1912 жылдан Ахмет Байтұрсынұлының араб алфавитін негізге алып жасаған жаңа жазуы (ол «жаңа емле» деп аталады) іс жүзінде қолданыла бастады. Ұлы ағартушы араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасы ескі араб жазуының кемшіліктерінен адаланған әрі қазақ тілінің табиғатына жақын, барынша ғылыми негізде жасалған болатын.
Міне, «Қазақ» газеті осы «жаңа емле» жүйесімен жарық көрген еді және жаңа басылым көтерген мәселелер әлеуметтік жүгімен қоса оқуға оңай емле жүйесімен де бұқараны баурап алды. Бұл жаңа жазу жүйесінің 1924 жылы Қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, маусымның 12-сі) бекітілуі, латын алфавитіне көшу кезінде бір топ қазақ зиялыларының оны қорғауы – басқа бір өзекті мәселенің арқауы.
«Қазақ» газетінің тілі, жазу жүйесінің жетілгендігі туралы сөз қозғағанда оның бетіндегі барша мақала, хат-хабарлар тілінің сөйлеу тіліне жақын сөйлемдермен жазылғанын, бұқара халыққа түсінікті, ұғынықты түрде берілгендігін және аса қажетті, мұқтаж мәселелерді көтеруімен байланысты екенін айта кету дұрыс.
Барлық материалдар шығарушылар тарапынан сол тұстағы заман деңгейіне сай редакцияланып, тілі ұшталып отырған. Жалпы газеттің тілі жөнінде оның шығарушысы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Ғарабы, парсы сөздер көп кіріскен тіл – әдеби тіл. Неғұрлым ғарабы, парсы сөздер көп қосылса, неғұрлым қара халық түсінуге ауыр, тіпті түсінбейтін болса, соғұрлы әдебирек болады деп тұтынған жолдан шыққан тіл. Бұл тіл халықтан тумаған, жаны жоқ тіл …әдеби тілді сүйетін бауырларымызға газетті қазақтың қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс».
Сонымен бірге, Ахмет Байтұрсынұлы «Шора» журналына жазған (1913, №4) «Қазақша сөз жазушыларға» деген мақаласында да бұл ойын былайша нақтылай түседі: «Қырық мысал», «Маса» турасында айтатыным: олар халық үшін жазылған нәрсе, халық айтуынша жазылған. Өз тілімізден шығарып, емле түзгенше, халықтың айту ауанынан шықпаймыз. Басқаларда даяр емле бар ғой, соны алайық деп, қисық емлеменен тілімізді қисайтпаймыз. Тілдің ауанына қарамай, харіптің, емленің ауанына бұрып, тілдің көркін бұзған, әдеби тілімен жазамыз деп, жат тілмен жазып, өз тілінен айрылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанды мақұл көрмейміз. «Вахыт» пен «Шора»-ны оқығанда қолымызға лұғат кітабын алып отырып оқимыз… Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-ншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас».
Осы тұста айта кетер бір жайт – Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары о бастан-ақ қазақ әдеби тілінің (оқығандар тілінің) қабырғалы қазақ тілінен, яғни қалың жұртшылықтың (көпшілігі хат танымайтын) ауызекі тілінен ауытқып, алшақтап кетпеуіне көп көңіл бөлді. Орыс және Еуропа тілдеріндегі «ақсүйектер» тілін, олардың халық тілінен мүлдем қашықтап, жат болып кеткенін білетін Ахмет Байтұрсынұлы сынды зиялылар әу бастан-ақ бұл бағытқа қарсы күрес ашты, әрбір мақала, сөйлеген сөздерінде оған тойтарыс беріп отырды. Халық тілі мен ғылым тілін (оқығандар тілін) жақындастырудың, жымдастырудың жолы ретінде термин сөзді қалың көпшілікке түсінікті халық тілінен алу ұсынылды. Ол бұл ойын съезде шығып сөйлеген сөздерінің бәрінде үнемі қайталап отырды. Сол арқылы әдеби тіл тым «ақсүйектеніп», қалың бұқарадан алыстап кеткен өзге туыстас түркі жұртының ғалымдарына ой салғысы келді. Мәселен, ол жарыссөзге шыққанында былай деп өз ойын нығыздай түсті: «Мы, казахи, с самого начало возникновения своего печатного слова стали держаться иного принципа, чем другие. Мы имели ввиду всегда народную массу и старались, чтобы произведения печати были в полной мере доступной всем мало-мальски грамотным казахам, а через них и не грамотным. Мы старались, чтобы каждая мысль, брошенная в толщу населения, могла быть подхвачена каждым, чтобы зародить в массе интерес к знанию и зарядить его знанием для правильного понимания окружающей действительности. Первым условием, необходимым для достижения этой цели, мы считаем, доступность языка произведении для массы. В силу этого приходилось выражать на родном языке и такие понятия и идеи, которых раньше у народа не было и которым теперь поневоле пришлось облечься в казахские слова и выражения».
«Қазақ» бетінде статистикалық материалдар, жарнамалар, түрлі мерзімді басылымдар беттеріне шолулар, қаражаты тапшы, мұқтаж оқушыларға жәрдем, жаңа кітаптар туралы тың мәліметтер көптеп кездеседі. Сол кездегі қазақ оқығандарының «Ашық хаттарына» да орын беріліп, түрлі пікірталастар ұйымдастырылып отырған.
«Мұғалім орын іздейді» рубрикасымен мұғалімдерге жұмыс тауып беру проблемасымен де шұғылданған. Бұл санамалап өткен қысқаша мәліметтер газеттің жалпы халықтық болғандығын, ұлттың барлық шаруасына да көңілін бөліп, атсалысып отырғандығын тағы да дәлелдей түседі. Аталып өткен материалдардың тақырыптарына қарап отырып, газет бетінде әдеби тіліміздің әрі қарай дамуына негіз болған функционалдық стильдердің бәрі де бар екендігіне көз жеткізуге болады. Атап айтқанда, газет бетінде қоғамдық-публицистикалық стиль аясында ғылыми-көпшілік стиль, жартылай ғылыми стиль материалдары болған. Көркем әдебиет жанрларының әр түрінің жарық көруімен (аударма, поэзия, проза) осы стиль әбден нығайып, буыны қатайған. Сондай-ақ, ресми іс-қағаздар стилінің тамаша үлгілері мен эпистолярлық стильге (немесе подстиль) тән үлгілердің жеткіліктігі анық байқалады. Яғни, «Қазақ» газетінің әдеби тілді дамытудағы аса зор рөлі стильдік тармақтарды жетілдіру жолындағы қызметімен де ұштасып жатқан.
