Джессика Лонг: Жеңіске жетелеген жігер

0
3431

Джессика Лонг – американдық атақты спортшы, Паралимпиаданың жарық жұлдызы, 20 әлемдік рекордтың иесі. Бұл қайсар қыз бар болғаны 12 жасында 2004 жылғы Афина Олимпиадасында 3 алтын медаль алды. Одан кейінгі Бейжің Олимпиадасында (2008) 4 алтын, 1 күміс  медаль иеленсе, ал Лондон Олимпиадасында (2012) 5 алтын, 2 күміс, 1 қола медальды қанжығасына байлап, өзінің әйгілі отандасы, 23 дүркін Олимпиада және 26 дүркін әлем чемпионы, 33 жастағы спортшы Майкл Фелпстің жетістігін қайталаумен келеді. Бүгінде 27 жастағы Джессика Лонгтың әлем біріншіліктеріндегі толағай табыстарын айтпағанның өзінде ол 12 дүркін Паралимпиада чемпионы.

2012 жылы Лондон Олимпиадасынан кейін Джессиканың ұлты орыс екені, Ресейде дүниеге келгені, мүгедек болғандықтан биологиялық анасының бас тартқаны, содан американдық ата-анасының асырап алғаны жалпақ жұртқа жария болды.

Джессиканың азан шақырып қойған есімі – Татьяна. 1992 жылдың 29 ақпанында Ресей Федерациясының Братск қаласында (Иркутск облысы) жарық дүниеге мүгедек болып келген. 18 жастағы биологиялық анасы Наталья қос аяғының сүйегі жоқ болып туылған сәбиден бірден бас тартып, періштені перзентханада тастап кеткен. Бір жасқа толғанда оны американдық ерлі-зайыпты Стивен мен Элизабет Лонг асырап алған. 1,5 жаста болғанда сәбидің аяғы кесіліп, ол протезбен жүре бастаған. 9 жасында суда балықтай жүзіп, алғашқы жетістіктерге жеткізген.

Джессика Лонг өзінің Ресейде туылғанын біліп өседі. Спорттағы жетістігінен кейін ол биологиялық ата-анасын іздей бастайды. Бұл хабарды естіген ресейлік журналистер атақты спортшы қыздың ата-анасын анықтайды. 2012 жылдың 11 қыркүйегінде ресейлік «Пусть говорят» бағдарламасына спортшының биологиялық анасы Наталья Кириллова қатысып, қыздан бас тарту себебін айтқан еді. Әрине, егерде қыз сол жылдары мүгедек күйінде Ресейде қалғанда бүгінгідей әлемге әйгілі спортшы болмас та еді. Өйткені, қыздың биологиялық ата-анасы мен бауырларының бүгінде материкалдық жағдайы мәз емес. Яғни, американдық ата-анасы берген мүмкіндікті Джессика Ресейде ала алмас еді.

Рас, шыдамсыз, осал адам үшін өмірде елеулі жетістікке қол жеткізу өте қиын. Сабыр сақтау немесе шыдамдылық таныту – парасаттылықтың нышаны. Өмір ағысының арыны күшті, әрине. Тас түнек қап-қара түннің артынан шуағын төккен шұғылалы жарық күннің шығуы қандай заңдылық болса, қиындықтың соңы жеңілдікке ұласатыны да ақиқат. Өмірдің өзі тұтастай өткінші болғандықтан біздегі қуаныш пен қайғы атаулы да өтпелі. Өтпелі нәрсеге бола өмір бойы «әттегенайлап» өту орынсыз. «Бұның да өте шығары даусыз» деп нар тәуекелге бел буу – үлкен кісіліктің белгісі. Байқап қарасаңыз, қиындықтармен күресе жүріп шыңдалған адамдар өмірде көптеген табыстарға қол жеткізеді. Ал, сондай жеңіске жетелеген жігерлі жандардың біразын «Qazaq» газетінің «Шексіз мүмкіндік» айдарында жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Міне, соның жарқын дәлелі ретінде Джессиканың өмірін айтсақ та жетіп жатыр. Оның өмір жолы мен жеңіске деген жігері тек спортшыларға ғана емес, жалпы ет пен сүйектен жаралған пенделер үшін де үлгі-өнеге. Себебі, спортшы қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, әл-дәрменің таусылып, салың суға кеткен сәтте бойыңдағы бар күш-қуатыңды жинап қайраттану, басқа түскен ауыртпалыққа төтеп беру үшін белді бекем буу керектігін көрсетті. Әйтпесе, мүгедек болып туылған, биологиялық анасы бас тартқан қыз 12 жасында Олимпиада шыңын бағындырып, 20 жасында 12 дүркін Олимпиада чемпионы, барша АҚШ-тың мақтанышы болатынын кім ойлаған?!

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here