Бір арал, екі мемлекет: Кипр екіге қалай бөлінді?

0
8773

Әлемге көз тартар көрікті табиғатымен, ежелгі сәулет өнерінің ізі болып қалған Лимассол шаһарымен танымал Кипр Республикасы да саяси тартыстардың салдарынан тағдырдың тәлкегіне ұшырады. Өйткені, аралда орналасқан Кипр бір мемлекет емес. Аласапыранға толы өткен  ғасырда ол да Корея, Германия сияқты екіге  бөлінді. Біріншісі – Грекияға қарап «ұлитын» Кипр Республикасы болса, екіншісі – Түркияның қол астындағы Солтүстік Кипр Түрік Республикасы. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында Кипрдің бөліну тарихына,  саяси жағдайына, қос республиканың өткені мен бүгініне тоқталады.

КИПР ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ?

Жерорта теңізінің шығысы – әуе, теңіз жолдарының қиылысында орналасқан стратегиялық маңызды нүкте саналатын аймақ. Климаты қолайлы, табиғаты әсем, мыс қорына бай Кипр аралы ертеден бері империалистердің көз құртына айналған. 1571 жылы Осман империясының құрығына түскен Кипр үш жүз жылдан астам уақыт түріктердің боданында болып, оларға салық төлеп келген. Осман империясының күші сарқыла бастаған тұста да тәуелсіздікке қол жеткізе алмаған. Ал, 1878 жылдары Британ империясының қарауына өткен. Содан екі империяның боданында болған аралда этникалық қарама-қайшылықтар орын ала бастаған. Осман империясының сарқыншағы болған түріктер грек-киприоттарға ала көзбен қараған. Екі этникалық топтың діні де, ділі де бөлек болғандықтан, олар оңайлықпен ымыраға келе қоймаған.

1878 жылы Британ империясы мен Осман империясының арасында Ресейге қарсы одақ құру жөнінде құпия келісім жасалды. Ағылшын – түрік келісіміне сол жылы қол қойылды. Шарт бойынша Ресей Осман империясының иелігіндегі Батум, Ардахан, Карс аймақтарына шабуыл жасаған жағдайда Ұлыбритания түріктерді қару-жарақпен қамтамасыз етуі тиіс. Өз кезегінде Осман империясы Ұлыбританияға Кипр аралына әскерін уақытша енгізуге рұқсат берді. Ағылшын – түрік келісімінен кейін Ұлыбританияның әскері Кипрге кірді. Толыққанды саяси билікке ие болмағанымен, аралға әскери ықпалын жүргізіп отырды. Келісімнің күші 1914 жылы Бірінші Дүниежүзілік соғысында Түркия Германиямен одақтасып, Ұлыбританияның Кипрді басып алуына қарсы болып, соғыс ашқаннан кейін жойылды. Дегенмен, Ұлыбритания 1914 жылы Кипр аралын басып алды. Сөйтіп, Кипр аралы толыққанды Ұлыбританияның меншігіне айналды.

Ұлыбританияның отарына айналған Кипр аралының тұрғындары ағылшындардың ықпалынан шығу үшін белсенді күрес жүргізді. Екінші Дүниежүзілік соғысынан кейін аралдағы гректер тарихи территорияларын біріктіру идеясын көтере бастады. 1950 жылы Кипрді Грекияның құрамына қосу мәселесін шешу үшін референдум өтті. Алайда, британ әкімшілігі референдум қорытындысын мойындаудан бас тартты. 1955 жылы гректер ағылшындарға қарсы бас көтеріп, нәтижесінде жүзге тарта британдық әскерилер мен шенеуніктер қаза тапты. Кипрді Грекияға қосуды қолдаушылардың кипрлік түріктердің полициясына жасаған шабуылы сәтсіздікке ұшырады. 1955 жылы қыркүйек айында Түркияда гректер бүлік шығарды. Бүлікшілерді басу үшін түріктер «Волкан» жазалаушы жасағын жасақтады. Ал, 1956 жылы Ұлыбритания билігі аралды Грекияға қосуды аңсайтын бүлікшілерге қарсы Кипрдегі өзінің әскер санын отыз мыңға жеткізді. Отыз мың әскермен грек бүлікшілеріне қарсы жаппай қудалау саясатын жүргізді.

1959 жылы арал тұрғындары ағылшындардан құтылды. Бірақ, Кипрді Грекияға қосу идеясы іске аспады. 1960 жылы 16 тамызда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет – Кипр Республикасы пайда болды.