Міне, осындай зиялылар шығарған газеттегі материалдардың бәрі де қазақ үшін маңызды әрі жаңалыққа толы еді. Тек материал, сөздік қоры ғана емес, емлесі де ерекше болды. Сондықтан мәтіндердегі емле ерекшеліктерін анықтау үшін мәтіннің нақты үлгісі (қалай жазылса, сол үлгіні сақтап, бірақ кирилл қаріптеріне көшіріп) берілді.
Мғлм керек
Қазақча жаңа тртіп бен оқытатн қазақ мғлм керек. Мғлм болса, пален мдрседен оқыған болсн деб срақ қоймаймз. Салұұлы мдресемз бар. 1нші октабрден 1нші апрелге чеиин алты ай оқытады. Тамақ өзінен болса, айға 30 сом жалувние беремз. «Қазақ» басқармасына жарамды мғлм бзге де жарайды. Хбарласұұ үшн адрес: г. Павлодаръ, Семипал. об. Мяснику Ахмеду Тайтекинову (№141).
Мәтіннен біраз дауысты дыбыстардың жазылмайтыны көрініп тұр. Осы мәтіндегі «мғлм» сөзінің қалай оқылатыны да айқын емес, мұғалім деп қазіргі нормаға бұра салу дұрыс болмас еді. Ал, дауысты дыбыстардың жазылмауы жазу тарихында квазиәліпбилік белгісі саналады. Квазиәліпбиліктің газетте қалай сақталғанын нақты көрсету үшін мәтінді өзгеріссіз кирилге көшіріп беру көзделді. Айталық, газеттің №141-де Г.Н. Потанинге арналған хабарлама кирилшеге аударып ұсынылды.
Патанин тойы хқнда
Императорски геграфишески обшстванң сибр болімі 21нші сентабр 1915нші жлы Григори Николаиш Патаниннң 80ге толған күннде стеген қзметдерн хрметтеб той қлмақшы. Онда докладдар оқлмақшы һм болмнң кезекті бр ктабн («Хбрлар» атты) Патанинге бағстамақшы. Бұл хрмет тойға крісемн дегендер һм әлгі шғатн ктабқа сибр жайынан, хлқнынң трмсы, ғрп, ғадті тұұралы мқале жазұұда …барлар мнау адрес бойнша хбр алсн:
Омскъ, зданіе Географического музея, правителю дълъ Отдъела
В.П.Баліеву.
Болм бастығы генерал-майор Павлов
С басқарушы В.П.Балиев.
Осы мәтіндерге қарап отырып, өткен ғасыр басындағы жазудағы ерекшеліктердің кейбірін атап кетуге болады:
1. Бұл мақалада да сөз басында ы, і жазылмаған: істеген (кирилше – қазіргі норма) – стеген («Қазақ» газетінде); Осы үлгімен: іс – с (С басқарушы В.П.Балиев); Өткен с снауға оңай (№144, 1915 жл); ынтымақ – нтымақ (…мфти түгл болс сайлаұнда бр нтымаққа келісалмайтн қазақ мптилік мсаласнда бріге салмас дер еді. – №144); ічкі – чкі т.б.; Енді нтымақ падшаларынң Гретсиаға айтатны: ал тліңді қойыб, чн тлің мен сөйлес (№145).
2. Шеттен енген адам есімдерінің таңбалануы айтылым мен естуге бағындырылған. Григори Николаиш Патаниннң (Императорски геграфишески обшстванң сибр болімі 21нчі сентабр 1915нчі жлы Григори Николаиш Патаниннң 80ге толған күннде стеген қзметдерн хрметтеб той қлмақчы. – №141).
3. Кірме сөздердің, әсіресе орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздердің, жазылуы да ауызекі сөйлеуге ыңғайластырылған: (Императорски геграфишески обшстванң сибр болімі 21нші сентабр 1915нчі жлы Григори Николаиш Патаниннң 80ге толған күннде стеген қзметдерн хрметтеб той қлмақчы. – №141): географишески – геграфишески; обшества – обшество (щ – жазылмайды);
4. Хабарлар – хбрлар, халық – хлқ, тұрмыс – трмс, құрмет – хрмет, ғұрып – ғрп сөздерін «Қазақ» газетінде тек сөйлем ішінде ғана оқып, тану мүмкіндігі болған (Бұл хрмет тойға крісемн дегендер һм әлгі чғатн ктабқа сибр жайынан, хлқнынң трмсы, ғрп…). Ахмет Байтұрсынұлы немесе «Қазақ» газеті үлгісінде ы, і қысаңданып, анық емес, күмілжіңкі естілетін, сондай-ақ анық естілетін жерлерде де түсіріліп жазылғанын тағы да қайталап айтуға болады.
Сөздің абсолют басында көлбеу сызықшаның «сүйеу таяқ немесе әліп) тұруы, оқушыны (әсіресе қазіргі оқырманды) қателестіреді. Дауысты дыбыстардың алдынан барлық уақытта тік сызықша жазылады деген қағида барлық уақытта, барлық дауысты дыбыстарды таңбалауда сақтала бермеген. Ол жағдай үнемі шеттілдік сөздерді жазғанда сақталған. Ал, қазақ сөздерін жазуда бұл жағдай үнемі сақталмайды.
Қазіргі төте жазуды пайдаланушылар үшін ескі төтені оқудағы басты қиындық – дауысты дыбыстардың жоқтығы. Мысалы, мұғалім сөзі мғлм түрінде ғана жазылады, ал оны «мұғалым» немесе «мұғалім» деп оқу адамның өз еркінде. Бұл сөздің ескіше сауатты адамдар қолданысы (муаллим деп айту кездеседі) мен ауызекі тілде (мұғалым) айтылуына қарай екі түрлі, екі бөлек айтылу үлгісі қалыптасқан.
Мғлм орн іздейді
Мол тғлымнан хбардар, 6-7 жл бала оқытқан тжрибелі мғлм қсқа қарсы тәур орн іздейді. Оқыған жері Қазандағы мдрсе хмдие. Жақсы оқытқандығына екі жерден алған куәлік қағазы бар. Адресі: ст. Ильинская, Оренб.губ. Тереклинскому управителю мғлм Кенже Ғали Ғбдалле Ауғлин. («Қазақ» газеті, №141).
Бұл мәтінде (жарнамада) а, ы, ұ жуан (мысалы: қсқа – қысқа сөзінде ы-ның, хбардар-хабардар, тғлым-тағлым сөзіндегі а-ның, жл-жыл сөзінде ы-ның жазылмауы) дыбыстарынан бөлек медресе (мдрсе) сөзіндегі жіңішке е-нің, тәур-тәуір сөзіндегі і-нің түсірілуі кездеседі. Жоғарыдағы жарнамадағы сөйлемдердің, арада бір ғасыр өтсе де, қазіргі күннің нормаланған сөйлемдерінен айырмасы жоқ деуге болады. Олардың құрылымы жазба тілдің заңдылықтарына сай. Сонымен ескі төте жазудағы (шартты атау, қазіргі Қытай Халық Республикасында тұратын диаспора жазуын жаңа төте деп шартты түрде алдық – Б.М.) дыбыстардың таңбалануындағы ерекшеліктер мыналар:
1. Бірінші буында және екінші буында,да а дыбысы жазылмайды: хбр – хабар.
