Тұңғыштың мәртебесі – ерек

0
2301

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай басталған сөз таптаурын болмаса дейсің. Алайда, ол мүмкін бе екен?! Ел Елбасы туралы мәліметке кенде емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қасиеттері зеректігі мен жадының мықтылығы, ойлау жүйесінің алғырлығы, келіссөздерде ұтымды сөз таба білетін шешендігі, тығырықтан жол табар көсемдігі, ұсыныстарын өткізе білетін дипломаттық қасиеті, тарихи-мәдени ой-өрісінің кеңдігі, музыкалық қабілеті үнемі айтылып келеді.

Тарих безбені – уақытқа тәуелді. Ол асықпай өлшеп, байыппен безбендейді. Ұдайы толқып, қозғалып, тек көп уақыт өткен соң барып байсал табады. Мәселен, еуропалық ой кеңістігі үшін «Наполеон кім болды, саясаты дұрыс болды ма, жоқ па, жеңді ме, жеңілді ме?» деген сауал өзекті екен. Бұған ғалымдардың бір шоғыры «жеңді» деп жауап берген. Кезінде Наполеонға қарсыласқан мемлекеттер бүгінгі күні өз еріктерімен экономикалық негізде одаққа біріккен. Бұл Наполеон тәрізді реформатор көздеген мақсаттың жүзеге асқанының айғағы дейді ойшылдар. Бір кездері біз де «Нұрсұлтан Назарбаев дәуірі қазаққа, Ұлы Далаға не берді, не ұттық, неден ұтылдық?» деген сауалға ден қоярымыз аян.

Ұлы Далада биліктің, оның ішінде төре институтының тамыры тереңге тартады. Қазақты құрайтын рулық, жүздік жүйеден тыс тұратын, бөлек бір тамырдан (Шыңғыс қаһаннан) тараған тұқым ғана қол жеткізе алатын ерекше Шыңғыс ханға дейінгі билік жүйесінде хан, қаған (қаһан) институттары болған. Күлтегін, Білге қағандардан жеткен бітіктастарда солай қашалып жазылған. Дегенмен, біздің тарихи дамуымыздың табиғи қисынын бұзған патшалық, Кеңестік кезеңдерді де естен шығармауымыз керек…

Президент лауазымы КСРО-ның соңғы кезеңінде пайда болды. Содан бастап шет Мемлекет басшыларымен келіссөздерді КОКП Бас хатшысы емес, енді КСРО Президенті жүргізетін болды. Ал, Қазақстанда жоғарғы лауазым ретінде Президент қызметі 1990 жылғы 24 сәуірде бекітілді. Сол күні 12-шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес депутаттары ҚазССР-інің Президенті қызметіне жасырын дауыс беру арқылы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. 1991 жылғы 16 қазандағы Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VI сессиясында «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, сол жылдың 1 желтоқсанына президенттік сайлау тағайындалды. Заңға сәйкес, Президентті сайлау жолы өзгертілді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл қызметке 1991 жылғы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлау арқылы орнықты.

Нұрсұлтан Назарбаев өзі билік еткен кезеңде биліктің өзіндік ерекшелігі бар жүйесін қалыптастырды. «Экономика – бірінші, саясат – кейін» деген постулатты басшылыққа алу Елбасыға елде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім орнатуға, сөйтіп бірқатар экономикалық-әлеуметтік проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік бергенін айтады сарапшылар.

Әлем экономикалық мүдделер қақтығысы аясында дамуда. Жаһандық геосаясат ойынында тек күштілер ғана өз дегенін істей алады. Бұл өзара ымыраға келу, күштілердің тасада тұрып, әлсіздерді күрестіріп жіберіп, қызықтауы, қыздыруы арқылы жүруде деп пайымдасақ қателеспейміз. Бұл белдесудің шын жүлдесі әлсіздер арасындағы жеңімпаздарға емес, өзгелерге тиесілі болатыны анық. Қауіп-қатері мол аумалы-төкпелі осы бір кезеңде Қазақ елін зардабы зор сондай күрестерге түсірмей алып шығу – Тұңғыш Президенттің үлесі. Оның ұпайына елді энтропиялық ыдыраудан аман алып шығу, мемлекеттің қорғаныс күштерін қалыптастыру, шекарасын бекіту, ішкі-сыртқы саясатын жүйелеу жатпақ. Сыбайлас жемқорлықпен, кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күрес, олигархтық экономиканы ноқталау талпыныстары да осы кезеңнің сипаттамасына енеді.

1989 жылдан бастап Қазақстанның дамуы Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен тығыз байланысты. Ширек ғасырдан астам мерзім, тарих үшін қас қағым сәт. Ішкі мазмұны бойынша тұтас бір дәуір.