ТҮРІКТЕР МЕН ГРЕКТЕРДІҢ ЖАНЖАЛДАСУ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Тәуелсіздігін алған Кипрдің тағдыры Ұлыбритания, Грекия және Түркия арасын-дағы келіссөздер барысында шешілді. Келіссөздер бойынша Кипр Республикасы екі қауымдастыққа – түрік және грек болып бөлінді. Ал, Ұлыбритания Акротири мен Декелия аймақтарында өзінің тәуелсіз базасын сақтап қалды. Түркия мен Грекия аралға аздаған әскерлерін кіргізді. Кипр конституциясы грек және түрік өзін-өзі басқаратын екі қауымдастықтың болуын дұрыс деп тапты. Халық санына байланысты қауымдастыққа ұлттық квота белгіленетін болды. Бөлінген ұлттық квота қауымдастықтың халқын әскери, мемлекеттік қызметтерге қабылдау мөлшерін белгіледі. Бірақ, кипр түріктерінің пайыздық мөлшері тек 18%-ды құрайтындықтан, түріктер ұлттық квотадан қағылып, оларға мемлекеттік мекемелерде қызмет етуге мүмкіншілік аз болды.

Квотадан шеттетілген түріктерге тағы бір  нәрсе    ұнамады.   Кипр  гректерінің  энозистік (Кипрді Грекияға қосу) идеяны кеңінен насихаттауы наразылықтарын тудырды. Гректерге жауап ретінде түріктер таксимдік (түрікше бөлу) идеяны уағыздай бастады. Энозистер мен таксимдердің арасындағы алауыздық күшейе түсті. Ұлттық мәртебелері екінші орынға түсіп қалған түріктер энозистерге қарсы ТҚҰ (Түрік қорғаныс ұйымы) құрды. 1963 жылы қарашада Кипрдегі грек лидері ІІІ-ші архиепископ Макарий конституцияға бірқатар түзетулер енгізуге ұсыныс жасады. Түрік қоғамдастығының жетекшісі Фазиль Кучич одан бас тартты. Сол жылы Никосияда түріктер мен гректердің арасында қарулы қақтығыс орын алды. Нәтижесінде, 133 грек, 191 түрік қаза тапты. 41 грек,173 түрік хабар-ошарсыз кетті.

Ұлыбритания НАТО-ға Кипрдегі қақтығысты реттеу үшін аралға бейтарап күштерді жіберуді ұсынды. Бірақ, грек көшбасшысы оған рұқсат бермеді. 1964 жылы Макарий БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне түрік әскерлерінің шабуылға дайындалып жатқаны туралы хабарлады. Сол жылғы 4 наурыздағы БҰҰ-ның 186-шы қаулысы бойынша аралға бейтарап әскери күштер жіберілді.

1967 жылы тағы да қақтығыстар басталды. Георгис Гривас бастаған грек ұлтшылдары 26 түрікті өлтірген соң түріктер шабуыл жасауға дайындалды. Бірақ, түріктер алдымен ымыраға келуді ұсынды. Гректерден Гривасты аралдан қууды, құрбан болғандарға өтемақы төлеуді және Кипр ұлттық ұланын таратуды талап етті. Макарий Гривасты аралдан қуды, құн төледі. Дегенмен, Ұлттық ұланды таратудан үзілді-кесілді бас тартты.

ЕКІГЕ БӨЛІНГЕН КИПР

1974 жылы Грекияның қарулы күштері Кипрде әскери төңкеріс ұйымдастырды. Төңкерісшілердің негізгі күші – Грекияның офицерлері басқарған Кипрдің ұлттық ұланы болды. Ұлттық ұланның көмегімен Макарий биліктен аластатылып, орнына энозистер ұйымының төрағасы Никос Сампсон тағайындалды. Бір кездері ұлттық ұланның  таратылуына қарсы болған Макарий өкініштен бармағын шайнап кете барды. Ал, Грекия Кипрдің ішкі саясатына тікелей араласқанын көрген түрік тарапы мұны энозистік идеяның шарықтауымен байланыстырды. Энозистердің басшысын грек қауымының басшысы ету арқылы Кипрді Грекияға қосудың алғышарттарының әзірленіп жатқандығынан қауіптенді. Енді түрік тарапы таксимдік идеяның негізінде түрікше бөлу саясатын жеделдетіп жіберді.

Түрік әскерилері Кипрге шабуыл жасады. Әскери іс-қимылдардың барысында аралдың 35%-ы түріктердің қарауына өтті. Осыдан соң Кипр аралы екіге бөлінді. 1974 жылдан бастап Кипрдегі түрік қауымы кипр фунтына қарсы өз валютасы «жаңа лираны» шығарды. 1974 жылдың 14 тамызында түрік әскерилері екінші рет шабуыл жасады. Бұл жолы аралдың 38%-ын өз бақылауына алды. Түрік қауымдастығының айтуынша, арал тұрғындарының үштен бір бөлігін, яғни 35%-ын кипрлық түріктер құрайды. Ал, мұндай пайыздық көрсеткішті грек қауымдастығы жоққа шығарады. Олардың айтуынша, аралдағы түріктердің пайыздық үлесі бар болғаны 18%-ды құрайды.