2. Сөз басында ы, і анық естілетін сөздерде бұл дыбыстар түсіріліп жазылады: нтымақ – ынтымақ, с – іс, т.б.
3. Бір буынды сөздердегі ы анық естілсе де, жазылмаған: жл.
4. Сөздің бірінші буынында анық естілетін ы, і түсіріліп жазылған: қлады – қылады, жлқы – жылқы, мрза – мырза.
5. Сөз ортасындағы і, ы дыбыстары анық естілетін болса да, аталған дыбыстар түсіріліп жазылған: бөлм – бөлім, қатн – қатын, алғс – алғыс, орсча – орысча, жгтдер – жігітдер, т.б.
6. Сөздің соңғы буынында анық естілсе де, ы, і дыбыстары таңбаланбаған: ұрлқ-зорлқ – ұрлық-зорлық, болс – болыс, т.б.
7. Сөздің соңындағы ы, і дыбыстары таңбаланған: түрлі, мамдары – имамдары, т.б.
8. Қосымшалар құрамында ы, і дыбыстары болса, түсіріліп жазылған: жәрдемнң – жәрдемнің, көрсетб – көрсетіб, жатр – жатыр, иеснде – иесінде, т.б.
9. Сөз басында и естілетін жердеде и түсіріліп жазылған: мамдары – имамдары.
10. Сөз басында ө естілетін сөздерде ө жазылмайды, егер сөз жіңішке айтылатын сөз болса, сөз басына дәйекше қойылады: зі – өзі.
11. Қазіргі кезде уағда түрінде дыбысталып, айтылатын сөздер оғда түрінде жазылған. О дыбысы сөздің бірінші буынында отр сияқты сөздерде де жазылады.
12. Жіңішке айтылуы тиіс сөздердің алдына дәйекші қойылған, мысалы: «бр» (дәйекшемен), «брн брі», «тлі» (алдында дәйекше қойылған), «үчн» (дәйекшелі), «мсілесі» сөзінде «ы»-ның үстінде дәйекше қойылғандықтан, жіңішке болып оқылады, соңындағы «ы» да «і» болып оқылады.
Келесі жарнама былай жазылған (емле толық сақталмаған):
Киим тігуушілерге
Өз жұмысын ілгері басқызып, кеңейту үшін кирек блімді тігіншіден 3 тиынды айамаңыз. Өзіңіздің һәм таныстарыңыздың адрестерін жазыңыз: Рига. «Посредник для портных», 355.
Біздің ойымызша, жарнаманың толық газет шығарушылар тарапынан жазылмаған кездері болған. Себебі, кейбірі болмаса, жарнамалардың тілі мақалалар тіліне қарағанда әлдеқайда шұбар, қоспасы көп болып тұрады. Жарнамаларда да алдыңғы мысалдардағыдай «тігүү» сөзінің екі бірдей үү-мен жазылуы, сол сияқты газеттегі ел «тартұұ» сөзінің екі ұұ-мен жазылуымен (ел тартұұ) ұқсастығы да жоқ емес. Сол сияқты һәм шылауы үнемі һм түрінде жазылған, бұл мысалдар газеттің ескі үлгідегі (алдыңғы қадым жазуынан) жазудан арылмағанын көрсетеді.
«Қазақ» газетіндегі грамматикалық ерекшеліктер. Сөзалды кірме қосымша би- (қазіргі әдеби варианты – бей). Осы қосымшаның би- түрінде жазылуы кездеседі: Бинамыс. Намыссыз. Мазаққа қазақ атың аударылып, Бинамыс атанарсың бәрің сонда (Қ., 1913, №2. И.Басығарин). Жалпы алғанда, қазақ тiлiндегi қосымшалар сөз тудырушы, сөз түрлендiрушi, сөз бен сөздi байланыстырып, жалғастырушылық қызмет атқарады.
Жұрнақтар кез келген сөзге талғамай жалғана алмайды. Сондай жұрнақтың бірі –хана жұрнағы. «Қазақ» газетіндегі кофехана сөзі 1913 жылғы газет нөмірінде кездеседі және -хана арқылы басқа да ономастикалық қала атаулы – эргонимдер туындаған. Олар орыс тiлiнен және орыс тiлi арқылы өзге тiлден енген терминдердiң баламалары ретiнде пайда болған зат есiмдер қатарын толықтырған:
Кофехана. Кофе, шай, сусын ішетін орын. Дін артықшылығына таласып кофехананы басына көшіріп, дулап-шулап отырған жұрт, таластарын тастап, жым-жырт болды (Қ., 1913, №4). Келесі сөз – қазіргі қазақ тілінде кездесе қоймайтын поштахана сөзі: Былтыр Роман тұқымының 300 жыл патшалық тойы құрметіне шыққан патшалардың суреті бар жаңа маркаларды поштаханалар 1914-нші жыл 31-нші декабрге шейін ғана қабыл етеді, келер жаңа жылдан бастап бұл маркалар жүрмейді, қалады (Қ., 1914, №54. Пошта ығлианы).
Аптека: дәріхана. Дәрі сататын магазиндерде, дәріханаларда (аптекалар) жақсы тамыр дәрілер уақтап, кесулі болады (Қазақ, 1913, №13, Тамыр дәрі хақында). – Шы (- шi) жұрнағы – қазақ тілінде аса өнiмдi әрi -кер, -гер жұрнақтарына синонимдес жұрнақ саналады. -Шы, -шi жұрнақтарының зат есiмге жалғануы нәтижесiнде зат есімдер және сын есiмдер туындайды. «Қазақ» газетінде -шы, -ші арқылы туындаған сөздер қазіргі қолданыстағы мағынасынан бөлек сөздер болып келуімен ерекшеленеді: Кітапшы. Кітап сатумен айналысатындар. Белгілі кітапшыларда сатылады, «Қазақ» басқармасынан алдыруға да болады (Қазақ, 1914, №54. «Бақытсыз Жамал»).
Думаншы. Бұл сөз «Орфографиялық сөздікте» (2013) қамтылмаған, бірақ думаншыл деген сөз бар (220 б.). Газеттегі мағынасы контекске қарағанда жай ғана сайқымазақ адам немесе сауықшыл дегеннен гөрі білімді, білері мол адам дегенге саяды: Сонан соң жанында отырған кеменің думаншысына қарап: «Мынау менен гөрі оқымысты еді. Бұл дұрыстап түсіндірер» дейді (Қазақ, 1913, №3); Хабаршы. Журналист, газет тілшісі мағынасында. Түріктер туралы ылғи өтірік хабарлар жазып тұрғандықтан франсуз, ағылшын газеталарының хабаршыларын Түркия хүкіметі Стамбұлдан қуып жіберіпті (Қазақ, 1913, №3). Хабаршы сөзінің мағынасы ескі (жақсы немесе суыт хабарды жеткізуші) деген мағынадан гөрі, газете терминдік мәнмен қолданылған.