2011 жылғы 10 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикаларының мерекелері туралы» Заңына өзгерістер енгізді. Соған орай, Тұңғыш Президент күні мерекесін бекітті.

КСРО-ны ыдыратпай, социалистік жүйені сақтап қалғанда дәл бүгінгі нарықтық экономика мен демократиялық жүйе әкелген қиындықтарға килікпес едік деу – бос сөз. Социалистік жүйенің дамуын еш проблемасыз елестету – құр қиял. Ол жүйе идеалды болса, КСРО ыдырамас еді. Сондықтан бүгінгі күннің қайшылықтары мен қиындықтары үшін тек билікті кінәлау сыңаржақ көзқарастың салдары деп біліңіз. Бір ғана факторды – адам капиталы факторын ескерейік. Мәселен, бүгін қоғамның жас мүшелерінің жеке жауапкерлік деңгейін көтеру – өте өзекті. Ел жастарының әлеуеті өте зор. Бізде кез келген сала бойынша әлемдік ареналардың жоғары сатыларына көтеріле алатын тұлғалар аз емес. Республика ауқымында, сондай-ақ өңірлер бойынша 100 жаңа есім – осының айқын дәлелі. Тұтастай алғанда мыңдаған жаңа есім бар.

Қозғалыс кедергісіз, кідіріссіз болмайды. Бұл – диалектика. Көш жүре келе түзелмек. Демек, дүбірлі дүниедегі қазақ көшінің салтанаты әлі де арта түсері анық.

Бүгінгі уақыт – ақпараттық кезең. У-шуға толған лайсаң тасқыннан шынайы ақпаратты тану, сүзіп алу қиынның қиыны болып тұр. Бұл – ғаламдық құбылыс. Біздің назарымызға ілігетін ақпараттың 95-99 пайызы – бос дақпырт. Тек 5 пайызы ғана шынайы немесе шынайыға жуық. Сондықтан бұқараға биліктің қадамдарының бәрі бірден түсінікті бола бермейді. Жүйелі реформалардың жүзеге асуы үшін 300 жылдай уақыт керек. Біртіндеп барып алғашқы көздеген нәтижелерін береді деген пайым бар. Демек, Елбасының бастамасымен қолға алынған реформалардың мәуелі жемістерін толыққанды көретін уақыт кезеңі әлі келе қойған жоқ, ол әлі алдымызда.

Еліміздің саяси жүйесінде Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі транзиттік кезең басталды. Жоғары биліктің асатаяғы келесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтті. Мұны әлемдік деңгейдегі тісқаққан саясаткерлер оң сипатты қадам деп бағалағаны белгілі. Дегенмен, Елбасының саяси аренадағы салмағы ел мүддесіне әлі де қызмет ете беретін болады.

Билік жүйесінде байыпты да салиқалы тұрақтылық, дәстүр жалғастығы айқын аңғарылады. Кезінде хандарымыз қалың қауымның көңіл ауанына қарайлаған, Хан кеңесінің, қазының, абыздардың, жыраулардың, ұлы билердің, батырлардың, жалпы ру-тайпа көсемдерінің шешімдеріне тоқтаған. Міне, дәстүр жалғастығы деген – осы. Жаңа Президенттің «Дәстүр сабақтастығын сақтаймын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жүйесін құрамын» дегенінің астарында осынау көне де көреген дәстүр жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Байсалды пайым биігінен қарасақ, отыз жыл уақыт шынайы жемісті кезең болды. Тұңғыш Президент өзінің тарихи миссиясы аясында әлемдік аренада белгілі дәрежеде белсенді қарекет етіп, бұған дейін қолжетерлік болмаған плацдармдарды алып бергенін күмәнсіз мойындау керек. Соларды мінсіз қалыпта ұстап қалу, әрі қарай кеңейту міндеті бүгінгі және келешек буынға жүктеледі. Үлкен мүмкіндіктерге қол созатын қоғам зор жауапкерлікті де мойнына ала білуі тиіс. Бүгіннің күн тәртібін билік азаматтық қоғаммен бірлесе отырып қалыптастырады. Ендеше, қоғам, азаматтық позициясы бар адамдар өзекті мәселелерді дер кезінде, сауатты түрде көтере білгені жөн. Құрғақ сын мен қысыр әңгімеге орын жоқ. Сындарлы сөз айтып, жасампаз қарекеттер жолында шынайы бірігетін кез келді. Бүгінгі күннің күрделі мәселелері еңсерілер, бұрынғыдан да жемісті, жеңісті күндер алдымызда деген үмітке үкі тағайық.

Осы ретте Тұңғыш Президент – Елбасының мәртебесі мен ықпалы – ерек.

Болат СЫЗДЫҚ,
«Bolashaq» академиясының профессоры,
заң ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here