БҰҰ-ның шығарған қаулысы бойынша, Кипрде қақтығысқа жол бермеуі керек болған НАТО-ның көмек көрсетпегенінен көңілі қалған Грекия наразылық белгісі ретінде НАТО-ның құрамынан шығып кетті. НАТО-ның грек-түрік қақтығысына араша түспеуіне АҚШ пен Түркияның астыртын жасаған келісімі кедергі келтірді. Анкарамен ауыз жаласқан Вашингтон Кипр аралын болашақта КСРО арасындағы болып жатқан «суық соғысқа» қосымша қысым ретінде пайдаланғысы келді. Сол үшін де көптеген батыс елдеріне Кипрдегі гректерге араша түсуге мүмкіндік бермеді. Ал, КСРО ыдырап кеткеннен кейін АҚШ-қа аралдың қажеттілігі болмай қалды. Бүгінде Вашингтон өз қателігін қалай түзетерін білмей әлектенуде. Арал екіге бөлінген соң түрік аумағынан 200 мың грек, грек аумағынан 30 мың түрік қоныс ауыстырды. Кипрді екі секторға бөлетін аумақты БҰҰ-ның қарулы күштерінің сарбаздары күзетуде.

1983 жылы 15 қарашада Кипрдегі түрік қауымдастығы өздерін Солтүстік Кипр Түрік Республикасы деп жариялады. Бірақ, Түркиядан басқа ешбір мемлекет оларды тәуелсіз ел ретінде мойындамай келеді. БҰҰ-ның 1983 жылғы 18 қарашадағы 541-ші қарарында Солтүстік Кипр Түрік республикасы заңсыз деп танылды.

Бүгінде арал қауымдарын біріктіру туралы мәселені БҰҰ көтеріп келеді. Дегенмен, оған қос тарап құлықсыздық танытады. Солтүстік Кипр Түрік Республикасының қояр талабы – гректер аралдағы түріктердің санының көптігін мойындаған кезде ғана бітімге келулері мүмкін. Ал, Грекияға қарайтын Кипр Республикасы түріктердің заңнамасын, мемлекеттілігін күні бүгінге дейін мойындамай келеді. Кипр конституциясы бойынша Солтүстік Кипр Түрік Республикасы аралдың тек бөлігі ғана болып қала бермек. Сондай-ақ, грек тарапы солтүстік Кипрге Түркияның ұйымдастыруымен Анадолы аумағындағы түріктерді  белсенді көшіріп жатқандарына наразы.

Аралдың оңтүстігін иеленген грек қауымдастығы Кипр Республикасы деп аталады. Ел заңында аралды солтүстік немесе оңтүстік деп бөлу қарастырылмаған. Түрік  қауымдастығы солтүстік аумақты басып алғаннан кейін республиканың экономикасы бұрынғымен салыстырғанда біршама төмендеген. Солтүстік Кипр Түрік Республикасын әлем мойындамағанымен, Грекияға қарасты Кипр Республикасының елдігіне қатысты дау жоқ. Бүгінде Кипр Республикасы туризм мен шет елден инвестиция тартудың арқасында экономикасын көтеріп келеді.  2008 жылы Еуро Одаққа мүше болған оңтүстік аймаққа батыс елдерінің көзқарасы жақсы. Қажет жағдайда қол ұшын созады. Инвестиция құюдан тартынбайды. Ал, солтүстік республика мойындалмағандықтан, шет елдік инвесторлар ақша құюға құлықсыз. Бүгінде Солтүстік Кипр Түрік Республикасына қаржы, туризм, білім, өнеркәсіптік салаларда Түркия жанама көмек көрсетіп келеді. Солтүстіктің оңтүстікке қарағанда өнеркәсібі алда. Себебі, қақтығыс кезінде босып кеткен гректердің өндірістік құралдары түріктерге олжа болып қалған. Екі аймақтың да экономикасының негізгі күші туризм болып табылады. Сондай-ақ, оңтүстік Кипрдің солтүстіктен айырмасы өз тауарларын экспортқа шығаруға құқылы. Кипр тоқыма өнімдерін, химиялық бұйымдарын әлемдік нарыққа еркін шығаруда. Мұнай өңдеу зауыты да ел экономикасына үлкен үлес қосуда. Ал, оффшорлық аймақ саналатыны өз алдына бөлек әңгіме.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтынын ескермеген БҰҰ сонау алпысыншы жылдары-ақ үлкен қателік жіберді. Этникалық топтардың араздығы өршімей тұрған сәтте аралдағы түріктер мен гректерге бірдей құқық бергенде мүмкін бүгінгі дау болмас та еді. Оңтүстік пен солтүстік аумақты бітімге келтіру үшін келіссөзді екі аймақтан гөрі Грекия мен Түркия билігінің өкілдерімен жүргізу нәтижелі болар. Даудың өршуіне себеп болып отырған ежелгі дұшпандар бұрынғы кеткен еселерін аралда қайтаруды көздеп отырғандары анық. Бұлай жалғаса беретін болса, Кипр аралы бұрынғыдай Грекия мен Түркияның саяси қуыршағына айнала береді.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here