«Қазақ» газетіндегі -лық, -лік жұрнағы арқылы туындаған сөздер қазіргі кезде көп қолданыла бермейтін, тіпті кейбірі кездесе қоймайтын сөздер:
Бүлгіндік. Қиыншылық, бүлінушілік. Отаны бүлгіндікке түскенде төсекте жай жатуға жаны шыдамаған ғой (Қ., 1913, №3);
Бөлімтік. Бөлім. Ақсақалдар алысқа да шабуылдап жүрді емес пе, бұ да сол жұмыстың бір бөлімтігі емес пе? (Қ., №200, 1916, Орынбор, 8-нші октябрь).
Құбылалық. Жаңа ғаскер қосып, күшін молайтып, Двинск өлкесіндегі ғаскерімен қанаттасып барып, Риганың күн шығыс пен құбылалық тұсынан айналып алдын орамақ (Қ., 1915, №153,15 октябрь);
«Қазақ» газетіндегі -шылық жұрнақпен туындаған сөздердің дәл сол күйінде «Орфографиялық сөздікте» (2013, 286 б.) тіркелмегені бар, залым сөзінен -дық жұрнағы арқылы «залымдық» сөзі туындағаны көрсетілген, «Қазақ» газетіндегі залымшылық сөзі сондықтан да ерекше көңіл аудартады: Америка халқы араларында мұндай залымшылық болғанға һәм оның жұртқа паш болғанына қатты ұйалған (Қ., 1913, №9. Құлдар досты).
– Мен қосымшасы: Өлермен. Өлімге кесілген адам. Кісі өлтірген құнсыз жамандық деп, өлерменге жаза кеседі (Қ., 1914, №45. Тозған ресім азап).
– Кер қосымшасы: Үміткер: Балалардың ата-аналары да, елі-жұрты да олардан үміткер (Қ., 1913, №12. Көрген-білген). Үміткер сөзінің құрамындағы –кер осы сөз құрамында сөз тудыру емес, форма тудыру қызметін атқарып тұр, үмітті болмаса үміт күтеді деген күрделі етістігімен мағынасы бірдей.
Талапкер. Ат жарысына, бәйгеге қатысушы. Талапкерлердің бұл есінде болсын (Қ., №110). Сөз тудырып тұрған -кер қосымшасы арқылы жасалған талапкер сөзінің мағынасы қазіргі кездегі абитуриент сөзінің баламасынан алшақ та емес.
كهرﭔـک اغرازاج (жазарға кирек) – жазу керек сияқты модаль сөзбен келетін тұйық етістік формасының орнына көбінесе жазарға, айтарға, көруге керек сияқты құрылымы басқа грамматикалық ерекшелікпен келеді.
«Қазақ» газетіндегі аударма арқылы жасалған қолданыстар, атаулар. Аударма мәселесі кеше де, бүгін де, тіпті болашақта да маңызын жоғалтпайды. Ол – заман тудырып отырған ділгерлік, жаһандану әсері. ХХ ғасыр басында да жаһандану әсері қатты сезіліп, сол жылдары аударманың қажеттелігі артқан. Оқу, білім дамуына байланысты ұғым мен түсініктің тереңдеуі, ғылым мен техникалық жаңалықтардың ел өміріне енуі, экономикалық, саяси өзгерістердің етек алуы аударманы үнемі қажет еткен. Осыдан келіп газетте сөздердің баламасын табуға деген айрықша талпыныстар жасалған. Осындай талпыныстардан кейін күні бүгінге дейін қолайлы, ұғымды, түсінікті беруде ыңғайлы, дәл аудармалар дүниеге келгенін атап өту парыз. Газетте қолданыс тапқан сөздер қазірде де айналымнан түспеген, керісінше, аса ұтымды баламалар ретінде бағаланады.
Аудармалар калькалау тәсілімен де, аналитикалық немесе түсіндірме жолмен де жасалған. Жаңа сөз, яки аударма жазылған соң жақша ішінде кірме сөздің өзі берілген: Аптека: дәріхана. Дәрі сататын магазиндерде, дәріханаларда (аптекалар) жақсы тамыр дәрілер уақтап, кесулі болады (Қ., 1913, №13, Тамыр дәрі хақында); Үлес (надел). Ақмола, Торғай һәм Оралда 15 десиатинадан ер басына надел (үлес) алған, кабинеттен жер алған қазақ қала салсақ, мұжықша біз де солдат береміз деп қорқады (Қ., 1913, №13, Қазақтан солдат ала ма?); Тоқыма сандықша: кәрзенке. Кісі басына алып жүретін нәрселер мынау: бір байлам төсек-орын, шапан-жақыт, бір шамадан ішкі киім, дастарқан, орамал, уақ түйек үшін бір тоқыма сандықша (кәрзенке) (Қ., 1913, №23. Хақ жолы);
Миссионер: христиан дініне азғырушылар. Камисиеде қазақтар Миссионер (христиан дініне азғырушылар) болмаса екен (Қ., 1913, №13. Қазақ керегі). Соғыс ауруханасы. Әскери госпиталь. Бұл кешке жиылған ақша Петроградта Росиа мұсылманы атынан ашылған соғыс ауруханасы һәм мүқтаж оқушы қазақ жастары пайдасына берілмекші еді (Қ., №110. Семейден (Қазақша әдебиат кеші).
Көптеген емле ерекшеліктері газеттің барлық нөмірлеріне, әр бетіне бастан-аяқ тән деуге болады:
Ы – жазылған жерлерде бұл дыбыс кейде «ы», кейде «и» деп оқылады, көбінесе сөздің соңында ай, ей буыны немесе «и» дыбысы келуге тиісті жерлерде аы буыны, еі буыны келген немесе «и» орнына «ы» жазылған (егер сөз жуан болса), «і» жазылған (егер сөз жіңішке болса). ى – әрпі араб тілінде «и»-ді таңбалайды. Ал, газетте бұл таңба «и» және «ы» орнында қолданылады. Сондықтан газетте «ы»-ның да, «и»-дің де қызметін атқарған. Бірақ, аы жазылса да, оқығанда – ай; еі жазылса да – ей деп оқылады. Бұл жердегі біздің мақсатымыз – дыбысқа берілген таңба (ы-ға берілген) оқуда и – болып дыбысталатынына назар аударту. Қалай жазылып тұрса, солай кирилшеге көшіру мақсаты көзделгендіктен, жоғарыдағы мәтінде түпнұсқалық жазылу тұрпаты толық сақталды. Мысалы, «ىاغون» ноғаы (соңында әліпбидегі «ы» жазылған, «й» деп оқылады), «ىادقازاق» (қазақдаы) («ى» сөз соңында (ы) жазылады, бірақ й деп оқылады), «ىاج» (жаы) (ы жазылған, й деп оқылады), «ىآ» (аы) (ы жазылады, бірақ й) болып оқылады. Газетте қолданған төте жазуда да қазіргі төтедегідей (ҚХР-дағы қазақтардың төтесі) қысқа «й», ұзын «и» деген жоқ, қазіргі төтеде и/й-ға бір ғана таңба арналған, яғни бір «и» танылады және ол екі и/й-дің де орнына жүреді.
