қаласында (Сауд Арабиясы) салынып жатқан Jeddah Tower әлемдегі ең биік ғимараттың көшін бастайды. Тіпті, енді бұдан биік ғимарат салынбауы да мүмкін. Өйткені, аталған кешеннің биіктігі – 1007 метр, 167 қабаттан тұрады. Құрылысы 2013 жылы басталған кешен 2020 жылы пайдалануға берілетіні жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Индонезияда (638 м), Тайландта (615 м) салынып жатқан кешендер де әлемнің ең биік ғимараттарының қатарына 2022 жылға дейін қосылады.

ЖАНАР ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here