7 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен оқу орнының ғимаратын жөндеген «Сұңқар» ЖШС соттасып жатқаны, құрылысшылар оқу орнының алдына наразылық акциясына шыққаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Соған байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Дархан Біләлов аталған дауға қатысты пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Ректордың сөзінше, университеттің жөндеу жұмыстарын жүргізген «Сұңқар» ЖШС өзіне артылған міндетті толық орындамаған. Соның салдарынан әлі күнге дейін химия, физика кабинеттері мен зертханалар жабық тұр, студенттер оқу ғимаратында білім ала алмай жүр.
«Әділетті Қазақстанда, құқықтық қоғамда әрбір ұйымның мәселесі пикетке шығу немесе ақпараттық шабуылдарды ұйымдастыру арқылы емес, тек құқықтық ортада ғана шешілуі тиіс. Шартқа екі тараптың өкілдері қол қойған. Сәйкесінше, әрқайсысы шарттағыдай міндеттерін атқаруы керек. «Сұңқар» ЖШС университеттің ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жарияланған тендерін бастапқы бағаның құнын 69 пайызға дейін түсіру (демпинг) арқылы ұтып алған. Ең төменгі бағаны ұсынумен тендерде жеңімпаз болса да, жұмысқа келгенде жауапсыздық танытты. «Сұңқар» құрылыс компаниясы бізге шартты созуды ғана емес, ақысын қосымша көтеруді де сұраған. Тендерді басқа бағамен ұтып алып, кейін тағы ақы сұрау заңсыздық. Тіптен шартта көрсетілмесе де, аванс та сұрады», – деп мәселенің мәнісін түсіндірді Дархан Нұрланұлы.
Ректордың мәліметінше, «Сұңқар» ЖШС 141 млн теңгенің тендерін 89 млн теңгеге дейін қолдан түсірген. Алайда, компания 7 айдан бері жөндеу жұмыстарын толық орындамаған.
«Аталған компания өздеріне тиесілі жұмысты уақытында аяқтамады. Уақытын тағы бір айға создық. Сонда да жұмысын толық орындамады. Ақыры 14 қараша күні біржақты шартты бұзып, компанияны сотқа беруден басқа амалымыз қалмады. Барлық дәлелдеме қолымызда бар, акт толтырылған. Жыл сайын шамамен 600-дей мемлекеттік сатып алу өткіземіз. Тек биылдың өзінде онға жуық жөндеу жұмысы жөнінде тендер өтті. Барлығы өз міндеттемелерін орындады. Тек осы «Сұңқар» компаниясы ғана дау туғызып отыр. Бұл мемлекеттік оқу орны болып есептеледі. Қарапайым ауылдан келген студенттер оқиды. Олардың ата-аналары ақы төлейді. Сондықтан заңсыздыққа бара алмаймыз. Егер мұндай компанияны сотқа бермесек, біз де заңды бұзған болып шығамыз», – деп нақтылады Дархан Нұрланұлы.
Әрине, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керек. Ал, заң үстемдігі – әрқайсымызға бірдей.