Газетте «и» әрпі үнемі дауыссыз дыбыстан соң, дұрысында айтылуға сәйкес «ы», «і» жазылатын жерлерде жазылған: «قلچقازاق» (ы болып оқылады), «انيناف» (қанына) т.б.
Екі нүкте тігінен әріп астына қойылған таңба (ٻ) е-ні таңбалаған және, негізінен, 1-буында және 2-буында жазылған: Гретсиа, келсек, екен, неміс, бер, кем, мен, т.б. Ал, екінші буыннан бастап е дыбысы қазіргі төтедегі е-ге ұқсас (ە) «е» таңбасымен анық таңбаланған. Бірақ, кейде екінші буында да алдыңғы бірінші буындағы (ٻ) таңбасы жазылатын жерлер бар, мысалы, газетасында, т.б. сөздер дәлел болады. Айта кету керек, алдында көрсетілген ескі төтедегі (ٻ) е-нің таңбасы қазіргі төтедегі и таңбасына сәйкес келеді. Ал бұл таңба қазіргі төте жазуда сөздің барлық буынында жазылады, екі и/й-дің орнында қолданылғанда да бір таңбамен таңбаланады. Қазіргі төте жазудағы (ە) «е» таңбасы ескі төте жазуындағы сөздің екінші, үшінші буындарында жазылатын е таңбасымен бірдей. Мысалы: ىەدنەكسەلۇا (үлескендей), т.б.
Ескі төтедегі «ي» и таңбасы (әріп таңбаның астына екі нүкте көлденеңінен орналасқан) кейде ы-ны: «انيناف» (қанына), кейде: и-ды: Рұмыниаға (бір сөз құрамында келгенде әрі ы-ны, әрі и-ды) таңбалауда қолданылған; сол сияқты і-нің орнына: көрінеді, стеуінен; кейде й-ді таңбалайды: «ىاغون» (ноғай), т.б. Сонда бір ғана таңба «ي» төрт дыбысты таңбалап ерекшеленген және мағына айырушылық қызметті де атқарған. Және де осы «ي» и таңбасы екі рет қайталанып жазылғанда иі-буынын берген: тиис немесе қазіргіше айтқанда тійіс. «ي» – «и» дыбысы «ы» және «і» дыбыстары келетін барлық позицияларда емес, көбінесе грамматикалық формаларды жазғанда (онда да барлық грамматикалық қосымшаларды таңбалағанда емес) қолданылған, келтірілген мысалдарда көбінесе тәуелділіктің 3-жағын білдіретін кезде жазылғаны байқалды: «ەنيروت» (төріне), «نەنيسلجام» (мажлсинен), т.б.
«Оқу-құралдағы» сөз жазылуына байланысты 6-ншы ережеде и/й-дің жазылуы туралы: «Шолақ «й» дауысты дыбыстардың ғана соңында я алдында естіледі. Сондықтан, дауысты дыбыстардан соң жазылған «и» бүтін «и» емес, шолақ «й» болады. Мәселен, тай, қойлар, құймақ, кій деген сездердегі «й»-лер. Бұл ережеге теріс сияқты көрінер «и» жазылмайтын бас буындар. Мәселен, «қыйсық» деген сөзде шолақ «й» дауыссыз «қ»-ның соңынан келіп тұр. Олай болғаны бас буында бүтін «и» жазылмағандықтан. Бас буыннан басқа орындарда «и» ұзын естілген жерлерге екі «и» жазылады, тіпті ұзын естілген орындарға үш «и» жазылады. «Ы» бас буыннан басқа жерде шолақ «й»-дің алдында бір буынның ішінде келсе, бітеу болса да, қалмай жазылады» делінген. Талдау барысында осы дыбыстың жазылуына байланысты басқа да ерекшеліктер көрсетілді деп ойлаймыз.
Ал, «ы», «і» дыбыстары түбір сөздерде анық естілсе де, құмығыңқы естілсе де жазылмаған. Ол келтірілген мысалдардан да байқалады: «ىدلچﭕچ» (чечлді), «براغچ» (чғарыб), «ىكچا» (чкі), «بڭسٴ» (сіңіб), «قلاب» (балқ), т.б. Сөздің ең соңында үнемі жазылған: «ىسەلئسم» (мселесі). Бірақ, сөз соңында тұйық буын құрамында келгенде және сөз соңындағы грамматикалық қосымшалар құрамында «ы» жазылмаған: «ڭنيرادناملسم» (мслмандарынң), т.б. «Ы» дыбысы кірме сөздерде сөздің абсолют соңында жазылған, бірақ кейде «ы» емес, «и» деп оқылған, мысалы: ى (мүфти). Негізінде сөз соңында бұл таңба әліпбиде белгіленген дыбысқа сәйкес жуан болса «ы», жіңішке болса «і» деп оқылады: «ىسەلئسم» (мселесі). Бірінші буында, кейде екінші буында да «е» басқа таңбамен. Мысалы, «سەمﭔا» (емес сөзінде) екі нүкте әріп астына тігінен орналасқан (ٻ) күйде берілген, бірақ кейде екінші буыннан бастап әрі қарайғы үшінші буындағы «е» таңбасы қазіргі төтедегі «е»-мен (ە) бірдей таңбаланып отырған. Мысалы, «سەمﭔا» (емес) сөзінде бірінші буында «е» (ٻ) осы таңбамен таңбаланса, кейінгі буындарда ە-мен таңбаланған, «ىەدنەكسەلۇا» (үлескендей) сөзіндегі 2, 3 буындардағы екі е де, қазіргі төтедегі «е»-мен ( ە) бірдей. Бірақ, бірінші буын тұйық, бітеу буындар болса, «е» таңбасы басқа, шағатайлық таңба қалпын ٻ сақтаған.
Ы, і-нің жазылуы газетте аса күрмеулі мәселеге жатады. Бұл дыбыстың жазылуы туралы «Тіл-құралда» 5-нші ереже берілген: «Ы» харфі бас буында һәм барша бітеу буында жазылмайды. Ашық буында қалмай жазылды. Мәселен: «мысық» жазылады «ы»-сыз «мсқ» قسم болып «мысығына» деген сөзде «ы» қалмай «мысығына» болып жазылады. Үйткені: «мы-сық» деген сөзде екі буын, бір буын «мы», екінші буын «сық», «мы» буынға -«ы» жазбаймыз бас буын болғандықтан, «сық» буынға «ы» жазбаймыз бітеу буын болғандықтан, сүйткен соң «мысық» قسيم болып жазылмай, «мсқ» قسم ғана болып жазылады «мысығына» деген сөзді буынға бөліп, харіфтерін түгел жазсақ, мәселен, «мы-сы-ғы-на» деп төрт буын болады. Бас буынға «ы» жазбаймыз: басқа «сы», «ғы» буындарға жазамыз, үйткені бұлар ашық буындар».
Газетте қазақ сөздерінде қазіргі «у» жазылатын жерлерде тек «ۇۇ» («ұұ») жазылған, екінші немесе үшінші буында осы жағдай сақталған. Мысалы, (ұұ жазылған, у (ұу) болып оқылады), «ادنزۇآ» (аұзнда) (ұ әрпі у болып оқылады), «ұ» дыбысына байланысты жағдай «ү»-ге де қатысты: «تەمۇەلآ» алеүмет (у болып оқылады).
К-мен келген сөздер жіңішке оқылып, айтылатын болғандықтан, «к» бар жерде дәйекші қойылмаған: «ﻰسيچنكٻا» (екнчисі), т.б. Бірақ, қазіргі кезде бейүндес сөздер деп аталып жүрген тұздыкі/тұздікі сияқты сөздердің алдына дәйекше қойылып отырған. «ﻰندم» («мдны»), «ىناحور» («роханы») сөздері (сөз соңында ы жазылып) и деп оқылған, себебі қазақ тілінде «ы» жаңа сөз тудырушы жұрнақ емес, «и» арқылы бір заттың екінші бір затқа, нәрсеге тәндік мағынасы туындайды;
«Ф» әрпі кірме сөздерде, оның ішінде діни ұғымды білдіретін сөздерде де кездеседі, ауызекі тілде «п» айтылғанмен, жазба дәстүр әсері қашанда күшті болатындықтан, сөз басында кірме сөздерде «ф» жазылады: «ىركف» (фкр), «ادياف» (файда). Ф араб сөздерінде сөздің барлық позициясында кездеседі, ал орыс сөздерінде «ов», «ев» келетін жерде «оф», «еф» деп жазылған (тек көрсетілген мақала емес, басқа мақалаларда да сондай). Орыс, татар фамилиялары соңында «в» жазылатын жерде «ф» жазылған: «فوديزياب» (Баизидоф); жіңішке айтылуы тиіс сөздердің алдына дәйекше «ء» қойылған, мысалы, «رب» (бр) (дәйекшімен), «ىرب نرب» (брн брі), «ىلت» (тлі) (сөздердің алдында да дәйекші қойылған), «بڭس» (сіңіб) – сөз басында дәйекші бар, «نچۇا» (үчн) сөзінде «ұ»-ның үстіне дәйекші қойылғандықтан, жіңішке «ү» болып оқылады; «Ш» жазылатын жерлерде қазақ сөздерінде «چ» «ч», «ش» кейде әредік жазылған: «ىدلچﭕچ» (чечлді), «براغچ» (чғарыб), «قلچقازاق» (қазақчлқ); «ч»-мен келетін кірме сөздердің жазу үлгісі кездеседі: Шума деген бек жаман ауру (Қ.,1913,№5,9-март). «Ш» жазылатын жерлерде «ч» жазылғаны «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі»-нің факсимилесі кітаптың 19-бетінде берілген, кирилл нұсқасының 24-бетінде: «Қатаң дауыссыздар: б, п, т, ч, д, с, ғ, қ, к, г» делінген. Осы әріптердің ішінде «ш» таңбасы аталмайды. Бұл – 1925 жылғы әліпби, жазу үлгісі. «Қазақ» газетінде нақ осылай жазу үлгісі болған. Бірақ, соңғы жылдардағы басылымдар Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиін әртүрлі тану, оқу орын ала бастағанын байқатады. Факсимилеге бағынған дұрыс. Қазіргі кезде «ү», «у» жазылатын жерлерде кірме сөздерде «о» жазылған: «تموكح» (хкомт), «ﻰناحور» (роханы). Бұл туралы (жазу қағидаларында) Ахмет Байтұрсынұлы: «О» дыбысы сөздің бас буынында ғана естіледі. Басқа буындарында һәм дауысты дыбыстардан соң қазақ сөзінде һеш орында естілмейді, сондықтан бас буыннан басқа орында яки дауысты дыбыстан соң و (о) жазылса, ۇ (ү) қылып оқу тиіс» деген ереже береді. Кейіннен тілімізге сіңіп кеткен рухани, хүкімет сөздерінің осы түрде жазылуы және айтылуы аталмыш ережеге сүйенуден туған сынды.
Ии немесе (ий) жазылған сөздерді «يي» иы/йы деп, кейде «يي» ии деп жазылғанды ый/ій деп те оқуға тура келеді: «زمييوا» (оиимз) (қазіргі емле бойынша – ойымыз). Газетте үнемі «ы», «і» түсіріліп жазылатынын ескергенде, «يي» «ии» сөздің жуан не жіңішке болуына қарай «иі» немесе «иы»-ны, грамматикалық форманы жеткізген. Сонда аталған «زمييوا» сөз ойымз болып оқылады. Сөз соңында «ы» («і» де) анық жазылады. Бірақ, газетте 2-буында, сөз ортасында анық естілсе де, «ы», «і» жазылмайды, ал «і» тек грамматикалық формаларды білдіргенде сөздің ең соңында жазылады, қалған позицияларда (оның ішінде соңғы буын құрамында да) жазылмайды, мысалы: «زبء» (бз), «ڭدزبٴ» (бздң).
«І»-нің жазылуына қатысты емлелік, таңбалық ерекшелік «ы» дыбысына да қатысты болып келеді.
Ы, і жазылмайтын, яғни түсірілген сөздердің кейбірі кирилге түсіріліп келтірілді: айб – айып, әдлдк – әділдік, әдлсздк – әділсіздік, барасн – барасың, берерсн – берерсің, бр – бір, бтм – бітім, блтр – былтыр, гүлсн – гүлсің, ғмр – ғұмыр, ксі – кісі, қачб – қашып, қалңмал – қалыңмал, қз – қыз, қзл – қызыл, қрқ – қырық, құрғрсн – құрғырсың, момн – момын, мслмн – мұсылман, мна – мына, мрза – мырза, орс – орыс, отрсн– отырсың, соқрсн – соқырсың, сн – ісін, тоғз – тоғыз, т.б. Ал, рзқ – рызық деп те, ризық деп те, алдына ы келтіріп, ырзық деп те оқуға болады. Әрине, сөз басында «ы» жазылатын жерлерде осы әріптің түсіріліп жазылатынын ескергенде, ырзық (сн – ісін деген сияқты) деп оқу дұрыс. «ڭدزبٴىسەلئسم كل ىتفم ىسوا» (Осы мфтлк мсилесі бздң) деген фразада «і» сөз соңында, соңғы буында ғана жазылады, қалған позицияларда жазылмайды.
Етістіктің жедел өткен шағы ұяң дыбыстан ғана басталып жазылады, сөз түбірінің қандай дыбысқа аяқталғаны маңызды емес: «ىدسﭔد» (десді), «ىدقاق» (қақды), «ىدنواٴ» (өнді). Дауысты дыбыстар барлық позицияда да жазылады деу – шындыққа сай болмайды. Дауысты дыбыстардың жазылуы – газет емлесіндегі күрделі мәселе. Өйткені, кейде сөз басында, кейде бірінші буында, кейде екінші буында да түсіріліп жазылады немесе жазылмайды. Мысалы, «ىرلالام» (мллалары – моллалары). Ал, дауысты «ү», «ұ» естілетін жерлерде де аталған әріптер түсірілген: «ىتفم» (мфти), «كل ىتفم» (мфтилк), «ڭنيرادناملسم» (мслмандарынң), «تموكح» (хкомт), т.б.; «ۇ» («ұ») әрпі – «ұу» дыбысының қызметін атқарған және осы дыбысты жеткізуде қосарлап берілген. «ۇۇ» («ұұ») – «ұу», жіңішке буындарда «үу» орнына да жүрген, алғашқы кезде ескі жазудағыдай «у» жартылай дауысты саналған. Тағы бір ескеретін мәселе, екі «ۇۇ» («ұұ») келген жерлерді кейде «уы» түрінде, «ұу» ы (ы жазылмайтындықтан, түсірілетіндіктен) деп оқуға тура келеді, мысалы, «بۇۇق» (құұб) (ұұ жазылғанда кейде уы түрінде, кейде ұуы болады деуіміздің себебі осында). «نرلايچۇۇزاج» (жазұұчиларн) – бұл жерде «ұұ» – «ұу» деп оқылады). Соған қарағанда «ұу» қосар (дифтонг) дыбыстардың жазылуы біртекті болғанмен, оқылуы әртүрлі болған: «ىادناغراغچ بۇۇق» «құұб чғарғандай» («ұу» келетін жерде екі ұұ) түрінде жазылған: қлұұға трысұұда, оқұұчыларимзға, тұұрасындағы, созлұұ, қасарұұда, т.б. Яғни, «ۇۇ» (ұұ) қосар дыбысы «ұұ», немесе «ұу», болмаса «ұы» («بۇۇق») орнына жазылған, әртүрлі оқылған (мысалы, созлұұ қасарұұда – созылу, қасару деп оқу). Созлұұ – сөзінің құрамындағы «ы» келуі тиіс орында «ы» жазылмағандықтан, сөйлемдегі ой жүйесіне қарай дұрыс оқылғанда «созылуы» болады. Кейбір жүйесіздік грамматикалық қосымшалардың да сөз түбірінің де жазылуынан көрінеді. Ал, «ۇۇ» (ұұ) – сөз ішінде қатар келгенде буын жуан болса, «ұу» деп, ал жіңішке болса, яғни г,к дыбыстары бар жіңішке айтылатын сөздерде «үу» деп оқылған. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы 3-нші ережеде: «у» қысқа айтылатын дыбыс, «у» ұзын естілсе, ол жерде екі «у» болғандықтан, оның алдыңғысы бүтін «у», соңғысы жарты «у» – шолақ «у», «у» ұзын естілетін жерге екі «у» жазу тиіс. Мысалы: тұмсық, тұра, тұура, сұлұу, суу деп, жазылуға байланысты ереже ұсынады. Газеттегі ұ,у дыбыстарының жазылуына байланысты барлық ерекшелік ережеде айтылмаған, біз көзіміз жеткен жерлерін толығырақ жеткізуге тырыстық.
Сөз соңында «п» естілетін немесе -ып, -іп, -п өткен шақ көсемше жұрнағы жазылатын жерлерде тек қана ұяң «б» жазылады: (болыб), «براغچ» (чғарб), « بسادلجاب» (бажлдасб), «بۇۇق» (құұб). Сөз басында «и», «і», «ы» жазылмаған. Бұл квазиәліпби белгілерінің біріне жатады: «ماما» (мам), «ىكچا» (чкі), «سا» (с), «اقامتنا (нтмақ). Дауысты дыбыстар жазылмаса да, оқығанда имам, ічкі, іс, ынтымақ деп оқу керек.
«У» және «в» әріптеріне бірдей таңба арналған: у – «ﯟ», в – «ﯟ». Екеуі де орыс тілінен енген сөздерде жазылады, мысалы, ауғост, духовни, т.б. Орыс және басқа шетелдік сөздер құрамында «у» таңбасы бар және «у» таңбасы кирилше әрі «в», әрі «у» дыбысын таңбалауда пайдаланылған. Мысалы, (اپورﯟﭔا) – Европа немесе Еуропа. Оқу барысында бір дыбысқа басымдық берген. Бірақ, 1913-1915 жылдардағы бірнеше нөмірден қазір кейбір зерттеушілер жазып жүргендей, «Аурупа» түрінде жазылған сөз кездеспеді. Бұл арада қателестіріп тұрған сөздің нақ басында көлбеу (әліп немесе сүйеу таяқ аталатын) сызықшаның (اپورﯟﭔا) а таңбасына ұқсастығында (бірақ төбесінде көлденең сызығы (мадд) жоқ) әрі басқа да дауысты дыбыстардың алдынан осы таңбаның жазылуында болса керек. Бірақ, осы тік сызық барлық уақытта жазыла да бермеген, яғни тұрақты әрі міндетті болмаған сынды, содан әртүрлі оқу қалыптасқан.
Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз жазуының жалпы ережелерінде»: «Сөз басында «أ» дыбысы жоқ жерде ا харфі тұрса, ол басқа дауысты дыбысқа сүйеу үшін қойылған таяқ есебінде қойылса да айтылмайды» деген ескерту барын еске саламыз.
Газетте қазақ сөздерінің құрамында «у» таңбасы жазылмаған, тек «у» айтылады-ау деген жерлерде оқырман өзі «ұұ»-ны «ұу» деп оқи берген, т.б. Бұл таңбаның ерекшелігі алдыңғы тармақта айтылып кеткендіктен қайталанбайды.
х – шағатайлық خ – таңбасымен жазылған. Мысалы, ااصخ кейінгі жылдары, атап айтқанда, 1923 жылдан бастап, аталған таңбаның خ үстіндегі ноқаты алынып, ноқатсыз таңбалана бастаған. Ахонды «ىدنوحآ», роханилар (رلا ىناحور) сөздерінде سغوس (соғыс) сөзіндегідей тек «و» («о») жазылған және оны қазіргі заманға сәйкестендіріп, «ұ» болмаса «у» қойып оқу дұрыс болмас еді. Өйткені, «о» анық таңбаланған, «у» деп оқу мүмкін емес. Газетте «у» тек кірме сөздерде ғана жазылған әрі жеке (бөлек) таңбамен берілген.
Емленің қалыптанбауы емле ережелерінің сол кез үшін ресми бекітілмеуімен байланысты қалыпты жағдай еді. Мысалы, шылаулардың жазылуында бірізділік жоқ: бзде (Бұған бзде мойындар едк) «كدﭔا رادنيوم هدزب ناغۇب» (дұрысы біз де) деген сөйлемде бірге жазылып тұрса, енді бір жерде бөлек жазыла берген; септік жалғаулары кейде түбірмен, негізбен біріктіріліп, кейде бөлек жазылып берілген: чн тлің мен, т.б.; Көмекші етістіктер мен негізгі етістіктердің тіркесуінде, күрделі етістіктердің жазылуында бірізділік жоқ. Мысалы, «نتياملآ-ەلﭕك» (киле-алмайтн), «ساملآ-ەگيرب» (бріге-алмас).
Шет тілден енген сөздердің тұрқы, тұрпаты сол күйінде сақталып, қабылданып отырған тілдің нормасымен жазылуы басым, ал осы үлгі көп ретте орфограммалық қиындықтарға әкелген. Мысалы, «ىسەلئسم كل ىتفم» (мфтилік мселесі) тіркесімі келесі бір сөйлемде «ادنىسەلئسم» (мселеснда) болып қосымша жуан жалғанған. Мұның өзі осы сияқты сөздерді жазу, оларға қосымша жалғаудың қиындықпен тұрақтанатынын білдіреді. «ادنىسايند» (дниаснда), «ىندم» («мдны») (мдни) сынды сөздердің жазылуында сингармонизм заңы сақталмаған, себебі олар кірме сөздер. Әсіресе, «мадани» сөзінің жазылуы қазіргі мәдениден бөлек.
Газетте сүйеу таяқша немесе әліп деп аталатын таяқша, сөздің абсолют басында әртүрлі жағдайда қойылады. Мысалы: ەنيسا (ісіне), اقامتنا (нтмақ). Бұл арада әліп белгісінің тұруы сөз басында дауысты дыбыстың барын білдіреді, бірақ дауысты дыбыстың өзі жазылмайды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз жазуының жалпы ережелерінде»: «Сөз басында «أ» дыбысы жоқ жерде ا харфі тұрса, ол басқа дауысты дыбысқа сүйеу үшін қойылған таяқ есебінде қойылса да айтылмайды [31, 14 б.] деген ескерту бар. Әліп таяқшасы сөздің абсолют басында дауысты дыбыстардың алдынан келеді және бұл ретте дауысты дыбыстардың өзі де жазылады: «ىەدنەكسەلۇا» (үлескендей), «نەكتوا» (өткен), «ىدەلوا» (өледі), «نەدچنكوا» (өкншден), «نچۇاٴ» (үчн). «وا» ,«ۇا» таңбаларының қосарланып келуі ескі жазу үлгісіне сай әліп пен кейбір дауысты дыбыстардың тіркесіп келіп, бір дыбысты таңбалауын көрсетеді. Бұл ескі (қадым, шағатай) жазуының заңдылығы. Осылайша, таңбалану газет шығып тұрған жылдардағы барлық нөмірлерге тән.
1913-1918 жылдар аралығындағы газет нөмірлерінде шағатайдан алынып, өзгеріссіз жазылған бірнеше таңбалар мен сөздер бар. Ол сөздерді жазуда ескі жазу үлгісі толық сақталған, тұтас сөз өзгеріссіз, сол күйінде жаңа жазуға көшірілген: مه (һәм), اﻄخ (хата), «تصخر» (рхмт немесе қазіргі кездегі – рахмет, рахымет), т.б.
«ڭن هرﺠش» «Шежре»-нің сияқты тырнақшаға алынған кітап, шығарма атауларына қосымша жалғанғанда дефиссіз болады және қосымша тырнақша сыртына жазылған. Ал, біреуді әлдебір адамға, затқа, т.б. теңегенде теңеу тырнақшаға алынып жазылады, мысалы: ناغاتقام قترآ ،كهسﯦد «ینزيماراک» ڭدقازاق یدلاقاسقآ ادارۇۇت لۇب – Бұл турада ақсақалды қазақдың «Карамзині» десек, артқ мақтаған болмасбз.
Сандарға қосымша жалғанғанда дефис қойылмай жазылады: 50-нші (یچن 50, 2یچن) т.б. Дауысты дыбыстар мүлде жазылмайтын сөздер де, тиісті әріптер түгел жазылатын сөздер де бар: «یدلايسوق» (қосылады). Бірақ, негізінен дауысты дыбыстар толық жазылмайды. Араб, парсы тілдерінен енген сөздердің оқылуы мен жазылуы, оларға қосымша жалғау үлгісі, мысалы: «هدبتﮑم» – мктбде түрде болады.
Қазіргі кезде я жазылатын орында иа жазылған: «تقايس» (сиақты), т.б. 1926 жылғы Түркологиялық съездегі «Әліпби айтысынан» кейін көп жылдар бойы қазақтың рухани өмірінде ерекше рөл атқарған «Ахмет Байтұрсынов алфавиті» қоғам өмірінен ығыстырыла бастады. Себебі, КСРО-ның саяси жүйесі әлем қолданып жүрген алфавитке, яғни латынға көшуді міндеттеді. Әліпби айтысы тұсында Байтұрсынұлын жақтаушылар азшылық болып қалды. Жақтағандар көп болған күннің өзінде саяси жүйенің мақсаты бөлек, көздегені басқа болғандықтан, оның графикасының тағдыры шешіліп қойылған еді. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті президиумы мен халық Комиссарлар кеңесінің «Жаңа алфавит туралы» қаулысы шықты. Бұл әліпбиде 29 әріп болды. Осыдан сәл кейінірек, 1929 жылдан бастап, КСРО территориясында араб алфавитін қолдануды мүлдем тоқтату туралы Совет өкіметінің жарлығы күшіне енді. Өйткені, араб алфавиті КСРО-ның өзге республикаларынан мұсылман республикаларын бөліп тастайды деген қауіп бас көтерген еді. Осы жылдардан Ахмет Байтұрсынұлының басына қауіп төнді, оның оқытушылық-ағартушылық қызметі де тоқтады, нағыз қуғындау басталды.
Бағдан МОМЫНОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Грамматика бөлімінің меңгерушісі